Ақпарат

Ғажайып даусымен қалың қытайды таңдай қақтырды

Қаралды: 701

Бүгінде Қытайдың Хунань провинциясында «Sіnger – 2017» телевизиялық ән байқауы өтіп жатқаны белгілі. 

Бас-аяғы 14 кезеңнен тұратын бұл байқауға әлемнің ең мықты деген әншілері қатысуда.

Аталған байқаудың алғашқы кезеңінде қазақстандық әнші Димаш Құдайбергенов 1-ші орынды жеңіп алды. Ол француздың өте күрделі әрі әсем әнін нәшіне келтіре орындап, әнсүйер қауымды өз өнерімен, керемет дауысымен тәнті етті. Қытайлықтар Димашқа түрегеліп тұрып ұзақ уақыт қол шапалақтап құрмет көрсетті. Толғаныстан айқайлап, ысқырып, көзіне жас алғандар көп болды. Ал бұл туралы ғаламторда таралған бейнежазбаны алғашқы сағаттардың өзінде-ақ бірнеше мыңдаған адам тамашалап, сүйсіне пікір білдіріп жатты.

Бүгінде қытайлық бір топ жанкүйерлер Димаштың алдағы уақытта орындайтын әндерінде не туралы айтылатынын түсіну үшін қазақ тілін үйрететін курстарға жазылуда екен. Димашқа өздерінше «Димаси» деп ат қойып та алыпты.

Сондай-ақ қазір Димашты «екінші Витас» деп атап жүргендер де бар. Осыған орай өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында: «Әрине, Витас жақсы әнші, оны құрметтеймін. Мен бірақ екінші Витас емеспін! Мұны музыкадан хабары бар мамандар жақсы түсінеді», – деп жазды Димаш.

...Димаштың толық аты – Дінмұхаммед. Ол 1994-жылы Ақтөбе қаласында, елімізге белгілі әншілер – Қанат Құдайбергенов пен Света Айтбаеваның шаңырағында өмірге келген. Оның әкесі бүгінде Ақтөбе облыстық филармониясының директоры, ал анасы облыстық мәслихаттың депутаты.

Димаш – Құдайбергеновтер отбасындағы үш баланың үлкені, оның Раушан, Мәнсұр есімді бауырлары бар. Оның өзі 5 жасынан ән өнерін таңдаған, 6 жасында республикалық «Айналайын» ән байқауында көзге түскен. Одан кейінгі өткен көптеген байқауларда номинант атанды. 2010-жылы «Байқоңырдың әсем дауыстары» республикалық байқауында 1-ші орынды жеңіп алды. 2012-жылы «Жас қанаттың» Гран-при жүлдесін ұтты, Ресейде өткен «Восточный базар» халықаралық байқауында 1-ші орынды иеленді. Қырғызстан мен Ресейде өткен «Мейкин Азия», «Славянский базар» халықаралық байқауларында өнер көрсетті. Ол – 2015-жылы Стамбулда ұйымдастырылған «Abu TV» ән байқауына Қазақстаннан тұңғыш рет қатысқан әнші. Димаш бүгінде бірнеше шетел тілдерінде әндер орындайды.

...Қысқасы, Димашты бүгінде әлем мойындады десек болады. Аталған ән байқауының алда әлі бірнеше кезеңдері бар. Біз оның сахнаға шығатын әрбір сәтін асыға күтеміз.

Жарайсың, тек қана алға, Димаш!

Р. ҚЫДЫР.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру