Ақпарат

Тіркеу туралы заң жайында жұрт не дейді?

Қаралды: 624

Жаңадан Заң шықты. Еліміздің тұрғындары  Қазақстанның басқа қалаларына бара қалған жағдайда онда 

30 күннен аса уақыт жүретін болса міндетті түрде уақытша тіркеуге тұруы шарт. Әйтпесе оған 7 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни 16 мың теңге айып­пұл салынады. Екінші мәрте көзге түссе, айыппұл 13 айлық есептік көрсеткішке (29 мың 500 теңге) өседі. Пәтер жалдап тұратындарды тіркеуге қоймаған үй иелері 10 айлық есептік көрсеткіш (22 мың 600 теңге) көлемінде айыппұл төлейді. Міне, осы жағдай қазір жұртты уайымға, әуреге салып қойды. Қазір осыған қатысты наразы болып жүргендер, өзінің пікірін білдіріп жатқандар өте көп. Сондай азаматтардың бірқатарымен тілдескен едік.

Мырзагелді Кемел, экономика ғылымдарының докторы, Парламент Мәжілісінің 3 дүркін депутаты: – Біз заңға бағынуға тиіспіз. Бірақ заңды жасап, Парламентке ұсынғандар БАҚ арқылы жазба түрде түсіндірме беріп отыруы қажет. Құқықтық мемлекеттерде солай, халыққа шығын әкелетін заңдар жарияланған соң тұрғындарға болашақ реттеулерге бейімделуге бір жыл, тым болмағанда жарты жыл уақыт беріледі. Біздегідей 10 күн ішінде бірден айыппұлға бармайды. Сондықтан «жаңа заңның басты мұраты – бюджетті айыппұл арқылы толтыру» деген тұжырымға келеміз.

Рашид  Жақсылықов, Қазақстандағы мұнай-газ саласында қызмет көрсететін компаниялар одағының төралқа төрағасы: – Биыл  Алматыда Универсиада ойындары, Астанада «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі өтпек. Кейінгі кездері елімізде экстремистердің де бой алып жатқаны жасырын емес. Сондықтан биліктің жағдайды қатаң қадағалап, сақ болғаны жөн. Тек халыққа бұл Заңның ұтымды жақтарын тереңірек түсіндіру керек еді. Қазақстанда 1 миллионнан астам азамат тіркеусіз жүр деген ақпарат бар. Олардың тіркеуде болғаны дұрыс. Дегенмен дәл қазір халық арасында мемлекетке заңды іске бірден қосу арқылы елден айыппұл жинау мақсат болып отыр ма деген ой келеді.

Шара Тұрмағанбетова, аймақтық қоғамдық-саяси «Жеті қазына» апталығының редакторы: – Бүгінде ауылдан қалаға келген қазақтың 60 пайызы пәтер жалдап тұрады. Жалдамалы пәтерде тұратындарды қожайын тіркемейді. Себебі бұл жағдайда оның коммуналдық қызметтерге төлемі өсіп кетеді. Соңғы екі күннің өзінде мен осы себепті пәтерлерінен қуылған екі-үш отбасын көрдім. Менің өзім облыс орталығынан 40 шақырым жердегі қалада тіркеудемін. Жұмысым Ақтөбеде. Пәтерім жоқ. Не істеуім керек сонда?

«Тіркелу туралы заң лаңкестерді ауыздықтау үшін» деген уәж айтылып жатыр. Сонда тіркелген-тіркелмегендерді тексергенде солардың арасынан біреу «мен лаңкеспін» деп атып шыға ма екен? Мысалы, Қазақстанға шетелден келгендердің бірнеше ай бойы тіркелмей-ақ жүруіне болады, солардың арасында лаңкестер жоғына кім кепіл?

Ардақ ӘШІМОВА, блогер: – Мұндағы мақсат жұрттың жүріп-тұруын барынша шектеу болып отырған сияқты. Халықтың жағдайы күннен-күнге ауырлап барады, осының арты ушығып кетпесін деген алдын-ала ұйымдастырылып отырған әрекет-ау деймін.

...Міне, біз әңгімеге тартқан азаматтар жаңадан қолданысқа енген Заң жөнінде осылай дейді. Ендеше, ел басшыларының оның талаптарын біршама жеңілдету жағын да ойластырғаны дұрыс-ау.

С. ҚАСЫМ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру