Он бала тууды армандаған екен

09.01.2017
Қаралды: 2178

Таңғы қарбаласпен арпалыса орта жастағы әйел автобусқа асыға енді. Қасымдағы орынға жайғасты. 

Тұсына кондуктор келіп, жолақысын сұраған еді, сөмкесінен құжаттарын алып шығып, «Алтын алқамын» деп көрсетті.

– «Мама, құжатыңызды сөмкеңізге салып қойдым» деп еді балам. Салғанына шүкір! – деп, құжатының оңай табылғанына қуанған ана құжатын сөмкесіне мұқият салып жатыр. Еш абыржу, шаршау байқалмайды. Жол қысқарсын деп, сөзге тарттым.

– Қанша балаңыз бар? – деген сұрағыма алдымен жәймен күліп алды.

– Әуелі құдайдікі, жеті балам бар.

– Түріңізге қарасам, орта жастасыз. Жеті балаға үлгеріпсіз, ә? – деймін, риза болып.

– Ой, арманым он балаға жетіп тоқтау еді. Жетіншімнен кейін қатты науқастанып, денсаулығым жарамай қалды ғой. Әйтпесе құдайдың бергенін жинап ала берер едім, – деп, мейірлене жымиды.

– Жеті баланың өзін асырау оңайға соқпаған болар? – деймін, «Алтын алқалы» ананың жүзіне үңіліп. – Таныса отырсақ бола ма?

Майра Ілесқызы Жүсіптегі боламын. Шәуілдірдегі Отырабат ауылында тұрғанбыз. Ауылда жұмыс табу қиындаған соң, Шымкентке көшіп келдік. Күйеуім мал бағады. Өзім еден жуамын. Жалақым қырық мың теңге. Аллаға шүкір! – деп тоқтады.

– Қырық мың теңгемен жеті баланы асырау... Мал баққаннан да анау айтты опырып ақша таппайтын болар?

– Әрине. Бірақ жетеді. Отбасында ынтымақ болған кезде береке дариды. Құдайға шүкір, тату-тәтті тұрамыз. Шаңырақтың шай­қалмауы  әйелдің қолында. Мен үшін жеті балам мен күйеуімнен асқан байлық жоқ. Содан болар, өзгелер шулайтындай қиындық көрмедік. Өкіметке рахмет! «Нұрсәт» мөлтекауданынан үш бөлмелі пәтер сыйлады. Бала-шағам жылы үйде өмір сүруде. Жиын-тойға киетін әдемі тоным бар. Үстімдегі пальтом жәй, жұмыс күні киетінім ғой, – деп, әлденеден қысылғандай жарқылдай күлді.

– Төсбелгіңізді тағып жүрсеңіз, әдемі тонсыз да әдемілігіңіз арта түсер еді. Түріңіз жас. Сізді жеті бала туған деп ешкім ойламайды, – деп, Алтын алқалы ананы қолпаштай күлдім. Шыным сол.

– Бүгінде әйелдер көп балалы болудан қашады. Қазақтың саны аз. Ұлтымыздың санын көбейту – мына біздердің қолымызда. Бала туғаннан қашқақтасақ, қазақтың ертеңі не болмақ? Әттең, денсаулығым жарамайды. Әйтпесе әлі де болса туғаннан қашпас едім. Өз ұрпағыма да көп балалы болғанды өсиет етіп айтып отырамын. Әрине, басқа тартсаң, аяққа жетпей жататыны жасырын емес. Бірақ әр баланың өз несібесі бар. Неғұрлым бала көп болса, несібе де еселеп келеді ғой. Шынымен газетке жазатын болсаңыз, әйелдерді көп балалы болуға шақырар едім. «Алтын алқа» алған аналар жерде қалып жатқан жоқ. Үкімет қамқорлығын аямайды. Ертең өскен соң, қартайғанда рахатына кенелесің ғой. Басында қиналғанмен, бүгінде баламның алды 23-те. Қолқанатым. Жеті балам жеті жақтан шүпірлеп үй жұмысын атқарады. Жаман ба? Жазда тыным таппай өз нандарын тауып келеді. Жеті баланы нәсіп еткен Аллама сансыз шүкір!  

Аялдамама жетіп, түсіп бара жатып «Алтын алқалы Анаға» ризашылықпен қарадым. Жүзі мейірімнен нұрланған Майра Ілесқызы жеті баланың несібесін жиып алуға, жұмысына асығып кетіп барады.

Үкі АЛАШ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ