Ақпарат

Ауылда ашылған тегін дүкен

Қаралды: 1920

Төлеби ауданының Көксәйек ауылында тұратын Мәдина Ермахамбетова есімді замандасымыздың екінің бірінің қолынан келе бермейтін іске бел буғанына көп уақыт өте қойған жоқ.

Нақтылап айтсақ, оның бастамасымен ауылда ашылған «Бәрі де рахмет үшін» атты тегін дүкен талай жандарға қуаныш сыйлауда. Аудандық орталық аурухананың бас дәрігері қызметін атқарып жүрген Мәдина Сейфоллақызы ел-жұртқа кеңінен танымал. Кейіпкеріміздің мұндай істі қолға алуына өзі тұратын аумақтағы аз қамтамасыз етілген отбасылардың тұрмыс-тіршілігі  әсер еткен көрінеді.

«Біз де жас кезімізде өзгелер сияқты талай отбасылық қиыншылықтарды бастан өткердік, – дейді Мәдина Сейфоллақызы. – Азық-түлік, киім-кешек, ыдыс-аяқ сияқты әр үйге қажетті заттарды алуға кейде ақша жетпейтін. Міне, біздің басымыздан өткен сондай нәрселер қазір де көп адамның басында бар. Осындай жағдайларды күн сайын көре жүріп ел-жұртқа көмектессем деген  шешімге келдім. Бұл ойымды  айналамдағылар да құптап, жан-жақтан көптеп-көмектеп жүріп осы дүкенді аштық.

Бір қызығы, бірінші күні келгендер бар-жоғы екі сағаттың ішінде дүкеннің ішінде бірде бір зат қалдырмай талап алып кетті. Осыны көрген соң маған «елге мынадай дүкен қажет екен» деген ой келіп, оны ары қарай жалғастыру керек дегенге тоқталдық. Шүкір, бастаған ісіміз елдің көңілінен шығып жатқан секілді. Бүгінде дүкенге келетіндердің саны күн сайын артып келеді. Дүкенге негізінен ауыл әкімдігінде аз қамтамасыз етілген отбасылар санатына жататындар келеді. Ондай отбасылардың саны шамамен 150-дей».

Қазір бұл дүкенде ыдыс-аяқ  дейсіз бе, қыстық және жаздық киімдер, сондай-ақ азық-түліктердің нешеме түрлері самсап тұр. «Клиенттер» тегін дүкеннен өздеріне керекті барлық қажетті заттарды қалауынша ала алады. Бір тәуірі, бұл ауылда «өзі тойса да көзі тоймайтын» жандар емге жоқ. «Нысап сайын – береке» дегендей, әйтеуір әркім тек өзіне керегін ғана алып қайтады.

Бүгінде аталған дүкенге жан-жақтан қол ұшын созып, көмек берушілердің қатары өсе түсуде. Мысалы, Әбіл Ақтаев деген депутат бір бұқасын сойып, етін дүкенге өткізсе, Зертас елді мекенінде тұратын Ерғали есімді азамат 105 литр өсімдік майын тегін берді. Күні кеше ғана тағы бір адам 5 мың теңге беріп кетіпті. Дүкендегілер ол ақшаға жұртқа қажетті макарон өнімдерін сатып алып қойған.

«Дүкен орналасқан ғимарат Сәуле Ахметова деген кәсіпкер апамызға тиесілі. Қазір Сәуле апай осы жұмыстың басы-қасында жүр. Келешекте дүкенді үлкейтсек дейміз. Бірақ оған уақыт керек», – дейді Мәдина. Оның өзі көпбалалы отбасында өскендіктен бүгінде жұртқа қайырымдылық жасамай жүре алмайтын жағдайға жеттім дейді. Өзі тынымсыз жан, ешқашан қарап отыра алмайды. Ал мына ел-жұртты сүйсіндірген игі ісіне өмірлік жолдасы Нұрлан үлкен қолдау көрсетсе, Аида, Индира, Аяжан, Бағлан, Бексұлтан есімді ұл-қыздары  да аянған емес.

Қысқасы, Мәдина замандасымыз күн сайын қаншама адамның алғысын алып жүр. Оған Алланың нұры жаусын деген тілек айтамыз.

Б. ҚҰРАЛБАЙ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікірлер   

 
0 #1 Есполова Алтыншаш 21.01.2017 06:26
Қандай керемет. Рахмет. Өзім барып көрмесемде ештеңе алмасамда, мұтаж жандарға қөмектесіп тегін бергеніне таңырқап отырмын. Алланың нұры жаусын. Аллам екі есе береке берсін көмектескен аға апайларымызға.
Дәйек алу
 

Пікір қалдыру