1 жылда 18 миллионға жуық қытайлық туылыпты

31.01.2017
Қаралды: 735

Қытайдың статистика қызметі 2016-жылға қатысты демографиялық мәліметтер жариялады. 

Бұл елде өткен жылы 18 миллионға жуық адам өмірге келіпті. Арнайы әкімшілік аудан мәртебесі бар Гонконг, Макао, Тайвань тұрғындарын  және шет елдердегі қытайлықтарды қоспағанның өзінде Қытай халқы бүгінде 1 миллиард 382 миллион адамнан асыпты.

Бұл елдің ғалымдары ұлтымыз қартайып бара жатыр деп дабыл көтеріп жүріп 1970-жылдары ендірілген 1 баладан артық тууға болмайды деген шектеуді жойғызған болатын. Яғни ата-аналардың бірі отбасында жалғыз өскен болса оларға өмірге екінші баланы әкелуге рұқсат берген еді. Бүгінде осы аз ғана жеңілдіктің  нәтижесі белгілі болып отыр.

Жарияланған материалда Қытайда еркектердің әйелдерден әлдеқайда көп екені жөнінде де айтылған. Онда халықтың 708 миллионнан астамы – еркеккіндіктілер, 675 миллионға жуығы әйел жынысынан екен.

...Әңгіме халық саны жөнінде болғасын айта кетейік, бүгінде әлемде Қытайдан кейінгі орынды Үндістан алады, онда қазір 1 миллиард 301 миллион адам өмір сүруде.

Ал әлемдік державалар халқын айтар болсақ, АҚШ-та – 325 миллион адам, Қытаймен шекаралас Ресейде – 147 миллион адам бар.

Енді Қытаймен шекаралас басқа елдер халқы жөнінде мәліметтер келтіре кетейік.

Қытай мен Үндістанның ортасында жатқан Бутан елінде – 2 миллиондай, Қытай мен Ресей арасында орналасқан Монғолияда 3 миллиондай адам тұрады. Қытаймен шектесетін Корей түбегінде 78 миллион халық бар. Лаос, Бирма, Вьетнам тұрғындары тиісінше – 7 миллион, 54 миллион және 92 миллион адам. Непалдың – 28 миллион, Пәкстанның 195 миллион адамы бар. Сондай-ақ «Аспан асты елімен» шектесетін Қырғызстанның халық саны – 6 миллион, Тәжікстандікі – 8 миллион. Ал Қазақстанда бүгінде 18 миллионнан аса халық тұрады.

Қытайдың кейінгі жылдары Орта Азияға жіті көз тастап отырғаны белгілі. «Көп – қорқытады, терең – батырады» демекші, Қытайдың осы белсенділігі бүгінде ортаазиялықтардың уайымын туындатып отырғаны да өтірік емес.

...Жалпы, қазіргі әлемде 7 миллиард 500 миллиондай адам өмір сүруде. Шотқа салсақ, осының 36 пайызын, яғни бүкіл әлем халқының үштен бірін қытайлар мен үнділер құрап отыр екен.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!