Ақпарат

«Шымкент-Плазада» қазақша кітап жоқ

Қаралды: 689

Таяуда қаладағы «Шымкент-Плаза» орталығына барған едім. Сонда көзіме бірінші болып кітап дүкені түсе кетті. 

Алып-ұшып жетіп барғанымды қайтейін, қуанышым су сепкендей басылды. Өйткені алыстан көз тартқан сөрелердегі кітаптың көбі орыс тілінде екен. Қазақ жазушыларының бірде-бір кітабы жоқ. 

«Волшебство – здесь!» деп айдар қойылған балаларға арналған сөрелерге де жеттім. Шүпірлеген жас­өспірімдер қызылды-жасылды көзтартатын кітаптарды қарап, таңдап жатыр екен. Онда қазақша төрт-ақ кітап тұр.

Ал бүгінде кітапханаларда қазақтың белгілі жазушыларының шығармалары көп. Соларды неге осындай кітап дүкендерінде сатпасқа? Көз майын тауысып жазған кітабын бас­тыра алмай қаншама жазушы жабығып жүр десеңші! Лайықты кітаптарды басып шығарып, кітап дүкендерінде әлемдік тәсілмен – авторының қолтаңбасымен сатуды осы біз қашан қолға аламыз?

Әлемдік тәжірибеде кітап дүкен­дерінде «Авторлық оқу бұрышы» деген бар. Автор аптаның белгілі бір күндері кітап дүкеніндегі арнайы бұрышқа барып, оқырмандарына өз туындысын оқып береді.

Мәдениеттің өзі осы қарапайым кітапқа деген құрметтен басталмаушы ма еді?

«Қалауын тапса, қар жанады» деген. Кітап баспаханалары мен кітап дүкендері бірігіп, авторлармен тиімді келісім-шарт жасасса, үш тараппен қоса оқырманның да бағы жанар еді деп ойлаймын. Ал осыны қашан қолға аламыз? 

...«Шымкент-Плазадағы» балаларына орыс тіліндегі кітаптарды сатып әперуге мәжбүр ата-аналарды көргенде көкейге осындай ойлар келді.

С. ҚАСЫМБЕК.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру