Ақпарат

Алматыда тұрса да ауылдың жайын ұмытпайды

Қаралды: 875

Маған «Замана» газетінде қызықты жаңалықтармен қатар танымдық-тағылымдық мақалалар да жиі жарияланатыны ұнайды. 

Әсіресе адамгершілікті, имандылықты насихаттайтын мақалалар менің жаныма жақын.

Осы орайда сіздерге бір жақсы азамат жайлы шағын мақала жолдап отырмын, мұны да газеттеріңізде жария­ласаңыздар екен.

Мен Бәйдібек ауданындағы Майбұлақ ауылында туып-өскенмін. 1978-жылдан бері Шымкенттің тұрғынымын. Ұзақ жылдар бойы тіс технигі болып істеп, зейнетке осы жұмыстан шыққанмын.

Айтайын дегенім – Майбұлақ ауылының тумасы, бүгінде Алматыда қызмет істейтін Талғат Әділбеков деген азамат (суретте) жайында. Ол өткен жылы ауылға «Нұр-Мүбәрак» мешітінен діни білімі бар екі баланы әкеліп, немере ағасының үйіне орналастырған еді. Олар каникулда жүр екен. Дәл сол кезде қасиетті Рамазан айы жүріп жатқан. Әлгі балалар демалыстарын, ораза күндерін пайдаланып ауыл жастарына уағыздар оқыды, дәрістер өткізді. Ал Талғат озат оқитындарға сыйлық таратты, велосипедтер әперді. Қысқасы, оның осы әрекетінің ар­қасында ауылдағы мешітке барып намаз оқитындардың қатары артты.

Талғат осы үрдісті биыл да жал­ғастырмақ екен. Осыны естіп, сүйсініп қалған жайым бар.

Жалпы, имандылық жолында жүрген адамның тәрбиесі жақсы болады ғой. Сондықтан жұрттың осындай тәрбие алуына аз да болса өзіндік үлесін қосып жүрген Тал­ғатқа мен өз басым қатты ризамын.

Бұл азаматтың әке-шешесі де намазхандар, қажылыққа барып келген. Әрбір ата-ана, әрбір бала осындай өнегелі болса, біздің қоғамда көп нәрсе өзгерер еді деп ойлаймын.

Әзімхан АБАЙДУЛЛА.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру