Ақпарат

Өңір басшыларынан өткел салып беруді өтінуде

Қаралды: 406

Редакциямызға Қазығұрт ауданындағы Шарапхана ауылының тұрғыны Қуандық Жұмақбаевтан хат келді. 

Ол кісі өз хатын: «Облыс әкімінің назарына!» деп бастапты, яғни хатта айтылған жайдан облыс әкімінің хабардар бол­ғанын қалайтынын білдіріпті. Бұл хаттың қысқаша мазмұны мынадай:

«Шымкент – Ташкент» жолының батыс жақ бетінде ауылдың оншақты үйі тұрады. Солар, әсіресе олардың балалары жолдың бергі бетіне қорықпай, қиналмай өтетін өткел салдырып беруді сұрап біз облыстың бұрынғы әкімі  Б.Атамқұловқа және «Оңтүстікжолзертхана» РММ директоры М.Ахметовке, Премьер-министр Б.Сағынтаевқа өтініш-хаттар жолдаған едік. Кейін облыс әкімінің орынбасары С.Тұяқбаев бізге өткел салуға тапсырма берілді деген болатын. Бұған келісім берілгенін аудан әкімдігінен де естігенбіз. Бірақ мәселе қағаз жүзінен аспай отыр.

Біздің бар сұрайтынымыз – жол бойындағы ескі аялдаманы Шымкент бағытына қарай 300 метрдей жерге  көшіріп, сол төңіректен өткел салу. Сонда аталған оншақты үйдің тұрғындары, балалары бергі бетке қиналмай өтер еді. Ондай өткел жолдан ары-бері өтетін осы төңіректегі басқа бірнеше ауыл тұрғындары үшін де аса қажет. Яғни біз қазіргі жол құрылысында жүргендер тұрғындарға қолайлы жерасты өткелін салып берсе екен дейміз.

2014-жылы сәуір айында М.Ахметовке осы мәселе бойынша арыз жазып кіргенімде   М.Медесова деген хатшысы оны қабылдап алған, бұған қатысты тұрғындармен жиналыс өткіземіз, талқылаймыз деп еді. Бірақ кейін сол айтқан жиналысқа бізді шақырған да жоқ. Ал жол салып жатқан қытайлықтардың өкілі Нұржан деген азаматқа жағдайды айтып барғанымызда бұған  ауыл әкімінің хаттамасы керек дегенді айтты. Жақында ауылымызға Асхат Қуатбаев әкім болып тағайындалды. Алдына мәселе айтып барғанымызда ол: «Қазір мен ештеңе білмеймін. Жауабын үш-төрт күннен соң берейін», – деп еді, бірақ содан бері нақты ештеңе шешкен жоқ. Сосын «Нұр Отан» партиясының бөліміне бардық, сонда Б.Қыстаубаев мәселені шешеміз деп еді, одан да қайран болмай тұр.

Бұл жөнінде сіздерге хат жолдап отырған себебім, басшылар осы мәселеге дұрыстап көңіл бөлсе екен деймін. Қытайлықтар жолды салады да кетеді, ал бізге қажетті өткел салынбаса кейін жергілікті тұрғындарға қиын болады. Өткел салып берсе, жолдың батыс бетіндегі аз үйдің тұрғындарына ғана емес, осы төңіректегі бес ауыл округінен (Қарабау, Алтынтөбе, Жаңабазар, Жігірген, Көкібел) үлкен жолға шығатын адамдарға да оның пайдасы молынан тиер еді».

...Қазығұрттық қария өз хатында осылай депті. Яғни ол кісі көпшіліктің көкейіндегі мәселені көтеріп жүр.

Р. ҚЫДЫР.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру