Ақпарат

Аса ауылынан келген айрықша хат

Қаралды: 1327

«Замананың» редакциясына жыл сайын бір азаматтан өзгеше мәтіндегі хат келіп тұрады. 

Мекен-жайын «Жамбыл облысының Аса ауылы» деп көрсететін осы бір ерекше адам өзінің дәстүрлі хатын бізге биыл да жолдапты. Бұл жолы өзінің аты-жөнін «Әбдірахим қажы Сағынтайтегі» деп көрсетіпті. Бұл ол кісінің нақ­ты өз есімі ме, әлде өзгертілген ныспысы ма, біз оны анық білмейміз. Белгілісі, өз хатын үнемі «Иә, Алла!..» – деп бастайтын адамның хаты кейбір азаматтар мен мекемелерге және «Замана» газеті редакциясына арналған тілектерге толы болады. «Жақсы сөз – жарым ырыс» демекші, мұндай тілектердің жанға жылу сыйлайтыны рас, сондықтан бұл хатты ықшамдап, оқырман назарына ұсынып отырмыз.

Жансейіт Түймебаевқа және ел-жұртқа бата

Әбекең бұл жолғы хатына «Жансейіт Түймебаевқа және ел-жұртқа бата» деген тақырып қойып, өз тілектерін былайша жаудырыпты:

– Иә, аса Қамқор, ерекше Мейірімді Алла! Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевқа қыз­метін құтты қылып, елге жақсы қызмет етуі үшін күш-қуат бере гөр! Зор денсау­лық, ұзақ өмір беріп, әрқалай бәле-жаладан сақтай гөр, мұратына жеткізе гөр!

Иә, Алла, иә, Ұлы Алла! Тәуелсіз Қазақстанды әрқандай зұлымдардың зұлымдығынан, дұшпандардың дұш­пандығынан, қулардың қулығынан, сұмдардың сұмдығынан Өзің сақтай гөр! Ел-жұртымызды, мемлекетімізді әртүрлі табиғи апаттардан, жер-көктен келетін әртүрлі бәле-қазалардан, жер сілкінісінен, сел басуынан, су тасуынан, ауа ра­йының қатты суытуынан, көк мұздан, өрттен, жұттан, қуаңшылықтан, батыстан күшті жел тұрып, құм мен шаң суыруынан сақтай гөр! Әумин!

Жастарға отбасын құрғыза гөр!

Еліміздегі тәрбиелі, білімді, инабатты жастарға отбасын құрғыза гөр! Әумин!

Иә, Алла! Тараз қаласына Айша Бибі мен Қарахан атындағы сәулетті Неке сарайын салдыра гөр!

Алматы мен Тараздың, Шымкент пен Қызылорданың, Түркістан мен Талдықорғанның, Шу мен Сарыағаштың, Қапшағай мен Қаратаудың, Арал мен Жаңатас­тың, Талғар мен Текелінің, Байқоңыр мен Кентаудың, Жетісай мен Қаскелең қалаларының жастарын тәрбиелі, білімді, инабатты болдыра гөр!

Жоғары білімді жастарды ертерек үйлендіре гөр! Текті, тәрбиелі, дарынды балаларды дүниеге көптеп келтіре гөр! Жоғары білімді жастарды автомобиль апатынан, ауру-сырқаудан, қылмыстан, суицидтен, бәле-жаладан, қауіп-қатерден, суға кетуден сақтай гөр! Әумин!

Жоғары білімді қыздар тұрмыс құрсын, өмірге сәбилер көп келсін!

Иә, Ұлы Алла! 2017 – 2018-жылдары еліміздегі 23 – 34 жас аралығындағы жоғары білімді қыздарды (мұғалімдер, дәрігерлер, есепшілер, кітапханашылар, мәдениет саласының қызметкерлері, тағы басқа) отбасылы ете гөр!

Елімізде дені-басы сау, көрікті, сымбатты сәбилерді өмірге көптеп келтіре гөр! Ажырасуды, жетім қалуды болдыра көрме! Әумин!

Қазақ басылымдарын оқитын жастарды аман-есен ете гөр!

Қылмыскерлерді қайтыс болдыра гөр!

Иә, Алла, иә, Ұлы Алла! Еліміздегі қылмыскерлердің, жауыздардың, нашақорлардың, ұры-қарылардың, адам өлтірушілердің, банк пен банкомат және үй тонаушылардың, мемлекет қаржысын талан-таражға салушылардың, теріс діни ағымдағылардың, базар өртеу­шілердің тиісті жазасын беріп, ажалынан бұрын қайтыс болдыра гөр!

Қазақстан халқы 30 миллионға жетсін!

Иә, Ұлы Алла! Қазақстан халқын 30 миллионға жеткізе гөр!  Әумин!

Тараз қаласының хал­қын 450 мыңға, Қызылорда қаласының халқын 350 мыңға, Талдықорған қаласының халқын 250 мыңға, Түркістан қаласының халқын 200 мыңға жеткізе гөр!

Иә, Ұлы Алла! Алматы қаласына қазақтың әйгілі бишісі Шара Жиенқұлованың, Тараз қаласына қазақтың бұлбұл әншісі Күләш Байсейітованың ескерт­кіштерін орнатқыза гөр!

Жаратқан баршамызды жарылқасын!

Иә, Алла, иә, Ұлы Алла! Осы батаға ұзақтан, жақыннан «әумин» дегендерді, «қайыр-дұғадан тастама» деп үміт еткендерді, сондай-ақ әке-шеше, ата-бабаларымызды, жақындарымызды, бүкіл мұсылмандарды мүбәрак 2017-жылы жарылқай гөр!

Иә, Ұлы Алла! Дүние жүзіндегі барлық мемлекеттерге тыныштық бергізе гөр!

Иә, Алла, иә, Ұлы Алла! Елімізде тыныштық, бейбіт­шілік болсын, аспанымыз ашық, заманымыз тыныш болсын! Бай-қуатты болайық! Әумин!

Газет-журналдарға және «Сары балаға» тілек

Редакциямызға ерекше хат жолдаған азамат бұдан бөлек,  «Замананың» және «Оңтүстік Қазақстан» газетінің, «Білім және ғылым әлемі» журналының таралымдары арта түсуін, Шымкенттің «Ордабасы» футбол клубының  Қазақстан кубогына ие болуын тілепті. Атын «Сары бала» деп көрсеткен (бәлкім құрдасы болар) азаматтың және оның ауылдастарының қыздарының тұрмыс құрып, ата-аналарын текті жермен құда етуіне, олардың әулетінде, отбасында жақсылықтар мен қуаныштардың көп болуына тілектестігін білдіріпті.

...Бұл азаматтың редакциямызға жыл сайын келетін бұрынғы хаттарында қалжың түріндегі тілектер басымырақ еді, ал бұл жолы ол бізге байыпты, салмақтырақ көрінді. Біз өз тарапымыздан ол кісінің өзіне де амандық тілейміз, ізгі ниеттеріңіз қабыл болсын дейміз. Елімізде тек қана жанға жағымды жаңалықтар, жақсылықтар бола берсін, әрбір күніміз ізгіліктерге толы болғай! Әумин!

Д. НҰРПЕЙІС.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру