Қыздарымыз шашын жайып жүрмесе екен

31.01.2017
Қаралды: 978

Мен «Замананың» ұзақ жылдардан бергі тұрақты оқырмандарының бірімін. Жасым қазір 90-нан асты. Құдайға шүкір, жағдайым жаман емес, газетті өзгенің көмегінсіз-ақ оқи беремін.

Мені «Замананың» таяуда шыққан нөміріндегі «Әйелдер шашын не үшін жаятын болған?» деген тақырыппен жарияланған мақала қатты толғандырды. Осыны оқып отырып есіме бала кезіміздегі бір оқиға түсті.

...Ол кезде ағайын-туыстар бір-біріне жақын қоныс­танатын. Бірде балалар асық ойнауға да­йындалып жатыр едік, жанымызға ағайынымыздың қызы шашын жалбыратып жетіп келді. Анадай жерде әжем жүрген болатын, оған көзі түсе сала түйіле қарады да: «Әй, қыз, шешеңді шақыр!» – деді. Түкке түсінбеген қыз не жазып қойдым дегендей бұрыла сап үйіне қарай жөнелді.

Әлгі қыз біраздан соң анасын ертіп келді. Сонда әжеміз әлгі әйелге: «Келін, шырағым, мына қызыңның шашын неге өріп қоймайсың? Әйел баласы шашын жайып жүрмейді. Қайғы шақырмасын. Жас әйел күйеуі өлгенде шашын жайып жоқтайды. Балаға осыны түсіндіріп қой. Енді қайтып бұлай жүргенін көрмейтін болайын!» – деп ұрысты. Ол кезде үлкендерге ешкім де қарсы келмейді. Әлгі жеңгеміз  қызын жетектеген күйі үйіне тартты. Сол күннен бастап оның қызы шашын өріп жүретін болды.

Мен содан кейін шашын жайып жүрген қыздарды көрмеген едім.

Ал қазіргі қыздар, әйелдер әдет-ғұрыптан жұрдай болып, шашын қырқатын, оны жайып жүретін, түрліше бояйтын, еркектерше шалбар киетін болды. Көбі әдеп-иба дегенді білмейді, балаларға тәрбие беруді қойған. Еуропалық салтқа көшкен.

Ілгеріде насихат айтатын адамдар әйел еркектің киімін кисе оған Құдайдың қаһары жауады деуші еді. Қазір олай деп те тәлім-тәрбие беретін адам жоқ.

Айналайын, қазақтар-ау, балаларға жақсы-жаманды айтып отырсаңдаршы, дұрыс тәрбие берсеңдерші! Бүйте берсек, ұлттық сана, қасиет, ерекшеліктерімізден жұрдай боламыз ғой!

Мен өзімнің осы хатымның көпшіліктің арасына таралатын «Замана» газетінде жариялан­ғанын қалаймын. Жұрт оқыса, ойланса, тиісті қорытынды шығарса екен.

Р. ӘМІР.

Шымкент қаласы.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ