Шымкенттегі кішкентай «магнит-қыз»

23.01.2017
Қаралды: 1160

Шымкентте бір ерекше қыз тұрады. Аты-жөні – Аида Қуанышқызы, ол бүгінде 2-сыныпта оқиды. Ерекшелігі сол, Аиданы «магнит-қыз» деуге болады. 

Өйткені оның денесіне темір қасық-шанышқыларды тигізсе, олар жабысып қалады.

«Аиданың мұндай ерек­шелігін таяуда байқадым, – дейді оның анасы Раушан Омарқұлова. – Негізі мұндай қасиет менің өзімде де бар. Бірақ бұған аса мән бермей­тінбіз. Мен – 4 қыз, 1 ұлдың анасымын. Аида – біздің кенжеміз, оның Ардақ атты ағасы, Әсел, Аружан, Аяжан есімді әпкелері бар. Аида маған қатты ұқсайды, тіпті құлағымдағы туа-бітті «ен» де осы қызымда қайталанған. Аида сабақты жақсы оқиды».

...Жалпы, біз Аида есімді бұл ерекше қыз туралы осыдан бірер жыл бұрын газетімізде жазғанбыз. Ол кезде Аида балабақшаға баратын. Үйінде эстрада жұлдызы Қайрат Нұртас ағасының суретін кереуетінің бас жағына қойып ұйықтайтын, оның ән дискілерін жинап қоятын. Келешекте әнші боламын деп армандайтын. Ол Қ.Нұртастың Шымкентте болған бір концертіне қоймай жүріп анасымен бірге барып, әншімен суретке түскен, ол суретті де қазір альбомына қосып қойған.

Бір қызығы, бұл жолы өскенде кім болғың келеді деген сұрағымызға кішкентай Аида: «Дәрігер боламын», – деп жауап берді. Құдай аузына салып тұрған шығар деп ойладық іштей. Себебі екінің бірінің денесі темірді магнитше тартпайтыны белгілі. Ол көбіне биоөрісі қуатты адамдарда болады, яғни бұл жөнінде зерттеуші-ғалымдардың тұжырымы осындай.

Оның үстіне біз Аиданың анасы Раушанның бо­йында да осындай қасиет барын білдік.

«Мен мұның не нәрсе екенін білмеймін, – дейді Р.Омарқұлова. – Мұндай ерекшелік менде 3-сыныпта жүргенде пайда болған. Бірде бауырсақ жеп тұрғанымда бір аш ит қуалаған еді. Жеп тұрған бауырсағымды тастай сала қашқанмын. Сонда құлап, есімнен таныппын. Осы оқиғадан соң менде көп нәрсені алдын-ала біліп тұратын қасиет пайда болды. Бірақ өзімнен-өзім қорқып, қазір не болмағын біліп тұрғанымды ешкімге айтпайтынмын. Кеудеме, арқама темір тигізсек, жабысатын, ал алақаным үнемі ысып тұратын болды. Кейін есейдік, тұрмыс құрдық, тіршіліктің күйбеңімен жүріп осы нәрсеге мен мән бере алмадым.

Күйеуім Қызылорда жақтың жігіті. Біз бұрын, 1990-жылдары Жалағаш ауданындағы «Жаңаталап» деген сов­хозда тұрғанбыз. Сол жақта бірде аяғын басып жүре алмайтын, құйрығымен сырғып жүретін 6 жастағы баланы емдегенмін. Сол көп ұзамай, бір-ақ аптаның ішінде аяғын еркін басып, жүретін болған. Одан басқа да адамдарды науқасынан емдеп айықтырған кездерім бар.

Қазір мен адам емде­меймін, оған уақытым да, мүмкіндігім де аз. Бала кездегі қазір не боларын алдын-ала біліп тұратын ерекшелік те қазір менде жоқ. Бірақ тіл-көз тиген балаларға қарайтыным бар, ниет етіп, науқастанған баласын маған көрсеткендер шипамның тиге­нін айтып, алғысын білдіріп жатады. Кім біледі, біздің Аиданың бо­йына да сондай бір қасиет қона­йын деп тұрған шығар. Әнші боламын деуші еді, енді дәрігер боламын деп тұрғанын қарасаңызшы».

...Шымкенттік Раушан Омарқұлова осылай дейді. Олай болса, денесіне қасық-шанышқы жабысатын қасиеті бар кішкентай Аиданың бо­йындағы өзгеше биоөрісі жоғалмасын, үлкейгенде ол расында да көп адамға шипасы тиетін, алғыс арқалаған мықты дәрігер болсын деген тілегімізді білдіреміз.

Ж. ЕЛІБАЙ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ