Универсиада – 2017: Алтын да бар, күміс те бар қоржында

06.02.2017
Қаралды: 930

Алматыдағы қысқы Универсиада ойындарының алғаш­қы төрт күнінде қазақстандық спортшылар 15 медаль ұтып алды. 

Бұдан бұрынғы Универсиадада 6 алтын, 5 күміс медальға қол жеткізген саңлақтарымыз бұл жолы жетістіктерін жаңартуда.

 Газетіміздің өткен нөмірінде Универсиадаға Оңтүстіктен 5 фрис­тайлшы спортшының аттанғанын хабарлағанбыз. Осы бес азаматтың үшеуі жарыстың жоғары жүлделеріне қол жеткізді. Жанбота Алдабергенова мен Бағлан Іңкәрбек фристайлдың «Аралас командалық акробатика» түрінен алтын медаль ұтып алды. Жібек Арапбаева акробатикадан күміс медаль, Жанбота Алдабергенова қола медаль иеленді.

Айта кетейік, Жанботаның жеке акробатикадан да алтын иеленетін мүмкіндігі болған еді, өкінішке орай, ол секіру барысында қателік жіберіп алды. Бірақ Жанбота мойыған жоқ, есесіне Бағланмен бірге командалық өнер көрсету кезінде биіктен көрінді. Олар өздеріне негізгі бәсекелес болған қытайлық жұптан әлдеқайда жақсы өнер көрсетті.

Қысқасы, газетіміздің өткен нөмірінде атап кеткеніміздей, Жанбота, Жібек және Бағлан өздерінен күтілген үмітті ақтады. Біз де өз тарапымыздан бұл саңлақтарымызға ризашылығымызды білдіреміз!

Саңлақтарымыз кешегі бейсенбіде Шымкентке оралды. Оларды облыс әкімі Жансейіт Түймебаев қабылдап, Алғыс хаттар мен ақшалай сыйлықтар табыс етті. Алтын медальға қол жеткізген спортшыларға 3 миллион теңгеден, күміс және қола медаль иегерлеріне 2 миллион теңгеден сыйақылар берілді. Спортшылардың жаттықтырушысы Мұрат Әблатипов та 2 миллион теңге сыйақыға ие болды.

...Жалпы, Универсиада жарыстары кезінде Жанбота Алдабергенова, Бағлан Іңкәрбек, Алина Райкова, Галина Вишневская, Иван Люфт, Юлия Голышева, Дмитрий Рейхард алтын медальға қол жеткізді. Жібек Арапбаева мен Галина Вишневская күміс медаль иеленді. Жанбота Алдабергенова, Анна Шевченко, Екатерина Айдова, Анна Стоян, Роман Еремин, Павел Колмаков қола медаль ұтып алды. 

...Қысқасы, көрсеткіштеріміз жаман емес. Алда Универсиаданың бірнеше күндері бар. Ол күндер де отандастарымызды жеңістерімен қуанта бергей!

Р. ҚЫДЫР.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ