Ақпарат

Сиырдың қатпаршағы «бизнес көзіне» айналған ба?

Қаралды: 2015

Таяуда ел ішінен біреулердің сиырдың қарынын жиып жүргені  жайында естідік. «Бір қарынды 8 мың теңгеге қабылдайды екен», – дейді бір азамат. 

«Оны кімдер алады, қайда өткізеді екен?» – деген сұрағымызға жөнді жауап таппадық. Сосын бұл жөнінде  іздестіріп-сұрастыра бастадық.

Шымкенттегі Қырғы базар төңірегі мен «Қатынкөпір» аумағында тұрып тері қабылдайтындардан сұрастырғанымызда олар бұдан бейхабар болып шықты, мұндайды бірінші мәрте бізден естіп тұрғандарын айтып таңырқасты. Бұдан кейін қала орталығындағы «Қырғы базардың» ет павильонында тұрғандарға бардық. Мұнда да көп адам одан хабарсыз екен. Тек сиыр етін сататын азаматтардың біреуі ғана бұл мәселеден хабары барын білдірді. Ол бізге былай деді:

«Қабылдап жатқандары рас. Бірақ онымен кімнің, қалай айналысатынын білмедім. 800 теңгеден қабылдайды деп естігенмін. Бірақ бүтіндей қарынды емес, сиырдың қатпаршағын ғана. Біреуі 8000 теңгеге өтетін болса осындағы сиыр етін сататындардың бәрі қатпаршақ жинап кетер еді ғой. Естуімше, оны қытайлықтар алатын көрінеді. Одан қандай да бір дәрі жасайды екен деседі. Енді біреулер олар қатпаршақты асқа қолданады дейді.  Қатпаршақ жинайтын адамдар бар деп естігенмін, бірақ өздерін көрмедім. Бұл жерге келгенін де көрмеппін. Бірақ қатпаршақты 800 теңгеден қабылдайды деген сөз рас, оны ел ішінен естіп қалып жатамыз. Бірақ өз басым қатпаршақ өткізген емеспін».

Біздің әзірге бар білгеніміз осы болып тұр. Қысқасы, сиыр қатпаршағын жинап жүргендер кімдер, олар оны қайда апарып өткізеді, ал қабылдаушылар оны қандай іске жаратады деген сұрақтарымызға жауап таппадық.

Ал енді Зеңгі баба тұқымының асқазаны туралы айтар болсақ...

Сиырдың асқазаны «месқарын», «жұмыршақ», «қатпаршақ», «ұлтабар» деп аталатын төрт бөліктен тұрады. Олардың әрқайсысының өз атқаратын қызметі бар. Бірі қатты азықты сақтап, уатса, екіншісінде ол сұйыққа қосылып өңделеді, үшіншісі оны қабылдап, біраз араластырғасын кері тебеді, сиыр күйсеп, оны сіңіруге дайындайды, сосын ол асқазанның соңғы бөлігіне жетіп, ферменттермен араласады да, азықтық заттар қан арқылы ағзаға сіңеді. Содан болар, сиыр жем-шөпті қарыны қампайғанша еркін жей береді. Соның арқасында бірнеше күндік азығын ішінде сақтай алады. Сөйте тұра жем-шөпті үсті-үстіне жей беруден тайынбайды, тіпті қарны жарылып кетерін сезбей қалатын кездері де болады. Неге екенін кім білген, бұл жануар кейде картон қағазды, шүберекті, полиэтилен қапшықты да жей салады. Әйтеуір асқазанының мығым екені белгілі. Соған қарағанда, оның қатпаршағының біз білмейтін бір кереметі де жоқ емес-ау деп түйдік.

Өйткені қытайлықтардың жануар өнімдерінен түрлі дәрі-дәрмектер жасайтыны қазір таңқалатын жай емес. Мысалы, осыдан біраз бұрын шетелдік ақпарат құралдарында Қытайдағы кейбір фирмалардың аю өтін өндірумен айналысатыны, аю өтінің көптеген ауруларға шипасы бары жөнінде жазылған болатын. Сонда осындай арнайы ферма адамдарының байғұс аюларды торға қамап, өт сұйығын тірідей, денесін ешбір наркозсыз тесіп сорып алатыны туралы баяндалған болатын. Мұндай донор-аюлардың кейбірі көп ұзамай-ақ сеспей қататыны, ал ең мықтыларының күн сайын дерлік «өт өткізіп», жылдар бойы азапты тіршілікті бастан кешетіні туралы жазыл­ған еді.

Соған қарағанда, бүгінде сиырдың қатпаршағы да бизнес көзіне айналып жатса, оған таңқала қоймайтын шығармыз.

Н. ӘБДІ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру