Ақпарат

Қазақы үрдіс қайда қалды?

Қаралды: 382

Өткенде бір құдамыз қайтыс болып, жерлеуіне қатысып қайттық. Сонда маған мына жайлар ерсі көрінді:

Таң ата дүниеден қайтқан жанды құтыла алмай отырғандай түс әлетінде жерлеуге ұмтылғандары, жаназаға шақырылған елді топырлатып тұрғызып қойып, алыстан – Алматыдан келіп үлгермеген екі баласын күттіріп қоюы және алыс-жақыннан келген жекжаттарға нәр татқызбауы. Жыртыс тарату жайлы айтпай-ақ қояйын...

Сонда қазақы үрдіс қайда қалды?

Марқұм жас та емес, 97-ге келіп, екі ғасырды көріп, талай зобалаңнан өткен жан еді. Өзінен оннан аса ұл-қыз өсіп-өніп, олардан қаншама немере-шөбере көріп отырғаны және бар. Туыс-бауырлары да жайқалып өсіп отыр. Солардың бәрінің де жекжаттары бар ғой. Өзге өңірді айтпағанда, облыстың түкпір-түкпірінен жиы­лып келіп, азаға қатысқан адамда есеп жоқ.

Таудың баурайы, күн болса суық, ызғырық есіп тұр. Ел болса таңертеңгі ішкен асымен күн батқанға дейін жолда, сосын жаназада жүрсе, бұлары не еткені?

Бұл өзі  қазақта ғана емес, шариғатта да жоқ нәрсе ғой. Шариғатта сол үйден үш күн бойына түтін көтерілмесін, қазан асылмасын дейді. Ас-суын көрші-қолаң жеткізеді. Ал қазақта келген жекжат-жұратты күтіп алып, шығарып салады ас суын беріп.

«Біраздан бері солай келісім болған екен ауылда», – десті бірі, енді біреулер: «Өлерде әкелері солай айтып кетіпті», – деді. «Тым құрыса шай беріп тұрсаңдар қайтеді, елді дірдектетпей?!» – деп біреулер сол арада-ақ айқайлап та, ұрсып та кетіп жатыр екен.

Апырмай, біздің үлкендер күнде былай деп айтып отырушы еді: «Мен өлгенде жыртысты да, ас-суды да, өзгені де беріңдер елге. Осы жасқа дейін талайдың дәмін таттық, ұсынғанын – тәбәрік деп, жыртыстарын,  «көзі» деп берген затын алдық. Мойнымызға қарыз болып жүрмесін», – деп. Артында қалғандар солай етіп те жүрміз.

Мыналар сонда қалай болды, қайдан шықты, не еткендері?

Елге де, облысқа, тіпті республикаға десек те болар, белгілі, абыройлы-ақ әулет еді. Түк білмес,  можантопай, түйсіксіз дейтіндей де жандар емес. «Бұнымыз жөн болмайды» дейтін бірі табылмады ма арасынан сонда?

Қазақ мәйітті бір күн, кейде екі, үш түн де түнететін еді. «Алыстағылары жетсін, өз қолымен топырақ салсын, басында, жерінде болсын» дейтін.

Біз өзі қайда кетіп, кімге айналып барамыз осы?

Марат БОРЫҚБАЙ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру