Ақпарат

«Біздің қоғамға енелер мектебі ауадай қажет»

Қаралды: 573

Таяуда Шымкенттегі «Отырар» ғылыми  әмбебап кітапханасында ақын, жазушы Әмзе Қалмырзаұлымен «Жүрегімде – жұмбағым» атты кездесу болып өтті. 

Бұл кездесуде пайғамбар жасына толған ақын өзінің жан-дүниесін, жүрегінің түкпірінде жатқан терең сырларын оқырманы алдында жайып салды. Оқырмандары  да ақынды жақынырақ тануға ұмтыл­ған тамаша сыр-сұхбат кеші болды. Осы орайда, біз  Әмзе Қалмырзаұлымен сұхбаттасып, көкейімізде жүрген отбасы жөніндегі  сұрақтарды қойған едік.

«Көзіме оттай басылды»

– Әмзе аға, әуелі өзіңіз, отбасыңыз жайлы әңгімелеп берсеңіз...

– Мен  өмірден баласыз өтемін бе деп жылап жүрген 62 жастағы шалдың баласымын.  Мен туғанда үйімізге есек мінген бір өзбек шал келіпті. Әкем оны құдайы қонақ деп семіз ісегін сойып, жақсылап күткен екен. Сонда көңілденіп кеткен болса керек, әлгі шал: «Ака, сіз бір баламен қаламын деп қорықпаңыз. Сіздің үш балаңыз болады. Бірін­шісінің атын – Хамза, екіншісінің атын – Хакимзада, үшіншісінікін – Ниязи деп қойыңыз», – депті. Содан әлгі кісінің айтқаны айнымай келіп, менен кейін екі інім өмір есігін ашады. Сөйтіп әкем қуанғанынан аттарымызды сол кісі айтқандай етіп қойған екен. Кейін өсе келе біз бұл өзбекше аттар деп Хамзаны – Әмзе, Хакимзаданы – Әкім деп қазақшалап алдық. Ал Ния­зидың қазақшасын таба алмай, ол өзінің атымен қалып қойды. Кейін ойланып отырсам, әкем менің бетіме тіктеп қарамаған да екен. Есейе келе осыны шешеме айтқанымда шешем: «Әкең жарықтық саған көзім тиіп кетпесін» деп қорыққанынан жүзіңе тіктеп қарамай кетті ғой», – деген еді. Ата-анам туралы  қысқаша айтқанда осы.

– Жеңгейге қалай жолықтыңыз? Жарыңыз, балаларыңыз туралы айтсаңыз...

– Мен сөз өнеріне өлең арқылы келдім. Педагогикалық институттың күндізгі бөлімінде оқыдым. Бірінші курстан бастап-ақ өлеңді көп жазатынмын, кейін әңгімелер жаза бастадым. Сол кезде біреуден осы жерде «Еңбек Қызыл Ту» орденді студент оқып жатыр дегенді естідім. Өзі студент болса, ол қалай орден алады деп таңқалдым. Сөйтсем, ол  Созақ жақта, бетпақдалада бес жыл, алты ай мал бағып, малы өте қоңды болып, орден алып, көп жетістіктерге жеткен суретші жігіт  екен. Ол айлы түндерде сурет салғанды жақсы көретін, оның өмір жолы, шығармашылығымен жақын таныс­қаннан кейін жүрегімді тербеп, «Оның аты – Дулат» деген очерк жаздым. Оны «Оңтүстік Қазақстан» газеті «Оның ордендері бар» деп тақырыбын өзгертіп жариялады. Содан кейін «Лениншіл жасқа» жібердім, олар тақырыбымды өзгертпестен және тез арада жариялады.

Осылайша біз Дулат екеуміз дос болдық. Екінші курсты бітіруге таяғанда ол үйленгісі келетінін, менің қасында болғанымды қалайтынын айтты. Сонымен не керек, өз тобында оқитын жігіттер бар, мен жүрмін, бас-аяғы он бес шақты жігіт оның қызын Созаққа «икаруспен» алып қаштық.

Той өткесін өзге жігіттер кетіп қалды да, үш жігіт қалып қойдық. Үй ішіндегілер жақсылап күтіп жатыр. Сол кезде бір қыз менің көзіме оттай басылды. Сұрастырсам, Дулаттың қарындасы екен. Ол алдында тамаша қарындасы бар екенін айтып жүретін, бірақ мен оған мән бермеген екенмін. Оқуын бітіріп қойғанын да біліп алдым. Ал біз Дулат екеуміз біраз жыл жұмыс істеп, оқуға кеш түскенбіз.

Үйдегі жеңгеңмен осылайша танысып, шаңырақ көтердік. Қазір екі ұл, екі қызымыз бар. Ұлдарды үйлендіріп, қыздарымызды тұрмысқа бердік. Немере­леріміз бар. Қыздарым  Астанада, ұлдарым осында, Шымкентте тұрады. Біреуі облыстық әкімшілікте жұмыс істейді, екіншісі жеке кәсіпкер­лікпен айналысады. Жақында 63-ке толып, зейнет­керлікке шығып, кәдімгідей ата болдық.

«Жақсы адам жеңіледі»

– Ата демекші, бүгінде әулетті басқаратын ақсақалдар азайып бара жатыр деген әңгімені жиі еститін болдық. Ақсақалдардың шынымен қалмағаны ма? Өзіңіз әулетін шашау шығармай басқарып отырған қарияларды көрдіңіз бе?

– Ақсақал болу үшін, өзгелерді тәрбиелемес бұрын адам әуелі өзін тәрбиелеуі, таза жүруі, әдепті, әділетті  болуы керек. Аузынан Алласы, қолынан тәспісі түспесін демей-ақ қояйын, бірақ ақиқатты айтатын, шыншыл және ауыл-ел бағынатын мінезі де болуы керек деп айтар едім. Әулетті басқарып отырған қария, адамның ойына келмейтін іс-әрекеттермен  ақылға шақыра алатындай болуы керек.

Жақында жасы жетпіс­терге келіп қалған кейуананың қайтыс болғанын естідім. Жер қойнына тапсырарда ауыл-аймағы ол кісіні ел анасы еді деп жоқтап, жылапты. Әлгі кейуана өлмес­тен бұрын жаназасы, жетісі, бейсенбілігі деген сияқты қаралы жиындарында қайсы малды сою керектігіне дейін айтып, дайындап кеткен екен. Енді тірі күнін ғана емес, өлгеннен кейінгі абырой-беделін де пайымдап, жиылған жұртты риза қылып шығарып салу жағын ойлаған осындай ананы қалай ел анасы демессің?

Осы сияқты әулетін бас­қарып отырған ақсақалдар қазір де бар. Бірақ ол бұрынғы кездегідей асқақтап бірінші орынға шықпайды. Себебі бүгінде дауласқан жұрт сотқа жүгінеді. Бір оқиғаны айтайын. Аға­йынды екі жігіт үйге таласып, сотқа арызданыпты. Оны естіген жұрт көзі тірісінде ұлдарына дүниесін теңдей  бөліп бермеген әкесін кінәлапты. Ертең сот болады деген күні ағасы інісін шақырып алып: «Мен сенімен соттаспаймын, үйді сен ала ғой», – деп інісімен соттасудан бас тартыпты. Соны естіген айдаладағы бір  қария: «Әлгі пәленшенің үлкен баласы ақылды, жақсы жігіт екен. Ол ел-жұртқа масқара болмайын деп, інісінен жеңілді. Кіші ұлы болса, дүние үшін әулетінің абыройын жиыстырып қойып, қайтсем де жеңемін деп бетпақтық жасап жүрген еді. Жақсы адам жеңіледі, ағасы жеңілді», – деді.

Көрдіңіз бе, халық – сыншы, ел біледі. Осындай адамдардың ішінен халықтың өзі ақсақалдарды іріктеп шығарып алады, ақсақалдардан кеңес сұрайды. Мен өзім де бір әулеттің үлке­німін. Менен кейінгі інім ертерек қайтыс болып, келі­нім жиырма төрт жасында жесір қалған. Жиырма бес жасымнан бастап сол балалардың атасы болдым.  Сол балаларды үйлендірдім, атасы ретінде қолымнан келгенінше жағдайларын жасауға тырыс­тым. Алды 38-ге келіпті, әлі күнге бір шешім қабылдайтын болса, келіп менімен ақылдасып кетеді. Одан кейінгі інім де, әпкелерімнің де ақыл сұраған кездері аз емес. Қолымнан келгенінше дұрыс ақыл-кеңес беруге тырысамын. Сол сияқты ел ішінде  «пәленшенің басы, түгенше ғой» деген әңгімені де құлағың шалған болар. Ол дегеніңіз, бір әулетте төрт-бес үй болса, соларды басқарып отырған соның ішіндегі біреуі» дегені. Яғни бұл мұндай ақсақалдар қазір де бар деген сөз.

Сұлу әрі ақылды қызды қолы жеткен алатын

– Әңгімемізді қалыңмал жаққа қарай бұрсақ. Мұны біреулер қолдаса, екіншілері теріске шығарады. Ал сіз не айтар едіңіз? 

– Қалыңмал тақырыбы қозғала қалса, қайшылыққа толы пікірлер көп айтылады. Алайда қай заманда болмасын халыққа керексіз нәрсе өзінен-өзі  жойылып-жоғалып кетеді. Ал қалыңмал күні бүгінге дейін заман көшімен бірге еріп келе жатыр екен, оның халыққа, ұлтқа керек болғаны. Әйтпесе дұрыс бекімеген ертоқым тәрізді бір жерлерде сыпырылып түсіп қалар еді.

Бірақ қалыңмалдың түрі баяғы заманнан көп өзгерген. Бұрынғы кезде «қырық жеті малды матап беріп әперді» дейтін. Баяғыда қазақтар отбасына сұлу қыз келетін болса, қатты қуанған. Сол кезде пәленшенің қызы бізді бір байытып кетті деп айтып жүреді екен. Себебі сұлу әрі ақылды қызды тек қолы жеткен байлар мен батырлар ғана алатын болған.

Қазақ қызын ешуақытта жылатпаған. Кедейдің сұлу қызын қалыңмалды көп беретін байға берсе, олар өздері секілді жоқшылық, таршылық көрмесін дегені. Онда да қыздың өзімен кеңесіп, көңілін білгеннен кейін ұзататын болған. Қазақ қызының теңіне тимей, жылағаны өте сирек кездескен.

Біздің қазақтың қыздары өте ержүрек болғанын да айта кетуіміз керек. Өз теңіне қосыла алмай, ата-ана қалауына наразы болса, сүйген жігітімен бірге қашып кеткен де оқиғалар тарихта бар. Соның бір мысалы ретінде Еңлік-Кебек оқиғасын айтуға болады. Найманның сұлу қызы Тобықтының батыр жігітімен қашып кетіп, бір жылдан аса тау ішінде өмір сүрген.

Айтайын дегенім, шынымен махаббат болса, қай заманда болсын қыздар мен жігіттер қалыңмалсыз-ақ үйленіп, шаңырақ көтерген. Менің ойымша, қалыңмал екі жақтың келісімімен болғаны жақсы. Егер қыз теңін тапса, бірақ жігіттің қалың төлейтін жағдайы болмаса, оған түсіністікпен қараған да дұрыс. Қазақ мұндайда «Теңін тапса, тегін бер» деген.

Сөздің шыны керек, бүгінде: «Қыз ұзату – жатқан шығын, одан келін түсіру оңай» деген әңгімелер көп айтылады. «Келін түсірсең әрі адам аласың, әрі үйіңе дүние келеді» – дейді. Әрине, бұл жерде ешкім де келіннің артынан келген дүниені бас пайдасына жаратпайды ғой. Әйтеуір қай ата-ана болмасын перзентінің баршылықта тұрмыс кешкенін қалайды. Ел ішінде қызын ұзатқанда жасауына үйі мен көлігін қатар сыйлайтын ата-аналар да көп.

Айтқым келгені, қалыңмалдың мақсаты біреу – екі жасты ортадан өз алдына үй етіп шығарып салу. Одан бас жібін алып қашатындай ештеңе көріп тұрғаным жоқ. Дұрысы, мұны қалыңмал деп емес, екі жасты бақытты етудегі екі жақтағы ата-аналардың қосқан материалдық үлесі деп түсінген дұрыс шығар.

  «Интернеттегі шүйкебастар кімді тәрбиелемек?»

– Өзіңіз білесіз, бүгінде ажырасқандардың саны көбейіп тұр. Отбасының іргесін берік, шаңырағын биік ету үшін не істеу керек? Жұртшылыққа қандай ақыл-кеңес айтасыз?

– Бұрынғы кезде жастар атаға, енеге мойынсұнып тұратын. Сөздеріне құлақ асатын. Ал қазір олай деп айта алмаймыз. Бір үйдің екі ұлы үйленсе, ата-анасы өздеріне жайлы келінді қолына алып қалады да, екін­шісінің еншісін беріп, бөлек шығарып жібереді. Себебі уақыт өте келе екі келін ұрыса бастауы, олар ұрыспаған күнде де кішкентай балалардың басы піспеуі мүмкін.

Бірақ мен осыған қарсымын. Мысалы, еншісін берген келіннің қолынан түк келмеуі  мүмкін. Соның салдарынан ұрысып,  қой дейтін ешкім болмағаннан кейін ақыр соңында ажырасып кетеді. Мұндай жағдайда ерлі-зайыптылардың біреуі ақылды болуы керек. «Жігіт­тің ақылы – шыдамы ас­қазанында» дейді.

Еркек жұмыстан келгенде үйінде асы пісулі тұрмаса, ол қиын, тіпті сорақы нәрсе. Әйелінің олақтығына жігіт бір күн, екі күн шыдар, бірақ үшінші күні тарс кетері анық. Ашудың ең шыңына жеткенде қыз көз жасына, жігіт қолына ерік береді. Содан кейін әйел ұрдың деп жылайды, күйеуі ұрмай қайтем деп күйінеді. Осылай қып-қызыл ұрыс-жанжалға айналып шыға келеді. Осының бәрі ерлі-зайыптылардың арасында түсінбестіктен келіп шығады. Осы тақырыпқа қатысты менің: «Ұрыс неден шығады, шайқалмаған майдан шығады, қайнамаған шайдан шығады, жуылмаған кірден шығады», – деп басталатын өлеңім еске түсіп отыр.

Біржақты кетуге тағы болмайды. Отызға келсе де өмірге икемі жоқ, отбасын асырай алмайтын жігіттер де көп. 

Одан бөлек, қоғамымызда ата-аналар, енелер мектебі жоқ. Ал бұрын болған.  Тіпті бір кәсіпті меңгерген ұстаз, оны шәкіртіне үйретіп, әбден бойына сіңірмейінше батасын бермейтін  болған. Сол сияқты бүгінгі күннің енелері де келіндері дәмді етіп ас әзірлеп, бір-біріне мейірімін төгіп, ынтымағы жарасқанша, өз беттерінше қонақ күтетін дәрежеге жет­пейінше жастардың еншісін беріп бөлек шығармағандары дұрыс. Осы арада ата-енесі жас келіннің кейбір кедір-бұдыр мінездерін үлкен шыдамдылықпен, төзіммен түзетіп отырғаны жақсы. Бұл мезгілде ене асқан мейірімді болуы, кезі келгенде қаталдық та таныта алуы керек.

Міне, осындай жағдайда ғана жастар ажыраспайды.

 Айтайын дегенім, отбасымыздың іргесін берік ете­міз десек, біздің қоғамға енелер мектебі ауадай қажет. Интернет бар деп көңіл жұбатып жүрміз. Бірақ отбасы мәселесінде интернет бізге көмекші бола алмайды. Бір келіншектер интернетке күйеуім ұрып жатыр немесе ынтымағымыз бұзылып жатыр деп хат жазады екен. Оған бәрі көл-көсір ақыл айтады. Ол жерде отырған шүйкебастар кімге ақыл бергендей?

 Егер біздің қоғамымызда енелер мектебі болса, шаңырағымыз шайқалмас еді, керегеміз күннен-күнге кеңейіп, басымыз көбейер еді. Сондықтан мен барша енелерге келінді бөлек шығаруға асықпаңыз, ол сіздің тәрбие­ңізді көрсін, мекте­біңізден өтсін деп ақыл айтқым келеді.  

– Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңіз үшін көп рахмет!

Г. ӘШІРБЕКОВА.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру