Атақ алу арманға айналғандай

09.01.2017
Қаралды: 1755

Оңтүстік өңірі өнер мен мәдениет ошақтарының саны жөнінен қалай мақтанса да жарасады. 

Себебі Алматы қаласынан кейін елордамыз Астанамен иық ті­рестіре 8 театрымен мақтана аларлық мәртебеміз бар. Оған цирк пен филармонияны қосыңыз.

Дегенмен өнер майталмандарын мазалайтын қордаланған мәселелер де баршылық. Жетісай қаласындағы Қ.Жандарбеков атындағы драма театрының директоры, ҚР мәдениет қайраткері Б.Срайыловпен сұхбатымыз осы тұрғыда өрбіді.

«Соңғы жылдардағы мәдениет саласындағы жетістіктеріміз баршылық, – дейді ол кісі. – Қашанда еңбектің еленгеніне не жетсін? Сәулет, сурет, әншілік өнердегі майталмандарымыздың мемлекеттік құрметті атақтарды алуы қуантады. Оңтүстік Қазақстан облысындағы 8 театрда 500-ге жуық шығармашылық өнерпаздар жұмыс жасау­да. Олардың ішінде Тәуелсіздік алғаннан кейінгі өтпелі кезеңнің қиыншылықтарына қарамай, театрдың театр болып қалуына үлкен үлес қосқан азаматтарымыз аз емес. 

Соңғы 25 жылдан бері облысымыздағы театр қызметкерлерінің екеуіне ғана «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері» деген атақ бұйырыпты. Сонда облысымыздағы бекзат өнер – театр өнерпаздары жоғары атаққа лайықты болмағаны ма? Жоғарыға ауыздарын ашып отырып, қаншама өнер саңлақтары арманда болып өмірден өтіп кетті? Кеше ғана театрымыздың ашылған күнінен бері маңдай терін төгіп келе жатқан Жеңіс Қарғабаев ағамыз дүниеден өтті. Өзбекстанның еңбек сіңірген әртісі атағын небәрі 20 жасында алған ағамыз Қазақстанның атағына қол жеткізбестен арамыздан кетті. Қаншама рет ұсынылды. Бірақ нәтиже болмады. Енді, міне, мәңгілікке айырылдық. 

Қазіргі таңда мағынасыз дүниелердің, жеңіл күлкінің, жан-жақтан ұрланған әуенсіз әндердің орындаушылары, театр ақсақалдарының немере­лерімен жасты, өнерге кеше келген жастар атақтар алып, «қайраткерлер» болуда.

Астана, Алматы театрларымен салыстырсақ, жылына 4-5 кісі атаққа ұсынылып бір-екеуі ғана ие болып жатады. Мысалы, Астанадағы 25 жылдық тарихы бар Қаллеки театрындағы 40 әртістің 4-уі – Қазақстанның Халық әртісі, 4-уі – еңбек сіңірген әртіс, 21-і – еңбек сіңірген қайраткер. 

Ал біздегі жағдай мүлде басқаша!»

...Иә, Бақыт Срайыловты толғандырған ащы шындықты еріксіз мойындайсың. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына тым құрығанда бір әртіске еңбек сіңірген қайраткер атағы берілмеуі қалай? Айлығы шайлығынан аспайтын театр әртістеріне тым болмаса осындай атақтар неге берілмейді?

Ү. АЛАШ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ