Ақпарат

Түркияға барыпты, жақсы әсер алыпты

Қаралды: 1109

Таяуда Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев облыс аумағындағы білім беру, 

медицина және мәдениет салаларының қызметкерлерін Түркияға бір апталық саяхатқа аттандыру үшін 110 грант бөлген еді. Облыс басшысының гранты иелерінің қатарында Қазығұрт ауданындағы «Ащыбұлақ» жалпы орта мектебінің директоры Асан Үйсінбаев деген азамат та сапарлап қайтты (суретте). Ол Түркиядан алған әсерлері жайлы былай әңгімелеп келді:

– Анкарада Ататүріктің кесенесінде болдық. Бұл жерде Қазақстанға деген құрметтің зор екенін сезіндік. Әдетте ол жерге құжатын тексермей ешкімді кіргізбейді екен. Ал бізді кесене қызметкерлері тексеру былай тұрсын, құшақ жая қарсы алды.

Кесененің құрылысына  бірнеше мемлекеттің жерінен  топырақ алдырып қолданыпты. Түркия Президентінің жұмыс орнына да саяхаттадық. Жанында бес мың адам намаз оқитын мешіт бар, оны араладық.

Сапар барысында оқу орындарында болып, тәжірибе алмастық. Бір жекеменшік көпсалалы мектеп-колледждің әдісі мен тәртібі маған қатты ұнады.  Ол жерде оқушыларға үй тапсырмасы берілмейді екен, баға да қойылмайды. Аптасына 30 сағат дәріс оқытылады, күнде ыстық тамақпен қамтылады. Ондағы бастауыш сыныптарының өз спорт залдары бар. Мектептің тағы бір ерекшелігі – дәліздерге тақта мен маркер қояды екен. Кез келген оқушы ойындағы қалағанын немесе талап-тілегін өз атынан жазады.

Бір қызығы, оқушылардың сабақ аралық үзіліс кезіндегі құқықтары қатаң сақталады. Ол кезде оқушылар қалағанынша шулап, асыр салып, мектепті басына көтеріп жүреді. Тіпті елшіліктің өкілдері бізді ертіп апарғанда оқушылардың у-шуын ешкім тежеген жоқ. Толық емін-еркіндік беріледі екен. Бір оқушы мұғалімінен біздің кім екенімізді сұрады. Қазақ екенімізді білгенде күллі оқушылар қол соғып, құрмет көрсетті.

Ал дүкенге кіріп қалғанымызда қазақ екенімізді естігендер қуанып, зор ілтипат көрсетті.

Түркиядағы тағы бір жақсы үрдіс – халқы ағаш күтіміне ыждағаттылықпен қарайды екен. Содан кейін ол жақта патриоттық тәрбие жолға қойылған. Әр үйдің терезесінде, тіпті мазараттарда да елдің туы тұр.

Түркияда мұражай көп, Каппадокия қаласында ежелгі адамдардың өмір сүрген үңгірлері сақталыпты. Сол сияқты, жерасты мұражайларында да болдық.

...Асан Үйсінбаевқа осы көргендерінің ішінде мектептерінде балалардың құқығы қатаң сақталатыны айрықша әсер етіпті. Ерік-жігері мен бостандығы жасынан мұқалмасын дей ме екен... 

С. НАҒАШЫБЕК.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру