Ақпарат

Шиеттей балаларға бос сөз емес, нақты көмек керек болып тұр

Қаралды: 1152

«Замананың» өткен нөмірінде «Шиеттей үш баласын ерткен ана көрінген жерді паналап жүр» деген тақырыпта мақала жарияланғаны белгілі. 

Онда Түлкібас ауданындағы Т.Рысқұлов ауылының тұрғыны Салтанат Ермекованың басындағы қиын жағдай жөнінде айтылған еді.  Яғни С.Ермекова тұрмысы қиындап, қарызы көбейгесін амалсыздан балаларын ертіп Шымкентке келгені, әр жерді паналап жүргені, жұрттан көмек күтетіні жөнінде айтқан болатын.

Әкімдік өз жауабын берді

Аталған мақаланы ғаламторда бірнеше сайттар көшіріп басты. Жарияланым соңында жалғызбасты анаға жанашырлық білдіргендер де, оны кінәлағандар да болды. Тіпті «түрі ішетін адамға ұқсайды ғой», «балаларын сылтауратып қайыр сұрағаны дұрыс емес», «әрекет жасап, жұмыс істемей ме?» деген сияқты пікір жаз­ғандар бар. Дегенмен физикалық, психологиялық, бейімділік жағынан адамның мүмкіндіктері әрқалай болатынын да ұмытпау керек шығар. Өзінің айтуынша, бүгінде С.Ермекованың денсаулық жағдайы да мәз емес сияқты.

Қалай болғанда да С.Ермекованың басындағы жай жұртты бейжай қалдырған жоқ. Арада көп өтпей-ақ Шымкентке келген Түлкібас ауданы әкімдігінің өкілі де газет қызметкеріне бұған қатысты өз түсініктемелерін табыс етті. Онда былай деп жазылған:

«...С.Ермекова 2006-жылдан бастап балалар жәрдем­ақысын алып келеді. 2016-жылдың үш тоқсанына 20 мың 52 теңгеден 18 жасқа дейінгі балалар жәрдемақысын алған. Аудандық жұмыспен қамту орталығынан «Таңшолпан» балабақшасына тұрақты жұмысқа жолдама берілген және «Жанкент» жалпы орта мектебіне тазалықшылыққа жұмысқа шақырылған. Бірақ С.Ермекова жұмыстан бас тарт­қан, бұл жайында тиісті құжат түзілген. Ақылы қоғамдық жұмысқа қатыспайды.

С.Ермековаға 2016-жылға 63 мың 630 теңге мөлшерінде бір реттік материалдық көмек берілді. Тұрып жатқан үйінің газға және суға қатыс­ты шығындарын төлеу үшін аудандық ардагерлер кеңесі ар­қылы – 60 мың теңге, ауыл әкімшілігі арқылы 30 мың теңге берілді, мереке күндері азық-түлік беріліп тұрады.

Оған 2012-жылы мемлекет тарапынан екі бөлмелі коммуналдық пәтер берілген. 2016-жылға тұрғын үй көмегіне өтініш білдірмеген, сондықтан оған көмектің бұл түрі берілген жоқ».

Көмектесуге ниет білдіргендер бар

Ал С.Ермекованың өзі бүгінде үш баласымен қайда жүр? Осыны білмек болып кешегі сәрсенбіде оның өзімен тағы да хабарластық.

«Мақаланы оқыған бірнеше адам телефон шалды, – дейді ол. – Темірланнан бір адам меншігіндегі дәмханаға жұмыс­қа шақырды. Алматыданмын деп бір кәсіпкер телефон шалды, сиыр сауа алсаң болды, жұмыспен де, тұрғылықты жермен де қамтамасыз етемін дейді. Оралдан бір кісі хабарласты, депутатпын дейді, меншігінде мектеп бар ма, білмедім, соған жұмысқа тұрғызамын, балаларыңды да мектепке орналастырайын деді. Бірақ менің алыс жақтарға баруға мүмкіндігім жоқ. Жұмыс өз ауылымнан немесе Шымкент­тен табылса жақсы болар еді.

Біз ауылға кеше қайттық. Оған дейін қаладағы «Самал» автобекетін паналадық. Онда суық болғасын, балалар түнде ұйықтай алмай мазасызданғасын бір күн тәуліктік пәтер жалдадық. Оның құны 3 – 5 мың теңге аралығында екен. Сіздерде мақала шыққасын бір кісі іздеп келіп, 5 мың теңге беріп кеткен, соның 2500-ін төлеп түнеп шықтық. Одан ары пәтер жалдауға жағдайым келмеді.

Жанашыр адамдар бар екен, рахмет, бірақ көбі телефон арқылы жағдайымды сұраумен, ақыл айтумен шектелді. Бір кісі банктегі шотымды сұрады, ақша саламын деді. Бірақ ол содан бері хабарсыз, оған өзім телефон шалуға ыңғайсызданып отырмын.

Бір кісі хабарласып, қарызымның қанша екенін сұрады. Мен 80 мың теңгедей қарызым барын, оның 30 мыңы жылу ақысы екенін айттым. Ол ақшалай көмектесуге уәде берді.

Шымкенттен де бір кісі телефон шалып: «Біздің үйде уақытша тұруыңа болады, саған жұмыс іздестіріп көрейін, кейінірек хабарласамын», – деген, содан да үміт күтіп отырмын.

Ауылға келгесін балаларды шомылдырып, Састөбеге, мектептеріне апардым. Үйде біраз нәрселері қалған екен, енді соны апарып бермекпін. Сосын өзім қол ұшын беремін дегендерден хабар күтемін ғой. Маған ауылдан немесе Шымкенттен өзімнің шамам келіп, денсаулығым көтеретін жұмыс табылса жақсы болар еді.

Күйеуіммен некесіз тұрғандықтан асыраушысынан айы­рылуға қатысты берілетін жәрдемақыға құжат дайындау да қиын болып тұр. Бір кісі көмектесемін деген. Соған қол жеткізсем, жұмыс тапсам, бұл қиындықтан шығармын деген үмітім бар. Ең бастысы, балаларымды оқуынан қалдырған жоқпын. Оларға тек сырт киім, аяқ киім керек, біреулер көмектессе, киім әперіп қойсам деймін».

...С.Ермекова осылай дейді. Жалпы, оның ешкімге кінә тағар ойы жоқ, өзіне тиісті көмектер көрсетілгенімен оның жеткіліксіз болып тұрғанын, аудандық жұмыспен қамту мекемесі жіберген жұмыстардан денсаулығы жарамайтындықтан бас тартыпты. Өз ауылынан немесе Шымкенттен жанашыр адам табылып, шамасы келетін жұмыс бергенін қалайды.

Қысқасы, С.Ермековаға құр сөз емес, нақты көмек қажет болып тұр. Ендеше, нақты қол ұшын беремін деген азаматтардың оның өзімен 8-771-242-66-28 телефоны арқылы хабарласуына болатынын еске саламыз.

Н. ӘБДІ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру