«ЦОН»-да адам өлді, ал депутат оны әжуа қылды

23.01.2017
Қаралды: 803

Қазақстан азаматтарын елдің басқа қалаларына барғанда 30 күннен артық жүрсе уақытша тіркеуге тұруға міндеттейтін заң күшіне енгелі бері 

Халыққа қызмет көрсету орталықтары ығы-жығы адамға толуда. Тіркеуге тұру үшін әбігер болып жүрген жұрт бұған наразы. Әсіресе мұндайда денсаулығында кінәраты барларға қиын. Заң күшіне енген алғашқы аптаның ішінде ғана осындай бір азамат «ЦОН»-ға барған жерінде көз жұмды. Ал кешегі аптада Халыққа қызмет көрсету орталығында тағы да бір адам қайтыс болды.

Бұған байланысты Парламент Мәжілісінің депутаты Аманжан Жамаловтың: «Науқас адам күні жетсе үйінде жатып та жан тапсырар еді ғой», – деген тұрғыда білдірген пікірі көптеген адамдардың ашу-ызасын тудырып отыр. Осыған орай ҚР мәдениет қайраткері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, профессор, ақын-сатирик Аймұханбет Бейсембеков Парламент Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматуллинге мынадай мәтінде Ашық хат жолдады:

«Құрметті Нұрлан Зайроллаұлы!  Бүгін Алматы қаласының Алатау ауданындағы «ЦОН»-да Қазақстан азаматы Кұнтақов Жарастың қайтыс болуына байланысты Мәжіліс депутаты Аманжан Жамаловтың бұқаралық ақпарат құралдарына берген сұхбатын оқып, депутаттың өрескел жауабының әсерімен сізге ашық хат жазуға мәжбүр болып отырмын.

А.Жамалов: «Ну, умер человек, с таким же успехом он мог по состоянию здоровья умереть и дома...» – деп «миығынан күліп» сұхбат беріпті. «Халық қалаулысы» деген А.Жамалов адами қасиет пен этиканы былай қойғанда, қазақ халқының дәстүріндегі өлген адамға деген аяушылық, көңіл білдіру, марқұмды ғайбаттамау, күлкі етіп «бұралқы» сөз айтуға болмайтын әдетімізді аяққа таптағаны оның санасының саяздау жан екенін көрсетті.

Қайтыс болған азаматтың жүрек талмасы, қан қысымы нау­қасы болса, оған дәрігердің режимін сақтау керек. Бірақ ол науқас режим сақтаса, «тіркеуге» тұрмағаны үшін айыппұл төлеуі керек. Ж.Құнтақовтың қайғылы қазаға ұшырауының басты себебі осылай болуы әбден мүмкін.

Азамат Жарас Құнтақовтың қалай қайтыс болғанын тиісті орындар тексере жатар. Ал менің сізден өтінерім: ҚР мемлекеттік қызметкерлер этикасын бұзғаны үшін және қайғылы қазаға ұшыраған Қазақстан азаматы Жарас Құндақовтың әруағын әжуә етіп, «әзіл» сөздер айтқаны үшін Мәжіліс күн тәртібінде А.Жамаловтың өрескел сұхбатын талқылап, оған марқұмның туыстарынан кешірім сұратқызып, шара қолдануыңызды Қазақстан азаматы ретінде талап етемін!»

...Міне, осылайша депутат А.Жамаловқа сын садағын кезеп жатқандар өте көп. Оның өзі көп ұзамай бұл қылығы үшін көпшіліктен кешірім сұрады. Ал сол екі аралықта аталған депутаттың заңға қайшы әрекеттері белгілі бола бастады. Яғни ол депутат бола жүріп, кәсіпкерлікпен де айналысады екен.  Бұған байланысты тиісті тексеру жүргізілетін түрі бар. Мәселенің ақ-қарасы таяу күндері анықталып қалар.

Н. ӘБДІ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ