«Шет елде оқығысы келетіндерге көмек көрсетеміз»

17.01.2017
Қаралды: 1527

Кәсіпкер болу әр адамның маңдайына жазылған несібе деп айта алмаймыз. Десек те, өз мүмкіндігіне сене білген, 

алға ұмтылған әр адам өмір сынынан сүрінбей өтіп, биік белестерді бағындыра алады. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз де ештеңеден тайсалмай, өз күш-жігері мен ақылына сеніп кәсіп ашқан. Ол өз кәсібін әлемнің саяси астанасы атанып кеткен Лондонда дөңгелетіп отыр. Таныс болыңыздар, оның есімі – Эльмира Әділбекова.

– Эльмира, өзіңіздің туып-өскен ортаңыз, отбасыңыз жөнінде айтып бересіз бе?

– Әрине. Мен әкемнің есімі – Ислам, Жамбыл облысының Байзақ ауданында дүниеге келген. Ал анам – Айгүл, Алматы облысының тумасы. Әкем ұзақ жыл ішкі істер саласында қызмет етіп, зейнетке шыққан. Ал анамның мамандығы – психолог.

Ата-анамыз бізді кіш­кентай кезімізден өз күшімізге ғана сеніп еңбек етуге үйреткен. Үй ішінде темірдей тәтіп бола­тын, қолыңнан келетін істі өзгеге артып қоюға бол­майды, лажы болса біреу­дің көмегіне жүгінбеу керек. Соның арқасында шығар, 16 жасымда мектепті үздік бағаға бітірдім. Одан соң Алматыдағы Т.Рысқұлов атындағы экономикалық университетке тү­сіп, оны қызыл дипломмен тәмамдадым. Қаржы сала­сының маманы атандым. Білімімді одан әрі тереңдету үшін Лондондағы бизнес-мектепте азаматтық құқық бойынша бакалаврды бітіріп, қаржы магистрінің дипломын алдым. Оны бітірген соң Қаржы министрілігінің салық комитетінде жұмыс істедім. Кейіннен ағылшын тілін еркін меңгеру үшін жолдасым екеуміз АҚШ-қа үш айлық курс­қа баратын болдық. Біз­дің шетелге барардағы негізгі мақсатымыз – тіл үйрену болатын. Ол мақсатымыз орындалды. Кейіннен күйеуім Лондоннан жұмыс тапты. Содан көшуімізге тура келді.

– Қазіргі басқарып отырған компанияңызды ашу идеясы қайдан туды? Және нақты қандай іспен айналысасыздар?

– Біздің компания қазақ тілінде «Корольдік емен» деген мағынаны береді, ал ағылшынша атауы – «Regal Oak Іnternatіonal LTD». Шынын айту керек, қазір Қазақстан, одан басқа да мемлекеттер қарыштап дамып келеді. Ол жақтан Лондонға білім алуға, баспана сатып алуға келетін азаматтар өте көп. Біз сондай азаматтарға көмек көрсетеміз. Яғни  білім, жылжымайтын мүлік, қаржы, салық сияқты салаларға қатысты пролемаларды шешуге жәрдем­деседі. Түсіндіріп айтар болсам, біз Ұлыбритания бойынша білім беру саласы, тұрғын үй, саяхат және студенттерді, магистранттарды, туристер мен иммигранттарды қызықтыратын басқа да көптеген мәсе­лелердің шешімін табуға жәрдемдесеміз. Мәселен, жеке клиникалар, аурухана, өнер мен сән, той өткізу, тағы да басқа да мәселелермен келген адамдарға оңтайлы жағдай жасап бере аламыз. Сондай-ақ туристердің демалыстарының көңілді өтуін қарастырамыз. Олардың саяхатын автобуспен немесе жеке турмен, гидпен тарихи қалалармен танысуға, саяхатқа байланысты билеттерін тиімді бағаға сатып алуға, қонақүй жалдауға қол ұшын береміз.

– Мектеп бітіретін түлектердің көбі «Қайда барып оқысам екен?» деген сұраққа жауап таба алмай жатады. Осы ретте айтыңызшы, Англияға барып оқығысы келетіндер не істеуі керек?

– Шет елге, әсіресе, Англияға барып оқимын деген азаматтар алдымен «ІELTS» (ағылшын тілінен тест) экзаменін тапсырып, өзінің қаншалықты ағылшын жетік білетінін тексеріп, сол мамандықты игеруіне сенімді болуы керек. Жоғарғы оқу орнына түсу үшін «ІELTS»-тің балы 6.0 – 6.5 баллдан кем болмауы тиіс. Егер де 7-8 балдан жоғары болса, рейтінгі жоғары университеттерге қабылданады. Негізі айта кету керек, бұл елде мектептен бастап бүкіл оқу орындары ақылы негізде студенттерді қабылдайды.

– Мұндай жағдайда сіздердің тараптарыңыздан қандай да бір көмек, жеңілдіктер қарастырылған ба?

– Біздің тараптан сту­денттің  «ІELTS»-тен алған баллына, таңдаған мамандығына және де қаражатына байланысты оқу орнын таңдауға көмектесеміз. Лондонның өзінде оқу орындарының ақысы қымбат. Ал Брайтон, Бирмингам, Манчестер, Эдинбург сияқты қалаларда жақсы, сапалы білім беретін оқу орындары бар. Әрі бағасы да анағұрлым арзанырақ. Сондай жолдарын табуға көмек­те­семіз.

– Жалпы, Ұлыбританияға көшкісі келетіндер ең бірінші нені ескергені жөн деп ойлайсыз?

– Ең алдымен, ондай азаматтардың алдарына қойған белгілі бір мақсаттары болуы керек. Сонымен қатар, өздерінің білімдеріне, материалдық жағдайына сеніп келуі тиіс. Себебі алғашқы кезеңде, яғни ыңғайлы жұмыс орнын тауып, тұрақты жалақыға қол жеткізгенше қаражат тапшылығын сезінуі мүмкін. Ал жалпы, кез келген адамға қай елде болса да шыдамдылық, батылдық, төзімділік, алға деген ұмтылыс қажет, өз-өзіне сенімді болуы керек деп ойлаймын.

– Ал кәсіпкер ретінде шет елден бизнес ашамын дегендерге қандай кеңес бере аласыз?

– Шет елден кәсіп ашқысы келетін азамат ең біріншіден, сол елдің тілін жетік меңгеруі керек. Қазір заңды білмеген адамның ісі ілгері баспайды, сондықтан кәсіп ашатын елдің заңын меңгеріңіз. Құжат мәселесіне мұқият болған жөн. Біз тұрып жатқан елде өз ісіңнің нағыз маманы болмасаң, өте қиын. Себебі бәсекелестік жақсы жолға қойылған.

Жалпы, қай елде болмасын, мықты кәсіпкер боламын дейтіндерге ең бірінші – еңбек керек. «Кәсіпкер боламын» деп болмайсың. Бизнеске келдің екен, ендеше ұйқы дегенді ұмыту керек. Жанкешті болыңыз. Өзіңізді орынсыз аяй беруді доғарыңыз!  Кәсіп бастамас бұрын алдымен «не жасаймын және неден бастаймын?» деп ойлану керек.

Асықпаңыз, ақша аспаннан түсе қалмайды. Кәсіп қылғанның барлығы бір күнде байып кеткен жоқ. Бизне­сіңізді толық дөңгелеткенше 6-7 жыл уақыт керек. Бұған төзетіндер бар. Төзбейтіндер де табылады. Ал сіз бастадыңыз екен, тастамаңыз! Шыдаңыз! Алға қарай талпыныңыз! Өсіңіз! Бастаған ісіңізге адал болуды үйреніңіз. Бір жерге көшет отырғызып, оны тұрақты түрде суарып, күтіп-бағып отырсаң, он жылдан үлкен бәйтерек болып өсуі мүмкін. Ал егер «мына жер жарамсыз екен, басқа жерге отырғызайын» деп тамырымен қопарып басқа жерге ексең, қурап қалады. Мұның бизнеске де қатысы бар.

– Әңгімеңізге рахмет. Ісіңіз ілгерілей берсін!

С. МАҚҰЛБЕК.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ