Ақпарат

Ей, қу ақша, саған ғашық барлығы...

Қаралды: 812

Ей, қу ақша, сен дәміңнен таттырдың,

Туғандарды бір-біріне жат қылдың.

Жүректерді иманынан айырып,

Адамдарға адамдарды аттырдың.

             Ей, қу ақша, саған ғашық барлығы,

             Сенде жатыр кей пенденің паңдығы.

             Абыройың асқақтап тұр әлемде,

             Адамдардың сенен төмен сәл құны.

Ей, қу ақша, сені сонша сүйдік пе,

Адамдарды араз қылып, килікпе!

Ей, қу қағаз, сенің мына күшіңмен

Сауатсыздар келіп алды билікке.

            Саналарға жүк еттің бе бәлеңді,

           Тоқтата алсаң, тоқтатып көр ал енді!

           Күндіз-түні үй көруге шама жоқ,

           Өзіңді іздеп шарлап кеттік әлемді.

Батырлардың болмай қалды өзі өткір,

Сұстылардың болмай қалды көзі өткір.

Бар мәселе сенде боп тұр, қу ақша,

Бұл күндері қалталының сөзі өткір.

         Адамдардың бәрі жақын жолауға,

         Сен барлығын қамап алдың тор-ауға.

         Бір сен үшін қыламыз деп жан пида,

         Адамды адам қорықпайды тонауға.

Шабандарға өзіңді-өзің қамшы еткен,

Әнші еместі сен екен ғой әнші еткен.

Түрлі-түрлі адамдар жүр топ құрып,

Экранға келіп жатыр әр шеттен.

          Көктем келсе, жер бетінің бақ-сәні –

          Дәнді көміп, егуші едік бақшаны.

          Ана өмірге әкетем деп ойлай ма,

          Біреулер жүр жерге көміп ақшаны.

Қалжың емес, шамам да жоқ әзілге,

Жағдайымыз осы боп тұр қазір де.

Түсінгенге осы да бір қасірет,

Арғы жағын айта алмаймын әзірге.

Дастан МАТНИЯЗОВ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікірлер   

 
0 #1 Таңшолпан Қазыбекова 04.06.2017 18:00
Авторы кім?
Дәйек алу
 

Пікір қалдыру