Ақпарат

Екінші әйел болам деп бәлеге қалдым

Қаралды: 1228

Күйеуіммен ажырасқаннан кейін он жылға жуық уақыт жалғыз жүрдім. Күйеуім бақуат тұратынына қарамастан түрлі сылтаулармен балаларыма алимент төлеуден жалтаратын. 

Сотқа арыздана беруден де шаршап кеттім. Балаларымды асырау үшін біреуге жалданып жұмыс істеймін. Жұмысым аса ауыр емес, бірақ демалысы жоқ, күніге баруым керек. Қысқасы, мен күйбең тірліктен қатты шаршадым. Көңілімді аулайтын, әрі қарай тіршілік етуге жетелейтін бір нәрсе керек болып жүргенін жан-жүрегіммен сезіндім. Басымдағы ауыр ойлардан қайтіп арыламын деп сарсаң күйге түсіп жүргенімде ОЛ жолықты. Маған есі кете ғашық болғанын айтып, түрлі сыйлықтар жасап, қыр соңымнан қалмай қойды.

Бірақ менің көксегенім бұл емес. Мен өміріме мән бітіретін, кеудемді қуанышқа толтыратын басқа бір нәрсе іздеп жүргенмін. Алайда оның не екенін өзім де білмегендіктен Оның «тұзағына» түстім. Ол менің көңіліме шаттық сыйлап, езуіме күлкі үйіре білді. Онымен бірге өткізген уақытым өте қызықты болатын. Бір сәт болса да қиын өмірім жеңілдегендей күй кештім. Мүмкін мен ер-азаматтың махаббаты мен жылуына зәру болдым ба? Білмеймін. Әйтеуір Онымен кездесе бастағалы бері менің қоңырқай тіршілігім жандана бастағандай болды. Ақырында Ол маған екінші әйелі  болуға ұсыныс тастады. Мен ойланбас­тан келістім. Мешітке барып, некемізді қидырған күні менен өткен бақытты адам болмаған шығар. Мен Оның махаббатына жан-тәніммен сендім, Оны құлай  сүйдім. Оның да мен дегенде шығарға жаны бөлек. Мен Оған: «Айына, тіпті жарты жылда бір рет келіп тұрсаң да ризамын. Маған бола әйелің мен балаларыңды ренжітіп жүрме, Сенің бар болғаныңның өзі маған медет»,  – дегенмін. Ал әйелі күйеуінен айырылып қаламын деп ойлап, телефоныма қоңырау шалып, тыныштық бермейді. Түрлі дөрекі сөздер айтады, «күйеуімді  дуалап алдың», – деп тиіседі. Бірақ мен олай еткен емеспін. Оның әйелі өзімді қойып, енді туыстарыма қоңырау шалатын болыпты.

Осы күні не істерімді білмей қиналып жүрмін. Ол мені өмір сүруге жетелеп жүрген жалғыз алданышым екенін әйелі неге түсінбейді? Осындай тағдырды мен сұрап алыппын ба?

Зарина.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру