Ата-аналар мектепке айтқандарын істетті

24.01.2017
Қаралды: 654

Біз Шымкенттің іргесіндегі адамдар ең көп шоғырланған ауылда тұрамыз. Балаларымыз осы ауылдағы мектепте оқиды. 

Желтоқсанның аяғында  үшінші тоқсаннан бастап оқушылар мектепке «пропускімен» кіретін болыпты деген әңгіме шықты. Оған анау айтқандай мән бере қоймадым.

Балалардың каникулы бітіп, оқушылар сабаққа барған соң бірер күннен кейін қызым жалпы ата-аналар жиналысы болатынын айтып келді. Сынып жетекшілері «пропуск» мәселесі бойынша екенін айтыпты. Жиналыс уақыты менің жұмыс кестеме сай келмеген соң бара алмадым. Бірақ жиналысқа барған көршімізден естідім.

«Пропуск» үшін 1500 теңге жинауымыз, содан соң әр айда телефонға 600 теңгеге бірлік салып тұруымыз керек екен. Біреулері басында қарсы болғанымен, арасында қолдағандар да болды», – деді көршім. «1500 теңгені не үшін жинаймыз? «Бірлікті» қайда, не үшін құямыз?» – деген сұрақтарыма көршім жарытымды жауап бере қоймаған соң қызымның сынып жетекшісіне қоңырау шалдым.

Амандық-саулықтан кейінгі бірінші сұрағым: «Пропуск» неге ақылы?» болды. Ол кісі Алматыдан жекеменшік бір компанияның өкілдері келіп, осындай құрылғы бар екенін, оның оқушыға да, ата-анаға да тиімді болатынын түсіндірген соң мектеп директоры ата-аналарды жинағанын айтты. Бірақ оған ата-аналардың бәрі дерлік қарсы шығып,  қабылдамапты.

Сынып жетекшісі: «Бұл құрылғы арқылы ата-ана баланың сабақ үлгерімі мен сабаққа қатысуын, қайда жүргенін бақылай алады, – деп жауап берді. – Ол үшін ата-аналардың барлығы бірдей смартфон ұстауы керек. Оған кейбір ата-аналардың смартфондары жоқ, бар болғанымен дұрыс пайдалана алмайтындары көп. Содан кейін 1500 теңгеге «карточка» алып, ай сайын оған 600 «бірлік» салып тұруы керек болды. Бұған да жұрттың бәрінің бірдей жағдайы келе бермейді. Отбасында үш, тіпті төрт баласы бірдей мектепке баратын ата-аналардың қалтасына бұл едәуір салмақ түсіргелі тұр. Сондықтан оны ешкім қолдаған жоқ. Сонымен бұл мәселе жабылды. Бірақ менің сыныбымда таңертең сабаққа келіп, үшінші-төртінші сабақтан кейін «жоғалып» кететін оқушылар да бар. Ата-анасына хабарлассақ, үйіне бармаған болып шығады. Олар мектепте деп ойлайды, ал мұнда соңғы сабақтарға қатыспаған болып шығады».

...Міне, біздің мектепке ене жаздаған жаңалықтың жай-жапсары осы екен. Яғни «пропуск» мәселесі ата-аналардың 99,9 пайыз қарсылығымен жабық деп жарияланыпты. 

Ж. СЕМБЕК.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!