Ақпарат

«Алмас қылыш» рухымызды асқақтатты

Қаралды: 994

Бүгінде еліміздің кинотеатрларында Рүстем Әбдіраштың режиссерлік етуімен түсірілген «Алмас қылыш» фильмі көрсетіліп жатыр. 

Мен де оны арнайы барып көрдім.

Қазақ хандығының 550 жылдығына орай түсірілген кино  Ілияс Есенберлиннің «Алмас қылыш» кітабы желісін негізге алған.  Арнайы маманы болмағандықтан фильмнің құрылымы жайында сын айтпаймын. Бірақ ол «Көшпенділер» фильмінен сапалы түсірілгендей әсер қалдырды. Фильмдегі делебені қоздырып, рухтандыратын сәттердің молдығы қуантты. Жеті Франция сыйып кететін кең-байтақ жерімізді бабалардың найзаның ұшымен, қылыштың жүзімен қалай қорғағанын көріп мақтанасың, рухтанасың.

Фильмде қазақ аруларына, аналарға ерекше мән берілген. Шынымды айтсам, кинодағы ат үстінде ұршықша үйірілген ару қыздарымыздың жауға найзасын білей, жай оғындай қарсы шапқан сәттерін көргенде көзіме жас келді.

Тағы бір тәнті еткені – Керейді хан көтерген сәттегі хан жасауылдары – кіл батыр қыздар! Сонау феодалдық қоғамда нәзік жүректі қызға жердің, ханның тағдырын сеніп тапсырған. Сауытты қыздар ханмен бірге тізе қоса халқын қорғауда. Келелі сөзге келгенде айтарын ханға тайсалмастан айтады. Осыған қарап отырып бүгінде сан-алуан діни ағымның әлегінен бетін тұмшалап, аяғының астын көруге мұршасы келмей, етегіне сүрінген қыздарымызды ойлап ішім қан жылады. Қызын төбесіне көтерген қазағымның дәстүріне кинодан ғана тамсана қарайтын пұшайман күйге түскенімізге күрсіндім. Қазақ қыздарының өжет келбетін келістірген режиссерге риза болдым. Әсіресе жау келгенде жөргектегі баласын арқасына таңа сала жауға қарсы ұмтылған жас ананың өжеттігін айтсаңшы!

Фильмде соғыс көріністері соңғы техникалық мүмкіндіктермен жақсы қойылыпты. Түре қуған жауға тасадан тап берген қыздарымыздың ерлігі еріксіз таңдай қақтырады.  

Тарих бетіне көз салсақ, біздің аналарымыз патшалық құрып, жауға да шапқан. Тақта да отырған. Бала туып, ұрпақ өсірген. Міне, қазақ қыздарының тамырында сондай өжет аналардың қаны бар!

Тағы бір мән беретін көрініс – антқа берік болу. Тағдыр тәлкегімен апалы-сіңлілі қос қыздың өзара өш хандардың жары болып, қатал дәуірдің қатыгез шешімдеріне мойынсұнуға мәжбүр болғанын көріп, мансаптың қылбұрауы түскен аруларды аяйсың. Екеуінен туылған Қасым сұлтан мен Шайбанидің немересінің аналарының алдында бір-біріне қылыш көтермеуге ант берген тұсы сенімді көрініс тапқан.

Фильмнің суретшісіне ерекше тоқталғым келеді. Кезеңіне қарай костюмдерді тірнектеп зерттегені көрініп тұр. Ең бастысы, қазақ сұлтандары мен тізгінұстар билерінің, қыздары мен әйелдерінің киімдерін салтанатын жарастыра шешкені. Онымен қоса  тұтынған заттарының шешімі де жарасымын тауыпты.

Сұлтан ордасының ішкі салтанаты қандай! Ұлттық нақыштағы қошқар мүйізді оюлардан көз тұнады. Сұлулық пен сұстылық жарасымды үйлесімін тапқан. Ордада тізіле отырған билер көрінісінде аға тұрғанда іні сөйлемейтін дәстүр берік орын алған. 

...Қысқасы, ұлттың дәстүрі мен мәдениетін, ұстанымын жаһанға жариялайтын – кино десек, «Алмас қылыш» фильмін өзге елдерге ұялмай ұсынуға боларлықтай екен. Мен соған қуандым.

Сая ҚАСЫМБЕК,

Ж.Шанин атындағы облыстық

академиялық драма театры

әдебиет бөлімінің меңгерушісі.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру