Қошеметті сұрап алатын әншілер көбейіп тұр

09.01.2017
Қаралды: 1483

Мен «Замананың» өткен жыл соңындағы №50-нөмірінде жарияланған «Даңғаза әншілерді үлгі етуді доғарайық!» 

деген мақалада көтерілген мәселеге толығымен қосыламын. Расында да қазір телеарналарда, радиода сөзінің мәні жоқ, әнінің сазы жоқ даңғаза әндер мен әншісымақтар көбейіп кетті. Қалай болса солай, алба-жұлба болып киініп алып, екі иығын жұлып жеп тұрған әншілерді жиі көретін болдық. Сахнаға шыға салысымен: «Қошеметтеріңіз! Шапалақ!» – деп жұрттың құрметін сұрап алып жатады.

Уақтысында Ермек Серкебаев, Роза Бағланова, Бибігүл Төлегенова, Ескендір Хасанғалиев, Нұрғали Нүсіпжанов, Қайрат Байбосынов, тағы басқа да әншілеріміз ешуақытта жұрттың қошеметін, қол шапалақтауын сұрап алған емес. Әнші көрерменннің ойынан шығып тұрса өздері-ақ шапалақ ұрып, қошемет көрсетеді емес пе?

Бүгінде кейбір әншілердің төбелес, атыс-шабыс аралас­қан бейнебаяндары да қаптап кетті. Мән-мағынасы жоқ мұндай «клиптерге» қарасаң, жүрегің айниды.

Тағы бір өзекті мәселе – тойдағы музыка жайы. Оның даусын жер-дүниені басқа көтерердей етіп бақыртып қояды. Тура бір тойда ылғи құлағы нашар еститін адамдар отырған сияқты, даңғаза шудан басың ауырады. Тойдан қарадай шаршап қайтасың. Осындай тойларға әкімдер, депутаттар, басқа да лауазымды адамдар барады ғой, солар неге мұндайға тиым салмайды?

Жалпы, жоғарыда аталған мақалада өзекті мәселе көтеріліп отыр. Мән-мағынасы жоқ даңғазаны жарнамалаудан ұтылмасақ, ұтпасымыз анық. Мұны әнші азаматтардың өздері де ойлана жүргендері жөн-ау.

Исабек ТАСБОЛАТҰЛЫ.

Жамбыл ауылы. Төлеби ауданы.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ