Ақпарат

Қардан алып ескерткіш тұрғызды

Қаралды: 896

Оңтүстіктің тауға жақын ауылдарында жаңа жыл қарсаңында жауған қар қазір де жатыр. Яғни ол жақтарда  кәдімгі қарлы, аязды қыс болып тұр. 

Сондықтан кей ауылдарда балалар соққан аққалалар әлі де бар.

Айталық, тауға жақынырақ Қара­­төбе ауылында өткен жылғы 31-желтоқсанда бой көтерген қораз ескерткішінің сыны бұзыла қойған жоқ. Бүгінде оның жанына барып суретке түсушілер көп.

Бойы 2 метрдей болатын бұл қораз ескерткішін аталған ауылдағы Досымхан Молдабеков есімді азамат тұрғызған. Алғашында ол алып аққала жасамақ болған екен, кейін Тауық жылының құрметіне қоразға ескерткіш орнатуды ұйғарыпты.

«30-желтоқсан күні сыныптастар бас қосқан едік, – дейді Досымхан. – Сонда биылғы жыл иесіне қатысты әңгіме болды да, қораздың ескерткішін жасауды шештім. Оған керекті материал жетеді, яғни қар мол жауып, оның үстіне боран болып, ауланы көміп қалған. Бәрібір де оны күреп, жол ашуымыз керек.

Содан ертеңіне бала-шағамызбен іске кірісіп кеттік. Күн суық болғандықтан қар бірікпей біраз әуреледі, сондықтан оған аздап су шашып отырдық. Қораз бен екі балапанның ескерткішін түнге дейін жасап бітірдік. Кетіп бара жатқан ескі жыл иесі – Мешіннің, яғни маймылдың ескерткішін жасайын деп едік, оған үлгермедік».

Бұл қораз ескерткіші содан бергі уақыт ішінде еріп кетпей, аман тұр екен. Яғни үй иелері оның күн сәулесі, жел әсерімен ери бастаған тұстарын ылғалданған қармен жамап қояды. Ескерткіш жолға жақын тұрғандықтан бүгінде ары-бері өткен жолаушылар күндіз-түн демей оның жанына барып суретке түсіп жүр.

«Бұрын Жаңа жыл түнінде көпшілік жұрт ішімдікке «қызып» алып, шулап жүретін еді. Бұл жолы ескерткіш-қораздың арқасында талай адам арақты ұмытып, осында келіп отбасымен суретке түсумен болды. Мұны көрген сыныптастарым суретке түсуді ақылы етіп қоймайсың ба деп әзілдеп те жүр. Ал бізге ең бастысы жұрттың таңданып, қуанғаны керек», – дейді Досымхан.

Досымхан алып ескерткіш-қораздың айдарына қырқылған фанер пайдаланыпты, оның сыртын пияздың қызыл түсті торлы «сеткасымен» қаптапты. Сырғалығын пластмасс тәрелкемен, көздерін майсыз бояумен жасапты, қанаттарын еденге қолданылатын сырмен әсемдепті. Ал қораздың құйрығын жасауға анасының түрлі-түсті ескі белдемшесін қолданыпты.

Жалпы, Досымхан Молдабеков сурет салуға, мүсін жасауға бала кезінен құмар жан екен. «Әкем шопан болған. Тау ішіне бала кезден жиі шығатынбыз. Сонда тастарға түрлі суреттер салатынмын. Қазір де қыс маусымынан басқа кезде тау ішінде егін, мал шаруашылығымен айналысамыз», – дейді Д.Молдабеков.

...Міне, Төлеби ауданының Қара­төбе ауылында осындай бір ерекше азамат тұрады екен. Оның жасы қазір 38-де, өзі төрт баланың әкесі. Келіншегі Гүлбаршын – мектепте мұғалім.

Бүгінде Досымхан тұрғызған қораз ескерткіші Қаратөбе ауылындағы көз тартарлық көрнекі орынға айналып отыр. Бұған қошеметпен қол соққан дұрыс шығар.

Р. ҚЫДЫР.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру