Ақпарат

Тауықтар да таңқалдырады

Қаралды: 1778

Мінеки, 2017-жыл да басталып кетті. Қазақша жыл қайыру бойынша биылғы жыл иесі –Тауық. 

Мән бере қарар болсақ, бұл құстың тіршілігінде де қызықты жайлар көп болып жатады екен. Осындай қызықтардың бірқатарын назарларыңыз­ға ұсынуды ұйғардық.

 Шешуі қиын жұмбақтың кейіпкерлері

Тауықтар – ежелден бері шешімін таба алмай келе жатқан бір қызық сұрақтың кейіпкерлері. «Тауық бұрын пайда болған ба, әлде жұмыртқа бұрын пайда бол­ған ба?» деген сұрақтың жауабын сіз де бере алмайсыз.

 Жұмыртқаның ғажа­йыбы

Тауық жұмыртқасының ғажайып қасиеттері көп. Азықтық, шипалық қасиеттерін айтпағанның өзінде. Мысалы, бір қарағанда ол нәзік, бірақ оңайшылықпен сынбайды. Ірі тауық оны басып, балапан шығарады. Жұмыртқа тығыз, оған сырт­тан микробтар, бактериялар, вирустар өтпейді. Сөйте тұра осы мығым жұмыртқаны нәзік қана сары үрпек балапан өзінің кішкентай тұмсығымен шұқып тесіп шығады. Ал оның өсіп-жетілуі үшін анасының жылуы, күн сәулесі, ауа осы қабық арқылы өтеді, іштен қажетсіз газдар сыртқа шығарылады, яғни онда жай көзге көрінбейтін 7500-ге жуық тор-тесіктер бар.

 Жылына 300 жұмырт­қа туады

Кезінде Солтүстік Америкада будандастыру арқылы шығарылған «Брамма» деп аталатын тұқымға жататын тауықтардың салмағы 7 килоға дейін жетеді екен. Олар жылына 100 – 120 жұмыртқа туады. Ал француздар шығарған «Мастер Грей» тұқымды тауықтар жылына 300 жұмыртқа туатын көрінеді.

 2,5 килолығы да, 0,027 грамдығы да бар

 Ямайкада тіршілік ететін ең кішкентай «Карлик-колибри» тұқымдас тауықтың жұмыртқасының ұзындығы 1 сантиметрге әзер жетеді, салмағы 0,365 грамды құрайды екен.

2008-жылы Швецияда біреудің фермасындағы түйеқұс салмағы 2,5 килодан асатын жұмыртқа туыпты. Ал тауықтың бұған қатысты рекорды мынадай: 2010-жылы Ұлыбританияның Эссекс графтығындағы біреудің Гарриет деген тауығы диаметрі 23 сантиметр, ұзындығы 11,5 сантиметр, салмағы 163 грамм тұқым туған.

Ал ең кішкентай жұмырт­қаны 1998-жылы Голландияда біреудің «Канарейка» тұқымдас тауығы «өмірге әкеліпті». Жұмыртқаның ұзындығы 7 миллиметр, диаметрі 5,22 миллиметр, салмағы 0,027 грамм болған.

 Ең кәрі тауық

2010-жылы Қытайдың Юньнань провинциясында тұратын бір шаруаның тауығы әлемдегі ең кәрі тауық деп танылыпты. Әлгі тауық сол кезде 22-ші жыл  өмір сүруде екен. (Тауықтар 7-8 жыл өмір сүреді). Есептегенде ол тауық 400 жастағы адаммен құрдас болып шығады екен. Ол 1988 – 2010-жылдар аралығында 5 мың жұмыртқа туыпты.

 Итке бой бермейтін қораз

Ұлыбританияның Соммерсет қаласында Рустер Корбун деген дәу қораз болыпты. Оның бойының биіктігі 91 сантиметрге, салмағы 11 килоға жеткен. Бұл қораз жүрген жерде тауыққа адам да, ит те, түлкі де жолай алмайтын болған.

 18 ай бассыз өмір сүріпті

1945-жылы АҚШ-та мынадай жай орын алыпты: Ллойд Олсен деген шаруа бір қоразды азық етпек болып, басын шапқан екен, бірақ ол өлмей, тірі қалыпты. Мұны қызық көрген иесі қоразға кеңірдегі арқылы азық, су бере бастайды, сонда ол оны дені сау тауықша жұта бастаған. Кейін оны ғалымдарға тексертеді. Сөйтсе, қораздың негізгі вена тамыры аман қалып, кесілген жерінде қан тез ұйыған екен, сондай-ақ рефлекстерге жауапты стволдық жасушалардың көп бөлігі аман қалған. Л.Олсен «Майк» деп ат қойған бұл ғажайып қоразының арқасында кейін қыруар ақша тауыпты. Яғни ел аралап, «Бассыз қоразды» көрсеткені үшін халық оған ақша төлеп отырған. Қысқасы, Майк иесін 18 ай бойы асырапты. Иесі тыныс жолдарын тазартып тұруды ұмыт­қандықтан кейін ол қораз абайсызда өліп қалыпты.

 «Сотталған» қораз

Ертеректе Тунистің Айн-Драхам деген қаласында дау­сы ғаламат әсерлі бір қораз болыпты. Бірақ оның әсем даусы көп адамдарға ұнамапты, өйткені таңғы тәтті ұйқыдан оятатын болған. Оның даусы тіпті 3 шақырымға дейін анық естіледі екен. Ақырында біреулер оның үстінен қазыға арыз түсіріпті, ал қазы болса оны түрмеге қаматып қойған екен.

 «Канопус» деген жұлдызды бірінші көреді екен

Кей ғалымдардың тұжырымынша, қораз көкжиектен «Канопус» атты жұлдыздың шыққанын бірінші болып көреді, олардың «таңды шақыруы» осы кезден басталады, Канопус көкжиектен көрінбей кеткен соң да қораздардың шақыруы біразға дейін жалғасады екен.

 Бүгінгі тауық баяғы динозаврдың тікелей ұрпағы ма?

Ресей мен АҚШ ғалымдары бір қызық жаңалық жөнінде жариялады. Олар өзіміз күнде көріп жүрген кәдімгі тауықтың осыдан миллиондаған жылдар бұрын жойылып кеткен ұшатын динозаврлардың ұрпағы екеніне көз жеткізгендерін айтады.

Яғни ғалымдар ұзақ жылдар бойы жүргізген зерт­теу жұмыстарының нәтижесінде құстардың ұшатын динозаврлармен туыстық қатысы барын анықтапты. Гендік зерттеулер кезінде туыстық жағынан динозаврларға ең жақыны кәдімгі тауық, сосын күркетауық екені анықталыпты. Ал басқа құстарда «динозавр-бабалар» гені бұл екеуіндегімен салыстырғанда өзгерістерге көбірек ұшыраған көрінеді.

Ғалымдар осындай таң­қаларлық жаңалық жөнінде жария­лады. Бүгінде бұл бағыттағы зерттеулер қызу жалғасып жатыр екен.

Н. ӘБДІ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру