Ақпарат

Қалыңдық іздеген қытайлар келе жатыр

Қаралды: 635

Таяуда әлеуметтік желілерде: «18-40 жас аралығындағы басы бос қыздар! Қалталы Қытай жігітіне тұрмысқа шыққыларыңыз келе ме? 

Астанаға отбасын құру мақсатында бір топ Қытай азаматтары келе жатыр» деген хабарландыру тараған болатын. Бұл хабар жергілікті жұрт арасында қызу талқыға түсті. Мұны Қытайдың кезекті қулығы, астарлы саясаты деушілер де табылды.

Қытай азаматтары қалыңдықты неге Қазақстаннан іздеді? Бұл қалталы «күйеу жігіттер» кімдер? Оны біз осы хабарландыруды жариялаған «Gіmeney» отбасылық неке агенттігінің директоры Татьяна Логвиненкодан (суретте) сұрадық.

– Бұл хабарландырудан қандай да бір саяси астар іздеудің керегі жоқ. Және де Қытай азаматтары Қазақстанда қалу үшін келе жатпағанын ескерткім келеді. Жұрт жаппай шулап кететіндей қалыңдық іздеуші азаматтар жүздеп-мыңдап саналмайды. Біз жақында Батыс Еуропалық агенттіктермен бірлесе жұмыс жасауды қолға алдық. Осы әріптестік негізінде қолымызда 15 азаматтың анкетасы бар. Ұлты қытай демесеңіз, олардың біразы Жаңа Зеландияның, кейбірі Канаданың, тағы бірі Норвегияның азаматтары. Батыс Еуропада ер адамдарға қарағанда әйелдер аз. Сондықтан олар өмірлік жарын басқа өңірлерден іздеуге мәжбүр.

Біздің агенттікке өтініш айтқандардың есебімен Астанада 1 ер-азамат­қа шамамен 8 әйелден келеді. Бұл әйелдердің бақытын басқа елден іздегенінде тұрған не бар? Қайда жүрсе де, бастысы бақытын тапса болды емес пе?

– «Күйеу жігіттер» жайлы айтыңызшы. Хабарландыруда оларды қалталы деп көрсетіпсіздер. Олардың болашақ қалыңдығына қоятын талаптары қандай?

– Олардың барлығы да қалталы, жеке кәсібі бар, өте білімді, сауатты, бірнеше тілді меңгерген жандар. Ешқайсысының да Қазақстанда қалатын ойлары жоқ, қайта бақытын тапса, заңды түрде некелесіп, көңілі құлаған адамын өзімен бірге ала кетпек. Егер қалыңдық өз елінде қалуды көздесе, оны өзара ақылдасып шешеді.

– Шетелдік қалталы «күйеу жігіттермен» танысуға ниет білдірушілер бар ма?

– Агенттіктің басты шарты – құпия­лылықты сақтау. Сондықтан өтініш білдірушілер жайлы ешқандай дерек бере алмаймын, тіпті санын да айта алмаймын. Біз қазір жұлдызы сәйкес, сұранысы, мінездемесіне сай келетін, танысуға келісім берген жандарды бір-бірінің анкетасымен таныстырып жатырмыз. Яғни әріптестерімізге танысамын деген қыз-келіншектер жайлы деректерді жолдадық. Бір клиент бірнеше адамның анкетасын қарауға құқылы. Осы жұмыстарды аяқтаған соң, ақпан айының ортасында Астанада арнайы кездесу өткізіледі. Сыңарын іздеген адамдардың жақын танысып, тіл табысуы үшін боулингке, караокеге бару секілді шаралар жоспарланған. Бір-бірін ұнатқан адамдар қалауы бойынша кешкі тамақтануға бара алады. Агенттікте тіркелген қыз-келіншектер үшін оның ақысы – 15 мың, ал өзгелер үшін 25 мың теңге.

Осы хабарландыруды қазақ қыздарын біз қытайлықтарға үлестіріп жіберетіндей жаңсақ түсінгендер болды. Бұл жерде мәселе тек қазақ қыз-келіншектері туралы болып отырған жоқ. 130 ұлт өкілі тұратын елімізде түрлі ұлттан тараған жалғызбасты қыз-келіншектер жетерлік.

– Ал енді агенттік туралы айта кетіңізші? Осы уақытқа дейін қанша адамның бақытын табуына көмектестіңіздер?

– Алдағы ақпан айында біздің жалғызбасты адамдарға өмірлік жарын табуына жәрдем беріп келе жат­қанымызға бес жыл толады. Осы күнге дейін жүзден аса жұптың некелесуіне себепкер болдық.

Мен бұл агенттікті табыс тауып, пайдаға кенелу немесе жұмысым жоқтықтан, уақыт өткізу үшін аш­қан жоқпын. Жалғыздықтың не екенін мен өте жақсы білемін: оның қамытын 12 жыл арқалағанмын. Өзімнің жұбымды осындай сенімді неке агенттігінен тап­қ­анымды айта кетейін.

Қазір әлеуметтік желілерде түрлі танысу бұрыштары көп. Бірақ, бай­қасаңыз, онда ер адамдардың көпшілігі көңілдес, тоқал іздейді. Олардың жалған жылы сөзіне алданып қалғандар да жетерлік. Ал біз тек басы шын мәнінде бос, бойдақ еркектермен ғана жұмыс жасаймыз. Келушілерден мекен-жайы мен отбасы құрамы, сотталған-сотталмағаны туралы, наркологиялық, жүйке аурулары диспансерінен анықтама өткізуін талап етеміз. Әр келушімен жеке-дара жұмыс жасалады. Құпиялылық қатаң сақталады.

Қазір командамда 5 адам бар. Менеджер тиісті құжаттарды қабылдаған соң клиентпен астропсихолог сөйлеседі.

Жалғыздық пен алғашқы некедегі сәтсіздіктен кейін сағы сынған адамдар да кездеседі. Оларға психолог, таро-нумеролог, хиромант, сексопатолог, басқа да мамандар көмек көрсетеді. Арнайы тренингтер өткізіледі.

– Бұл қызметтердің ақысы қанша?

– Негізінен 30 – 55 жастағы адамдармен жұмыс жасаймыз деп ойлағанбыз. Әйткенмен 26-дағы бойжеткен, 60-тан асқан жалғызбасты азаматтар да бар. Біз бір-біріне сай келетін адамдарды алдымен анкетасы арқылы таныстырған соң олар үшін топтық немесе оңаша кездесулер ұйымдастырамыз. VІP-кездесуді талап ететіндер де бар. Көбіне жұптар анкета арқылы емес, осындай кездесу – караокеге, боулингке, саяхатқа бару кезінде тіл табысып, сөздері жарасып, табысып жатады. Олардың ақысы шығынға сай 20 – 100 мың теңге аралығында.

– Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан – Р. ОРДАБЕК.

P.S. Қазақстаннан қалыңдық таңдауға Қытайдан «бай күйеу жігіттер» келетіні туралы ғаламторда таралған хабар қоғамда үлкен талқылау туғызды. Бұған көптеген қандастарымыз үзілді-кесілді қарсы екенін білдірді.  Ал 11-қаңтар күні Астанада  бір топ азамат «жеңгетайлықты» қолға алған неке агенттігінің жанында митинг өткізді. Олар аталған мекемені жауып тастауды талап етті. Ол жерге полиция да барды, бірақ тәртіп сақшылары мұндай іске өз қарсылығын  білдірген жандарға жөнсіз шара қолданған жоқ. Митинг бейбіт жолмен өтті, жұртшылық тыныш тарады.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікірлер   

 
0 #2 Агман 22.01.2017 07:20
Кытай азаматтары биздин елден таза канды казак кыздарын алуга келе жатса,Олардын келуине ким мумкиншилик берди,сол адам жауапка тартылсын !! Ал оз каным Казак кыздарына айтарым,калай сендер кытайга турмыска шыгып,олардын касында жатасын жане бала табасындар, Сендер де намыс,ар уят жок,ата ана тарбиесин кормегенсиндер гой деймин.Алиде болса ойланындар Кара коз синлилерим,байс ыз калсандарда кытайга турмыска шыкпандар ,бала таппандар,оданд а оз елинде Кари Кыз атанганын 100 есе артык кой!!!
Дәйек алу
 
 
0 #1 аноним 21.01.2017 06:21
шет елдікке күйеуге шыққысы келетіндерге қарсылық жоқ. Тек күйеуге тиген соң Қазақстанда тұрмасын. Күйеуіне қосылып сол елге кетсін. Шыққан қыз шиден тысқары деген.
Дәйек алу
 

Пікір қалдыру