Ақпарат

Біз де бала болғанбыз

Қаралды: 983

Өткен жылдарға шолу жасап, ой жүгіртсең, ең алдымен  жүректі сағынышымен тербейтін балалық шағың еске түседі. 

Иә, ақын да, батыр да, ғұлама ғалым да бала болған. Ұстаздың тәлімін көріп, алдынан өткен.

Менің де айналама көз тастап бойжете бастаған кезім 70-ші жылдармен тұспа-тұс келді. Туған ауылым – Абай елді мекенінде мектеп сегізжылдық болған соң 9-10 сыныптарды аудан орталығында жалғастыратынбыз. Мектеп табалдырығын 6 жасымнан аттаған мен 16 жасымда бұрынғы Калинин атындағы орта мектепті (қазір А.Сүлейменов атында) 1971-жылы бітірдім, өзімнен бір-екі жас үлкен ұл-қыздармен сыныптас болдым.

Сыныпта үздік оқитын, орыс тіліне жетік, математиканы «жаңғақша шағатын» озаттар көп еді. Солардың ішіндегі ең мықтысы –  атақты шопан, Социалистік Еңбек Ері Үббі Тастановтың ұлы, Шымкент қаласындағы №12 мектептен ауысып келген Қорған Тастанов деген бала болатын. Қорған болмысы ерекше, ойы зерек, сөзге ұтқыр, алғыр еді. Тіпті оның кейбір тентектеу қылықтары да тартымды болатын.

Өзін өзгелерден даралап тұратын сол «еркеліктерін» сын садағына іліп, (әрине, аты-жөні көрсетілмеген) республикалық «Қазақстан пионері» газетіне мақала жазып жіберген едім, қырсыққанда бұзақы баланың суретін салып, «айғайлатып» жариялап жіберіпті. Аты-жөні аталмаса да өз болмысын айнадан көргендей таныған Қорған сыныптастарының мазағына шыдамай мектепке ерте келіп, ашуға булыққан күйі  қорыққаннан көжектей бүрісіп тұрған мені шапалақпен тартып жіберді.

Әрине, бұл шыдайтын «тірлік» емес. Мұның соңы үлкен дау-жанжалға ұласып, сынып жетекшісінің, мектеп директорының араласуымен зорға бітімге келген едік. Қайран балалық-ай десеңші!

Кейіннен студент болдық. Қорған секілді жан-жақты, ойы алыстағыны шолатын зерек жігітті университет қабырғасында да кезік­тірмеппін. Орыс тіліне өте сауатты, математика ғана емес, кез-келген пәнге мықты еді. Тіпті ол жауап беруге тақта алдына шыққанда мұғалімнің өзі сүйсініп, білімділігін мойындап қалатын. Мектеп бітірген соң тағдыр соқпағымен әрқайсымыз сан тарауға түсіп кете бардық.  5-ші сыныптан бастап «жаз­ған-сызғандарым» газетте жиі жарық көретін мен арманыма жетіп журналист болдым. Сырттай білуімше, Қорған Целиноград қаласындағы құрылыс институтын бітірген. Қазір Астана қаласында тұрады.

Екінші озат оқушының бірі – Ақын­қожа Өтепов болатын. Қиын деген теңдеулердің шешуін ұйқысынан оятып жіберсең айтып беретін ол математика пәнінің мұғалімі Тілек Оралбеков ағайымыздың ең сүйікті шәкірті еді. Әдетте есеп-қисап мамандарын қаржыға келгенде «қатып қалған», ақша десең алақанын зорға жазады деп жатамыз ғой. Бұл да табиғаттың заңдылығы шығар деп ойлаймын. Есепке жүйрік сыныптастардан Ақынқожа Өтепов, Қаншайым Қыздарбекова, Сарқыт Шыңғысхановалар білгенін еш уақытта өзгеге айтпайтын, есебін көшіртуге келгенде сараңдық жасайтын озаттар еді.

Ақынқожа оқушы кезінен-ақ сүйкімді, сұлу қыздарды жиі жағалап, бұрымдарынан тартып, тиісіп жүретін. Қылжақбастығы тағы бар. Сыныбымыздағы ботакөз қыз, қараторының реңдісі Б-ға есі кетіп ғашық болатын. Үзіліс кезінде партаға отырып алып, қасынан шықпайтын. Бірақ ол кезде баламыз ғой, «ғашық-машық» деген сырлы әлемнің күрмеуі мол жұмбағын шеше бермейтінбіз. Сол Ақынқожа Өтепов те сыныптас досы Қорғанмен қатар Целиноград қаласындағы Ауыл шаруашылығы институтын бітіріп, инженер-зоотехник мамандығын алып шықты. Өзі қалаған салада 40 жыл еңбек етіп, зейнет демалысына шыққан бұл сыныптасым өмірлік қосағы Жұмақызбен бірге  екі ұл, екі қыз тәрбиелеп өсіріп, 14 немере сүйіп отырған ата. 

Үшінші озатымыз – сынып «класкомы» Қаншайым Қыздарбекова еді. (Рейхстагқа ту тіккен Халық Қаһарманы Рақымжан Қошқарбаев ағамыздың қамқорлығы арқасында оқуға түскенім жайлы жазылған мақаламда сыныптасым Қаншайым Қыздарбекованың  батылдық жасап, себепкер болғанын да кезінде «Заманада» жазғанмын).

1975-жылдары ол Алматы қаласындағы медициналық училищенің студенті, ал мен ҚазМУ-дің журналистика факультетінің даярлық бөлімінің тыңдаушысы едім. Алғырлығының, ақылдылығының, қиыннан қиыстырып жол табар пысықтығының арқасында ол маған демеу жасады. Орайы келіп, оқуға түстім. Бұл қуанышты сәтті мен ешқашан да ұмытқан емеспін. Ұмытпаймын да.

Аудандық орталық емханада отыз жылдай медбике болып еңбек етіп, зейнет­керлікке шыққан сыныптасым Қаншайым Қыздарбекова жолдасы Смайыл Жың­ғылбаевпен отандасып, өмір­ге төрт қыз, бір ұл әкеліп, сол перзенттерінен он беске жуық немере сүйіп отырған әже.

Жас әнші Серік Ибрагимов орындайтын бір ән жолдарында:

 «Сыныптастарым, сыйлас достарым,

Сыныптастарым, қимас достарым», – деген тамаша сөздер бар еді. Қайда жүрсеңдер де аман болыңдар, сыныптастарым, қимас достарым!

Қалдыгүл МҰРАТОВА.

Созақ ауданы.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру