Венгрияда тұратын қазақ

23.01.2017
Қаралды: 2219

Венгрияның астанасы – Будапешт қаласында Қанат Жанғаскин есімді қазақ азаматы тұрады. Кешегі аптада біз ол кісімен хабарласып, сұхбат алдық.

– Қанат Қарасайұлы, алдымен өзіңіз жайлы айтып берсеңіз. Қай өңірдің тумасысыз?

– Мен Қостанай облысына қарасты Таран ауданында, «Набережный» деген совхозда дүниеге кел­генмін. Біздің елді мекенде бірнеше ұлт өкілдері тұратын. Басым бөлігі сол замандағы «халық жауының» отбасылары еді. Анам мұға­лім болып істеген, ерте қай­тыс болып кетті. Ал әкем Қарасай Қабиұлы Қарагө­зовтің мамандығы – дәрігер,  қазір жасы  86-да. Сөздің реті келгенде әкеме қатысты бір қызық оқиғаны айта кетсем деймін.

Біздің атамыз репрессия­ның құрбаны болған, әупірім­деп аман қалған. Ал кейіннен ашаршылық болып, елдің бәрі аштықтан қырылып жатқан тұста әжеміз марқұм әкемді аман алып қалу үшін «Тобыл» станциясынан өтіп бара жатқан пойызға отырғызып жіберіпті. Ол кезде небәрі 7-дегі әкем әйтеуір өйтіп-бүйтіп аман қалыпты. Бірақ өзі туып-өскен ауылдың атын да ұмытып қалған. Бақытына орай, Оңтүс­тіктегі Мақтаарал ауданына тұрмысқа шыққан туыс әпкеміз әкемді тауып алып, оны асырап-бағыпты, аты-жөнін, туған жылын да өзгерткен. Осылайша әкем Қарасай Жангаскин болып шыға келген. Бертін келе, яғни елде тыныштық, мамыражай заман орнағанда оқып, білім алып, дәрігерлік қызмет атқарды. «Қазақстанның денсаулық сақтау саласының үздігі» атанды.

Өзіңіздің негізгі мамандығыңыз қандай?

– Мен Алматы мен Ресейдің Санкт-Петербург қаласында оқып, білім алғанмын. Менің ең алғашқы ғылыми еңбегім энергетикалық қондырғыларды есептеу және құрылымдаумен байланысты болды. 1994-жылы Қазақстанға оралып, Алматыдағы экономикалық университетте доцент болып еңбек еттім, кейіннен Л.Гумилев атындағы «Еуразия» университетінде профессор болдым. Экономика ғылымдарының докторы ата­ғын қорғағанмын. Мақтан­ғандай болмайын, бірақ ке­зін­де мені «Қазақстан темір жолы» акционерлік қоғамы, Алматыдағы антимонополия­лық комитет сияқты ірі мекемелер реформа жасау үшін арнайы шақыртатын.

– Ал елден жыраққа кетуіңізге не себеп болды?

– 2006-жылы қатты нау­қ­астандым. Дәрігерлер менің өміріме қауіп төніп тұрғанын айтты. Сол себепті елден кетіп, Германияның Франкфурт қаласында емдел­дім. Неміс дәрігерлері мені өмірге қайта әкелді десем де болады. Ұзақ емделдім, оның бәрі адамның психикасына әсер етпей қоймайтыны белгілі. Тірідей «солып» бара жат­қанымды көрген неміс дәрігерлері маған өзіме ұнайтын іспен айналысуға кеңес берді. Мені адамзаттың ежелгі тарихы бойынша докторлық диссертация қорғау мәселесі қатты қызықтыратын. Содан Қытай­ға барып, зерттеу жұмыстарын жүргіздім. Бірқатар танымал тарихшылармен қызметтес болдым, тәжірибе жинақтадым. Соңында менің оң жамбасыма келетін сала – тарих екеніне көзім жетті. Осыдан біраз жыл бұрын жаңа айтып өткен тақырып бойынша тарихшылар мені Венгрияға жұмысқа шақырды. Содан бері Будапешт қаласында тұрамын.

–  Отбасыңыз да сол жақта тұра ма?

–  Әрине. Әйелімнің аты-жөні – Гүлвира Жангаскина, мамандығы – акушер-гинеколог. Екеуміз 4 ұл, 2 қыз өсірдік. Бәрі ержетіп, бойжетіп кеткен. Жоғары білімдерін алып, өз салалары бойынша еңбек етіп жүр. 8 немереміз бар. Құдаларымыздың бәрі өз ұлтымыздан.

– Үйде қай тілде сөйлесесіздер? Жалпы, қазақтың салтын, дәстүрін ұстанасыздар ма?

– Біз үйде қазақ, қытай, ағылшын және орыс тілде­рінде сөйлесеміз. Қазақтың салт-дәстүрін ұмытқан емес­піз. Үйде үнемі қазақша ет, бауырсақ пісіріледі. Айт, Наурыз секілді мерекелерді тойлаймыз. Ораза ұстаймын, осыдан он жыл бұрын қажылық парызымды орындап келгенмін.

–  Әлемнің көптеген елін аралаған екенсіз...

–  Иә, әлемнің 130 елін аралағанмын. Тіпті Иран, Сирия, Ирак, Түркия, Пәк­стан, Қытай секілді елдердің барлық аймағында болғанмын. Еуропаны түгел аралап шыққанмын. Оңтүстік Америкаға, ТМД елдеріне де жолым түскен. Барғанда текке жүрмей, мұражайларын, тарихи орындарын аралаймын. Негізі мені дін саласы да қызықтырады, сондықтан әр елдің мінәжат ететін ірі орталықтарына да баруды әдетке айналдырғанмын.

Мен әлі күнге дейін өзімді ұстаз, профессормын деп санаймын. Сондықтан әлемді аралағандағы пікірім мен алған әсерімді әлеуметтік желілер арқылы отандастарыммен бөлісіп отыруды әдетке айналдырғанмын. Жалпы, әр адам өзінің дүние­танымын, өмірге деген көзқарасын үнемі жетілдіріп отыруы керек. Кез келген жағдайға байланысты өзінің пікірі, «мені» болуы керек деп есептеймін.

–  Венгрияда қазақтар көп пе? Өзара араласасыздар ма? Жалпы, халықтың тұрмыс-тіршілігі қандай?

–  Венгрияда өте үлкен қазақ диаспорасы бар. Өзара тығыз қарым-қатынас орнаған. Тату-тәтті тұрамыз. Әр жыл сайын бір ғана Буда­пешттің өзіне Қазақстаннан 40-қа жуық аспирант келеді. Отбасымен көшіп келгендері де бар. Ал тұрмыс-тіршілігі жөнінде айтар болсам, мұнда – арзаншылық, халқы өте қонақжай, ақкөңіл. Бұл қаланың климаты да маған қатты ұнайды. Қазақстанға ұқсас. Қысқасы, Будапешт – тамаша қала.

–  Білікті экономист ретінде, жырақта жүрген қазақ ретінде, тіпті әлемнің көптеген елін аралаған адам ретінде айтыңызшы, біздің елдің қазіргі хал-ахуалына қандай баға берер едіңіз?

–  Негізі Қазақстан өте бай, ауқатты мемлекет еді, Құдайдың берген байлығымен қазақтар балқып-шал­қып өмір сүре алатын еді. Иә, еді... Енді тек өткен шақпен еске аламыз. Себебі бізде қазір түк те қалған жоқ. Біздің мұнайымыз да, газымыз да, қазба байлықтарымыз да өзіміздікі емес енді. Өкінішке қарай, болашақ ұрпаққа 160 миллиард доллар қарыздан басқа түк те қалмады.

–  Ендеше, не істеу керек?

– Не істейміз, тек ерін­бей еңбек ету керек. Әркім өзінің болашағын қамтамасыз етуге асықсын, оқысын, білімін жетілдірсін. Тек өзіне сенсін!

– Әңгімеңізге рахмет, қайда жүрсеңіз де аман болыңыз!

Сұхбаттасқан – С. ИКРАМҚЫЗЫ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ