Ақпарат

Бала кезінен бастап аңшылыққа барған

Қаралды: 819

«Қансонарда бүркітші шығады аңға» демекші, қыс кезі – аңшылар үшін қызығы мол маусым. Ел ішінде осы аңшылықты кәсіп еткен жандар бар. 

Солардың бірі – бүгінде Шымкентте тұратын Мұхит Исабек деген азамат. Біз таяуда ол кісімен жолығып, әңгімелестік.

Мұхит Әбілзайырұлы 1974-жылы Отырар ауданындағы Көлқұдық ауылында өмірге келіпті. Ол кісінің аталары аңшы болған екен.

«Мен аң аулауды атамнан үйренгенмін, – дейді ол. –  Кішкентай күнімде атам аңға шығар болса мен де барамын деп жылап тұрып алады екенмін. Аңшылыққа қатты қызыққаным соншалық,  мылтық атуды 4 жасымда  үйреніппін. Бірде қоян атып алыппын.  Мұны маған анам айтып берген. Жалпы, аңшылықпен сол уақыттан бері айналысып келе жатырмын десем болады. Бүгінде өзімнің бір тазы, бір төбетім бар. Екеуі де өте ақылды, қалай аң аулау керек екенін жақсы біледі. Сол екі итті аңшылыққа алып шығамын.

Осы уақытқа дейін талай қырғауыл, қоян, түлкі, қасқыр, аю атып алғанмын. Аң аулауға ауылдағы тоғайға, «Көксарай» жаққа, Шошқа­көлге, Мақтаарал ауданына барамын. Кей аңдардың денесінен тұлып істеп, қатырып қоямын. Болашақта осы дүниелерімнен көрме ашсам ба деген жоспарым бар».

Аңға шыққанда қызықты жағдайлар көп кездеседі екен. Солардың бірі жөнінде  М.Исабек былай дейді:

«Бірде ағам екеуміз қоян аулауға шыққанбыз. Қоянның ізін көріп, қай тұста екенін қарай бастадық. Бір жерден із үзіліпті. Демек, қоян ұзағыраққа қарай секірген болды деп ұйғардық. Оның осындай өзіндік қулығы бар. Яғни жауларын адастыру үшін осылайша із тастайды.

Біз ойлағандай болып шықты. Әлгі қоян қашықтау жердегі бір бұтаның түбінде жатыр екен. Ағам арғы жағынан келіп үстінен басып қалатын, ал мен басынан тебетін болып келісіп алдық. Тыныстап жатқан қоян қалғып кеткен болуы керек, бізді байқамаған сияқты. Екеуміз ақырындап екі жағынан жақындай бердік. Бір кезде ағам маған ұмтылуға белгі бере салып, секірген бетте қоянның үстін баса құлады. Мен де жүгірген бетте қоянның басын шамалап шірене теуіп келіп жібергенмін. Сөйтсек, ағам қоянның үстінен басып қалуға үлгермепті, ол ытқып бір шетке секірген бетте зуылдай қашып кеткен екен. Ал менің соққым ағамның басына қатты тиіпті. Ол талып қалыпты, есін әзер жиғызып алдым. Осы оқиғаны бас қосқанда үнемі күле еске алып отырамыз».

Аңшының өмірінде қауіпті жағдайлар да аз кездеспейді. Мұхит Әбілзайырұлы аю аулауға шыққанда өміріне қауіп төнген сондай бір оқиға жөнінде айтып берді.

«Бұл бұрынырақта бол­ған оқиға, – дейді ол. – Осы күнге дейін есімнен кетпейді. Бірде аю атып аламыз деп тауға барған едік. Жолымыз болып, жа­йылып жүрген аюды кезік­тірдік. Сосын оны атуға оңтайлы жер іздеп тауып, жанымдағы серіктеріммен әр жерде тығылып отырғанбыз. Осы аралықта аю сайға түсіп кетіп көрінбей қалған еді. Бір кезде басымды көтеріп, сай жаққа қарасам, аю маған жүз метрге таяу жерге жақындап қалыпты. Жалма-жан бұғып, тығылып қалдым. Сосын басымды көтеріп, көздеп тұрып атып қалған едім, оғым тимей кетті. Аю болса, өзіне оқ атылғанын сезді де, жан-жағына қарап, тұмсығын көтере иіскелей бастады. «Тығылған жерімді сезсе, құрыдым!» – деген қорқынышты ой келді, жүрегім тарсылдай соғып, қорқып кеттім. Енді мылтықты оқтап, атып та үлгермеймін, қорыққаным сонша, ешқандай әрекет жасай алмай қалдым. Жоғарырақта, ағаш бұтағының үстінде бір досым отыр еді, соған: «Атсайшы!» – десем, ол да қатты қорқып қалыпты, аюды ата алмады. «Қаш! Қашсайшы!» – дейді сасқалақтап. Абырой болғанда тез есімді жиып, аюға қарай бірнеше оқ атып үлгердім. Оқтарым далаға кетпепті, аю гүрс етіп жерге құлады».

Бала кезінен аңшылықпен айналысатын азаматтан біз осындай әңгімелер естідік. Ол кісі бүгінде аулауға заң жүзінде тиым салынған аң-құстарға тимейтінін айтады. Аң аулауға рұқсат етілген жерлерге ғана барады екен.

...Мұхит Исабек бүгінде отбасында бір қыз, екі ұл тәрбилеп отыр. Ол кісінің әйелі Динара мектепте мұғалім. Ал өзі киім фабрикасына қарасты қоймада меңгеруші болып жұмыс істейді.

Рауан ШАЛҒЫНБАЙ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру