Үлкен ұлын астананың әкімі етіп тағайындады

24.01.2017
Қаралды: 648

Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон таяуда ғана соңғы 20 жылға жуық уақыт бойы ел астанасы – Душанбе қаласының мэрі болып келген 

Махмадсаид Убайдуллоевты барлық орынбасарларымен қоса лауазымынан босатқан болатын. Ол Убайдуллоевтың орнына өзінің ұлы Рустам Эмомалиді  тағайындады.

Рустам Эмомалидің жасы бүгінде 29-да, ол 1987 жылы туылған. Тәжік Мемлекеттік университетінің «Халықаралық экономикалық қатынастар» факультетін бітірген, Ресейдің Сыртқы істер министр­лігінде тыңдаушы болған. Кезінде Тәжікстанның инвестиция және мемлекеттік мүлік комитетінде қызмет істеген, 27 жасында Қаржылық бақылау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі мемлекеттік агенттіктің төрағасы болып таға­йындалған. Әскери шені – генерал, ол ТМД елдеріндегі ең жас генерал саналады.

Р.Эмомали – Тәжікстан Президентінің үлкен ұлы. Оның Сомон деген інісі, Фируза, Озода, Рухмина, Тахмина, Парвина, Заррина, Фарзона есімді қарындастары бар. Қыздардың бірі – Озода 2016-жылы Тәжікстан Президенті аппаратының басшысы қызметіне тағайындалған болатын.

2016-жылы сондай-ақ Тәжікстанда ел Президенті атануға үміткер адамның жасы 35-тен жоғары болуы керек деген заң талабы өзгертіліп, ол 30 жасқа дейін шегерілген болатын. Осыған қарап Э.Рахмон келешекте билікті ұлына тапсыруға дайындалып жатыр деп айтып жүргендер бар. Ал бұл елде кезекті Президент сайлауы 2020-жылы өтетін болады.

Д. НҰРПЕЙІС.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ