Ақпарат

«Қара шаңыраққа барғанда алдымен әруақтар үшін сәлем саламын»

Қаралды: 936

Сөздің шыны керек, бүгінде ене мен келіннің түсінісулері қиын. Енесін жамандайтын келінді де, 

келінін жақтырмайтын енені де күнделікті өмірде жиі кездестіреміз. Ал біздің бүгінгі сұхбатымыздың кейіпкері шымкенттік Мәдина Байназарованың енесі жайлы айтар сыры бөлек.

– Мәдина Олжабекқызы, алдымен өзіңіз жайлы қысқаша әңгімелеп берсеңіз...

– Мен Сайрам ауданы, Көмешбұлақ ауылында туып өстім. Әкем Олжабек Қыстаубаев пен анам Тұнжыр Биғонова саналы ғұмырларын ұстаздық етумен өткізген жандар. Әкем қазақ тілі мен әдебиетінен, ал анам химия-биология пәндерінен сабақ беретін. Екеуінің де тәрбиелеген шәкірттері  бүгінде үлкен қызметтер атқарып жүр, арасында елге танымал азаматтар да бар. Анам мен әкемді ауыл адамдары Қыз Жібек пен Төлеген деп атайтын. Олай дейтініндей де бар, анам мен әкем бір-бірін сөйлемей-ақ түсінісетін және сыйластықтары да ерекше еді. Анам әкемді жұмысқа кетіп бара жатқанында үсті-басын қағып, аяқ киімін айнадай жалтыратып сүртіп шығарып салса, әкем анам жұмыстан келе жатқанда шай дайындап, нанға май жағып күтіп отыратын. Отбасында екі қыз өстік. Сіңлім Махаббат әкемнің жолын қуып, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болды. Ал мен екі мамандық (педагог, медбике) игердім. 19 жасымда Сайрам ауданы, Қайнарбұлақ ауылына,  Байназаровтар әулетіне келін болып түстім. Ата-енем бес қыз, төрт ұл өсірген, көпбалалы отбасы еді. 

– Келіндік өміріңізден бірер ауыз әңгіме айтып берсеңіз...  Ата-енеңіз қандай жандар еді?

– Қыз баласы жат жұрттық деп жатады ғой. Бірақ мен жат жұртқа барып  қиналдым деп айта алмаймын. Себебі атам да, енем де өте түсінігі мол, керемет жандар болып жолықты. Маған ерекше көңіл бөліп, алақандарында аялап өсірді. Оның бір себебі күйеуім Қалдыбектің әскери борышын Ауғанстанда өтеп келгенінде жатыр ма деп те ойланамын. Себебі 1979-1980 жылдары ауылдан 20-30 жігіт Ауғанстанға кетсе, соның біреу-екеуі ғана аман-есен, кейбірі тіпті жарымжан болып  оралып жатты ғой. Ұлдары әскерде жүргенде мүмкін ата-енем осы баланы үйлендіріп, қызығын көре аламыз ба екен деп армандады ма, оның аман оралғанына қуанғаны ма, әйтеуір маған ерекше көңіл бөлді. Енем таңертең сиыр сауып, самаурынды  қайнатып қояды. Үйде адам көп, самаурындағы шай жетпей қалады. Сондайда енем шәугімдегі шайды әкеле қояды. Оны қашан қойып үлгергенін де байқамаймын. Ең соңында атам, енем, мен үшеуміз қалып, оңаша шай ішеміз.

Мен қалада жұмыс істейтінмін. 80 сом айлығымды ата-енеме әкеліп бергенімде ол кісілер қуанып, келініміздің табысы деп дастархан жайып, құран оқытқан. Содан соң әр дүйсенбіде мен жұмысқа кетіп бара жатқанымда енем қолыма он сом беретін. Ол кезде он сом дегеніңіз өте көп ақша. Мен: «Апа, бұл көп қой, мұның бәрін қайтемін?» десем, ол кісі: «Керегі болып қалар, қалаған нәрсеңді алып жеп жүр», – дейтін. Мен жұмыстан келемін дегенше кешкі асты да өзі дайындап қояды. Күндіз не жесе, соның ішінен менің үлесімді сақтап отыратын. 

– Ата-енеңізбен қанша жыл бірге тұрдыңыздар?

– Жарты жылдай ғана тұрдық. Содан кейін бізге еншімізді беріп, қалада тұрдық. Бірақ әр сенбі-жексенбіде ауылға барып тұратынбыз. Біз  ғана емес, бөлек шыққан абысындарым да барады. Жазда қыстан шыққан малдың қиын бір күн илеп жатқызып қойып, ертесіне тезек құямыз. Енем тандырға нан жабады. Күз басында банка жабамыз. Шынын айтқанда ауызбіршілігіміз бен ынтымағымыз өте күшті болды. Ол да ата-енемнің берген тәрбиесінің арқасы шығар. Бүгінде ол кісілер өмірде жоқ. Бірақ ауылдағы қара шаңыраққа барғанда дарбазадан кіріп бара жатып, әруақтарға арнап сәлем салып кіремін. Анам: «Үйде адам болсын, болмасын келін әруақтарға сәлем салып кіруі керек» деп отыратын. Сол жадымда қалып қойыпты.

– Өзіңіз келін түсірдіңіз бе? Таңдау­ды кім жасады? 

– Төрт қыз, бір ұлым бар. Қыз ұзатып, ұлымды үйлендірдім. Жалғыз ұл болғасын келінді өзіміз таңдағымыз келген, бірақ ұлым өзі ұнатқан қызына үйленді. Астанада жұмыс істейтін қызбен сөйлесіп жүретінін білуші едік. Бірақ іштей шет жақтың қызы біздің салт-дәстүрді, біздің ортаны түсіне ме екен, қалай болар екен деп уайымдайтынбыз. Өзімізше ананы-мынаны айтып, ұлымды айныт­қан боламыз. Ол біздің сөзімізге құлақ аспайды. Ақырында сол қыздың өзіміздің Сайрам ауданындағы Әсіл ауылының қызы екенін естігенде бөркімізді аспанға атып қуандық.

– Енеңіздей ене бола алдыңыз ба?

– Бүгінде ұлым мен келінім  Ақтауда тұрады. Жылына бір рет келіп, немерелерімізді иіскетіп, мауқымызды басып кетеді. Енем маған сондай қамқорлық көрсеткенде мен оны неге келініме көрсетпеуім керек? Шамамның келгенінше оған аналық мейірімімді төгуге тырысамын.

– Енді отағасыңыз туралы айтсаңыз... Ол кісі қандай жан?

– Үйленгенімізге отыз жылға жуықтап қалыпты, ешбір ренжіскен емеспіз. Ол кісі сабырлы, өте жақсы адам. Осы күнге дейін бір-бірімізге «Сіз» деп сөйлейміз. Мен ол кісіні «Қалеке» десем, ол мені «Мәке» деп атайды. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген рас екен. Анам әкемді қалай күтсе, мен де ерімді солай күтіп-баптаймын. Үйден шығарда киімін щеткелеп, аяқ киімін сүртіп шығарып саламын. Кешкісін жұмыстан келгенінде: «Қалеке, жағдайыңыз қалай? Шаршаған жоқсыз ба?» деп жағдайын сұрап қарсы аламын. Есесіне, оның да маған деген ықылас-құрметі бөлек. Бұл жасандылық емес, барымыз осы. Тіпті балалардың көзінше де осылай сөйлесеміз. Бірде үйде күйеубаланың барын ұмытып кетіппіз, екеуміздің сіз-біздесіп отырғанымызды көрген ол қызыма: «Әке-шешең күні кеше үйленгендей сияқты ғой», – депті. Оны естіп күліп алдық.

– Мәдина апай, бізге уақыт бөліп сұхбат бергеніңізге көп рахмет! Бұл әңгімеңіз көп адамдарға ой салады деген үміттеміз.

Бес күн жалғанда ерлі-зайыптылардың, ене мен келіннің, ет жақын адамдардың бір-бірін түсініскеніне, сыйласқанына не жетсін!  Қалдыбек пен Мәдина Байназаровтар отбасындағы бұл татулық пен сыйластық өзге отбасыларға да жұғысты болсын дейміз.

Г. ӘШІРБЕКОВА.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру