Ақпарат

Замана қыз биыл мектеп бітірмек

Қаралды: 581

«Замана» газетінің өмірге келгеніне биыл – 19-шы жыл. Газетіміздің аяғынан қаз тұрып кетуіне тілектес болған бірқатар азаматтар ол алғаш 

шыға бас­таған жылдары өмірге келген перзенттеріне Заман, Замана деп ат қойып жатты. Сондай жандардың бірі Қазығұрт ауданындағы Қаржан ауылының тұрғыны болған марқұм Қалмахан Тойшиев еді. Ол кісі 2000-шы жылы шаңырағындағы 6 баланың кенжесі болып дүние есігін ашқан қызына Замана деп ат қойған болатын. Сол Замана қыз биыл 11-сыныпта оқып жүр, енді төрт-бес айдан соң арман қуып үлкен өмірге бет алмақ. Өткен аптада бізге осы Замана Шахантай қызымызбен сұхбаттасудың сәті түсті.

– Замана, хал-жағдайларың жақсы ма? Отбасыларыңда нендей жаңалықтар болып жатыр?

– Рахмет, жағдайымыз жаман емес. Біз қазір отбасында үшеуміз. Анам Зәпия, ағам Айтмахан және мен. Анам мектепте іс басқарушы болып жұмыс істеуде. Ағам оқуын бітірген, ол да мектепте жұмыс істеп жүр. Әпкелерім тұрмыс құрған, бір-бір үйдің отын түтетіп отырған жайлары бар.

– Өзіңнің жағдайың, көңіл-күйің, сабаққа үлгерімің қалай?

– Жағдайым жақсы. Сабақты тек қана «4» пен «5»-ке оқып жүрмін деп айта аламын.

– Алдағы білім сынақтарына дайындықты бастап жатқан шығарсыңдар?

– Биыл ҰБТ жаңа форматта өтетін болды ғой. Алдымен мектепте емтихан тапсырып, аттестат аламыз, сосын жоғары оқу орнына түсемін деген талапкерлер тест орталықтарына барып сынақ тапсырамыз. Соған дайындықты бастап кеттік.

– Өзіңе сенімді шығарсың? Қандай мамандықты таңдап отырсың? Қайда оқығың келеді?

– Әрине, өзіме сенімдімін. Мен болашақта ағылшын тілінің маманы немесе заңгер болсам деймін. Алматыда оқығым келеді.

– Сыныпты қанша бала бітіресіңдер? Барлығының да жоғары оқу орнына түскісі келе ме?

– Екі сыныпты қосқанда 40-тай оқушы бармыз. Үш-төрт бала әзірден-ақ ҰБТ-ға қатыспайтын болып шешіп қойған. Басқаларының бәрі жоғары оқу орындарына түсуді көздеп отыр. Құрбы-құрдастарым дәрігер, мұғалім, журналист, заңгер сияқты мамандықтарды таңдауда.

– Негізі Замана деген ерекше есімге жатады ғой. Бұған байланысты сұрақ қойғандарға оны қалай түсіндіресің?

– Біреулермен таныса қалсам атымның Замана деп қойылу себебін сұрайтыны рас. Мен ол үшін еш қысылмаймын, атымның бұлай қойылу себебін тәптіштеп тұрып айтып беремін. «Замана» деген жұртшылық сүйіп оқитын жақсы газет бар, әкем соны жақсы көретін, құрметтейтін, сондықтан атымды Замана деп қойған деймін. Өзімнің де атыма лайық жақсы атанып жүргім келеді.

– Сенен басқа да Замана есімді қыздарымыз бар. Оларды танисың ба, хабарласып тұрасың ба?

– Замана деген қыздардың бар екенін білемін. Тек олардың біреуін ғана, Шымкенттегі №31-ші мектептің 10-сыныбында оқитын Замана Тауасарды танимын. Екеуміз жастымыз. Бірақ мен мектепке 6 жасымда барғанмын, сондықтан  биыл бітіргелі отырмын. Негізінен бізбен жастылар биыл 10-сыныпта оқиды ғой.

– Замана, біз сенің жетістіктеріңе әрқашанда қуанатын боламыз. Денсаулығың зор болсын, арман-мақсаттарыңа жете беруіңді тілейміз.

Сұхбаттасқан – Р. ҚЫДЫР.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру