Ақпарат

Смайылдың сырындай болған «Бір тамшы ой»

Қаралды: 517

Алдағы сәрсенбі, 25-қаңтар күні сағат 15.00-де Шымкенттегі А.Пушкин атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында Қазақстан Жазушылар 

одағының мүшесі Смайыл Ыбрақұлының шығармашылық кеші өтеді. Асқаралы 60 жасқа толып отырған қазығұрттық қаламгердің «Бір тамшы ой» деп аталатын бұл кешіне қатысып, рухани нәр аламын деушілерге кітапхана есігі ашық. Ал біз осы бас қосу қарсаңында С.Ыбрақұлының жақында ғана жарық көрген «Бір тамшы ой» жинағына енген бірқатар ой-толғамдары мен өлеңдерін оқырман назарына ұсынып отырмыз.

 

О, Жаратқан! Жаңа жылда жалын бер,

Сана бергін ерге елдің қамын жер.

Тосын келген пәлекеттен сақтасын,

Аман болсын «Алла» деген қалың ел!

       О, Жаратқан! Жаңа жылда жаңарып,

       Көп болсыншы қуанатын жаңалық.

       Адамзаттың жүрегіне құйылсын,

       «Шүкір» деген қарапайым даналық.

О, Жаратқан! Жаңа жылда жадырап,

Бүршік атсын «үміт» атты жапырақ.

Әр атқан таң қуанышын ала кеп,

Жұмақтай боп жарқырасын атырап!

                        * *  *

Бәрі жалған, сенбесеңіз, қараңыз,

Шындық пенен алыстауда арамыз.

Алдамақ боп Алланы да талпындық,

Неге біздер жасанды боп барамыз?

       Намаз оқып иілгені өтініп,

       Уағыз айтып сөйлегені көпіріп,

       Тақуа боп Тәңірімен тілдесіп,

       Сопы сынды киінгені – өтірік!

Бұл жалғанның мәнін ұқпас ез, өкпе,

«Тазамын» дер былғанса да тезекке.

Адам болмас ит-мақұлық ешқашан,

Итке айналар адам-шайтан мезетте.

       Жер бетінде жан қалды ма саналы?

       Күнде құлар имандылық қамалы.

       Ал адамзат Жаратқанды ұмытып,

       Екі аяқты итке айналып барады.

       Неге?

                            * * *

Наданға айтқан сөзің қор болады,

Бар адам емес қыран кербалағы.

Сөз ұқпай, есіл-дерті нәжісте боп,

Доңыздай жер бауырлап жорғалады.

       Наданға айтқан ақыл ағып кетер,

       «Жал» бітсе кездескенде қағып өтер.

       Күйелеп тастағысы кеп тұрады,

       Жер болса көсеуінің сабы жетер.

Ластық тұла бойға толып тұр ма,

Өзінше шыға келер болып тұлға.

Жаратқан! Сәулесі жоқ кеудесінде

Наданға, пендем десең, жолықтырма!

* * *

Адам бойындағы адамдық қасиет деген азайған кез ғой. Бір күндік пайда үшін уәдені жұту, біле тұра  әдейі алдау кәдімгі бір ерлік жасаған­дай көрінетін болды. «Өтірік айт, ұрлық жаса, қыс­қасы, не істесең ол істе, тек дүниең болса болды, бәрін сатып аласың» деген ұғым қалыптасып келе жатыр. «Дүние, ақша әлсізге күш береді, басқаға үстем­дігін жүргізуге құрал болады» деп үйретілуде. Сенбе­сеңіз, теледидарды көріңіз, газетті оқыңыз, айналаңыз­ға зер сала қарап көріңіз.  Аталы сөз адыра қалып барады, надандық жүрегімді қанжардай тіліп барады, бірін-бірі алдап мынау ұрпақтар санасын қарбыздайын жара­ды. Қайда барып тоқтайды екен бүгінгінің адамы?

* * *

Өмір қатігезденіп бара  жатқандай, Мейірім, шапағат деген ұғымдар ұмытылып, күші жеткен әлсізді шайнап жеуге әзір. Қанағат, обал, сауап деген түсініктер ескінің сарқыншағы сияқты  сезілетін болды. «Азулы бол, күшті бол, бай бол, бақуат бол – не істе­сең соны іс­те, әйтеуір қаржылы болсаң  болды. Бұл үшін не істесең  де кешіріледі, тек өз ақымақ­тығыңмен қолға түсіп қалмасаң болды» деген ұғым қалыптасты. Бәрін, бәрін сатып алуға болады – қыз­мет­ті де, адамды да, махаббатты да. Ол үшін ақшаң болса болғаны. Атақ, дәрежең, абыройың ақыл-есіңе қарай емес, байлығың мен қызметіңе қарай өлше­нетін болды. 

Ұлттық дәстүр адыра қалып бара  жатыр. Ойы бұзық, тілі шұбарланған, бүгінін ғана, өз қара басын ғана  ойлайтын, Абай мен Мағжанды оқымаған, кім екенін білмейтін тоғышар ұрпақ келе жатыр алшаң басып. Ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қорғап, ата-бабасының бүгінгі ұрпаққа  жеткізген жерін кім-көрінгенге, арзымайтын тиын-тебенге сатып, талан-таражға салып, сол сатқындығы үшін қалтасына түскен қаржыға мәз болған бейшара басшысымақтар ертең келер ұрпаққа не бетімен қарар екен? Өз жерінде, өз елінде құл мен күңнің күнін кешетін келер ұрпақтың жағдайын ойлаған жан бар ма?

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру