Садақа бәленің бетін қайтарады

24.01.2017
Қаралды: 597

Баяғыда бір кісі қалаға базарға барыпты. Ол базардан керек-жарағын алғасын қала сыртындағы шайханаға барып тамақтанады. 

Шайханадан шыққасын ағашқа байлаған атына барып, тартпасын тартып жатқанда жақын маңда екі жас жігіттің әңгімелесіп тұрғанын естіпті.

Әлгі жігіттердің бірі шайханадан шығып келе жатқан жасы 40-тардағы бір адамға қарап: «Мына кісінің үш-ақ күндік өмірі қалды», – депті. «Обал-ай, орта жасқа енді келген жан екен...» – деп ойлапты әлгі кісі. Сосын өзара әңгімелесіп тұрған  жігіттерге қараса, олар бейне бір буға айналғандай жоқ болып кетіпті. «Апырай-ә?!.» – деп таңқалған ол ауылына қайтады.

Осы оқиғадан тура үш жыл өткенде әлгі кісі тағы да қаладағы сол базарға барып, керек-жарағын алыпты. Сосын баяғы шайханаға кіріп тамақтанады. Тағы да байлаулы тұрған атына барып, тартпасын тартып жатқанда біреулердің әңгімелесіп тұрғанын естиді. Қараса, өзі осыдан үш жыл бұрын тап осы жерде көрген жігіттер екен. Дәл осы кезде тура бұдан үш жыл бұрынғыдай шайхана ішінен баяғы жасы 40-тардағы адам шығып келе жатқанын көреді.

Әлгі кісі өзара сөйлесіп тұрған екі жігітке қарап: «Осыдан үш жыл бұрын сендер мына кісінің үш-ақ күндік өмірі қалды деп едіңдер ғой?» – дейді. Сонда жігіттердің біреуі: «Ол сол кезде шайханадан шыққан бетінде жол шетінде отырған қайыршыға садақа берген еді. Сонда қайыршы оған: «Алла-тағала өміріңді ұзақ етсін!» – деген тілек айтты. Алла-тағала оның тілегін қабыл етті де, мына кісіге ұзақ ғұмыр сыйлады. Ол енді ұзақ жасайды», – депті. Осыны айта салысымен әлгі жігіттер тағы да жоқ болып кетіпті.

...Бұл аңызда ғибрат бар. «Қайыр-садақа бәленің бетін қайтарады» деген сөз осындай жайлардан кейін айтылса керек.

Жаңабай ТӨЛЕУІШ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!