Ақпарат

Пьеса іздеген «заврайоно»

Қаралды: 985

Жуырда маған бір азамат телефон шалып, өзін Мақтаарал аудандық білім бөлімінің бастығы Лесхан Қойлыбаевпын деп таныстырды. 

Ол кісіге мектепке арналған пьеса керек екен. Таңқалдым. Сосын Жетісай драма театрының директоры Бақыт Срайыловпен хабарласып, мән-жайды білгім келді.

«Ол кісінің жаңа қызметке келді дегеніне 20 күн болып қалған, – дейді Лекең. – Бұған дейінгі білім басшылары есігімізді ашпаған соң анау айтты мән бермеген едім. Шеберханада эскиз салып отырғанымда келді, таныстық. Жұмысты театрдан бастағысы келетінін айтты. Алғашында сенбедім. Сөзінде тұрып, мұғалімдерін театрға, спектакль көруге  жұмылдырды. Қалыптасқан «билет апарып тастау» әдетін тиып, мұғалімдердің өзі кассаға келіп алатын деңгейге жеткізді. Болашақта бірігіп атқаратын үлкен жоспарларымыз бар. Жұмысқа өте мазасыз жан екен. Айтты, бітті, жүзеге асырмай тыным таппайды».

...Біз сәті түсіп, Лесхан Қойлыбаев мырзамен Шымқалада жолықтық. Алдын-ала келіскен уәде бойынша, екі томдық пьесаларымның жинағын ала шыққанмын. Себелей жауған жаңбырмен жағаласып, қолшатырдың астында болашақ жоспарды талқыладық.

«Менің басты қаруым – театрым бар. Ең алдымен ұстаздарды өнер мен мәдениетке үйретуім керек. Ұстаздар меңгерсе, оқушыдан талап ету жеңілге түседі. Оқушыдан тәртіп пен білімділікті талап ету үшін алдымен ұстаздың білімі мен мәдениеті биік болуы керек. Тіптен киіне білу мәдениетінің бала алдында атқаратын ролі бар. Оқушы ұстазға қарап бой түзейді. Ұлтының тарихын, қоғамның жанды қақтығыстарын театр сахнасынан көріп, өресін тереңдетуді қолға алып жатырмын. Маған мектеп, ұстаз бен оқушылар, ұстаздардың өздерінің арасындағы қарым-қатынастар жайында өнегелі пьеса керек», – деді ол.

Білімнің серіктес қанаты – өнер мен мәдениет екенін дөп басып, жеткізуге, жүзеге асыруға жанын салып жүрген білім басшысына қалайша таңданбас­қа?! Тұңғыш рет мені білім басшысы іздеп келгеніне қуандым. Пьесам үшін емес, мәдениетті өнерден іздеген білім басшысының барлығына қуандым.

С.ҚАСЫМБЕК, драматург.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру