Ақпарат

«Аңдамай сөйлеген ауырмай өледі» деген осы шығар

Қаралды: 347

Осыдан біраз бұрын біздің жақта жол апатынан өрімдей үш боздақ бірінен соң бірі қаза болған еді. 

Осы азаматтарды жерлеу кезінде жаназа шығарған молда: «Төрткүл аумағындағы бұрынғы төрт колхоздың адамдары, намаз оқымайсыздар. Пайғамбар жасынан асқан ақсақалдарымыз, неге бейнамаз болып барасыздар? Құдайдың қаһарына ұшырамайық та. Тілім жазықты, мына үш қаза сөзімді дәлелдегендей», – деп реніш білдірді. Ал көпшілік бұған аса мән бермей, селқос отырды.

Кейін молданы оңашаға шығарып алған бір ауылдасымыз: «Сіз бір рулы елдің намысына тидіңіз, – деді оған. – Біліп қойыңыз, Семей қаласында 1893-жылы оба ауруы тарап, халықтың қырылғаны тарихтан белгілі. Сонда Абай Құнанбайұлы қаланың үлкен мешітінің алдында тұрып: «Ағайындар, намазға жиналмаңдар! Әйтпесе өздеріңе ауру жұқтырасыңдар, оны елге таратасыңдар», – деп келгендерді қайтарып жібергені де ақиқат. Бұл оқиға Абайдың «мыңмен жалғыз алысқанына» бір дәлел ғана. Егер жастардың қазасына  тек намаз оқу арқылы тоқтау сала алсаңыз, әлгінде өзіңіз айтқан төрт колхоздағы 20-30 үйден  қыршын кеткен жақындарыңызды арашалап қалмадыңыз ба? Бұл айтқаныңыз мұсылмангершілікке де, мемлекетіміздің қазіргі саясатына да қайшы».

Бұған молда не айтарын білмей, жаназадағыларға қарай жылыстай берді.

...«Құлақтан кірген суық сөз көңілге барып мұз болар» демекші, топ ортасында тілге абайламаса қиын ғой.

Тынысбек ҚУАТБАЕВ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру