Ақпарат

Баласын эпилепсиядан құтқаратын адам іздеп жүр

Қаралды: 550

Кешегі аптада редакциямызға Ақбота Әкімова есімді жас ана (суретте) келіп, көмек сұрады. 

Оны 4 жастағы ұлы Нұрасылдың жағдайы қатты алаңдатып жүр екен, соған білікті дәрігер табуға жәрдемдесіңіздерші деп өтініш білдірді.

Айтуынша, А.Әкімованың екі баласы бар екен. Үлкені – қыз, 6 жаста. Өзі балалардың әкесімен дәм-тұздары жараспай, ажырасып кетіпті. Заңды некеге тұрмағандықтан ол адамнан алимент өндіріп алуға жасаған әрекетінен де нәтиже болмай тұр екен. Өздері Шымкентте пәтер жалдап, анасымен бірге тұрады, бүгінде сол кісінің зейнетақысымен, балаға мүгедектігі үшін берілетін жәрдемақымен күн көріп отыр.

«Менің басымдағы қиын халді уайымдағандықтан ба, таяуда анам инсультке ұшырады. Оны ауруханаға жатқызып емдетуге де шамам келмей отыр. Өзімнің қолым науқас балама қараудан босамайды, өйткені өзгелердің онымен түсінісуі қиын. Нұрасыл сөйлей алмайды, қажетін маған ымдап түсіндіреді. Баламды лажы болса, жылатпауға тырысамын. Себебі оның ұстамасы күнара дерлік қайталанады, ойнап отырады да, кенеттен құрысып, есінен танады. Сәби кезінен осындай.

Бүгінде өзімнің де денсаулығым болмай жүр, бірақ оған қарар менде уақыт та, мүмкіндік те жоқ. Өйткені қазір бәрі ақылы, сатулы ғой.

Балам қаладағы №2 емханада арнайы есепте тұрады, дәрігерлер тиісті ем-домын жасап та жүр. Тегін дәрілер береді. Бірақ одан нәтиже шығар емес. Балам сол дәрілерге әбден үйреніп алған, ішкізбесем, жатпайды, тәтті сұрағандай сұрай береді.

Өткен жылы Алматыдағы «Ақсай» балалар неврологиялық орталығына жолдамамен барып, тексеруден өттік. Бірақ қаржы жағынан қиналғасын оны да аяғына дейін жеткізе алмадық.

Балама «Эпилепсия» деген диагноз қойылған. Мүмкін дерті ондай емес шығар, басқа шығар деп те ойлаймын кейде. Қалай болғанда да оның басындағы дерті ой-өрісінің дамымай қалуына себепкер болып отыр. Ол әлжуаз, жиі ауырып қала береді. Дене қызуы көтерілгенде «жедел жәрдем» шақырсам, ауруханаға апарғанымен онда жатқызбайды, үйге қайтарады.

Мені баламның болашағы қатты алаңдатады. Кейінгі кезде Алматыға, Астанаға ма, Ташкентке ме барсам, баламды білікті дәрігерге көрсетсем екен деген ой маза бермейтін болды. Сондықтан сіздерден көмек сұрап келіп отырмын. Менің басымдағы жағдай жөнінде газеттеріңізде жазсаңыздар екен. Сондай білікті дәрігерді білетін, танитын біреулер болса, жәрдемін жасар деп үміттенемін. Баламды басқа жаққа апарып емдетудің сәті түсе қалса, маған қаржы да керек болады. Мүмкін қаржылай жәрдемдесетіндер шығып қалар, «Халық банкінен» ашқан есеп-шотымды да жариялауларыңызды сұраймын».

Редакциямызға арнайы келген Ақбота Әкімова бізге осындай өтініш білдірді. Оның «Халық банкіндегі» есеп-шоты мынадай екен: KZT KZ866010002007972595.

Кішкентай баланы эпилепсиядан емдей аламын дейтін білікті дәрігер табылып жатса, онда Ақботаның өзімен 8-702-588-94-71 нөмірлі телефон арқылы байланысуға болады.

Н. ӘБДІ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру