Шиеттей үш баласын ерткен ана көрінген жерді паналап жүр

07.01.2017
Қаралды: 4501

Кешегі аптаның жұма күні редакциямызға Салтанат Ермекова есімді әйел хабарласып, бізден көмек сұрады. 

Айтуынша, ол Түлкібас ауданының Т.Рысқұлов ауылынан келген екен. Шымкенттің «Ескі қала» аумағындағы мешітке келіп отырғанын айтқасын ол кісіге арнайы барып жолықтық.

Мешіт қызметкерлері С.Ермекованы жанындағы үш баласымен жамағат дәріс алатын бөлмеге уақытша орналастырған екен.

«Әбден күйзеліп, қиналып кеткен соң балаларымды алып осында келдім, – дейді Салтанат Ермекова. – Қалаға келгенімізге үш күн болды, осыған дейін «Самал» автобекетін паналадық. Мұнда намазхандар көп келеді ғой, біреулердің жәрдемі тиіп қалар деген үміттемін».

Айтуынша, С.Ермекованың ата-анасы, бірге туған бауырлары, туыстары жоқ екен. Күйеуі осыдан үш жыл бұрын қайтыс болыпты. Әкімдік тарапынан жалға берілген пәтерінде жарық, жылу жоқ, жал ақыға қарызы да көбейіп кетіпті. Балалары бүгінде Састөбе ауылындағы мектеп-интернатта оқиды. Үлкені Сандуғаш 8-сынып оқушысы. Азат және Асхат есімді екі ұлы бастауыш сыныптарда оқиды. Балаларына әр тоқсан сайын 20 мың теңге көлемінде жәрдемақы алады екен. Отбасына басқадай кіріс жоқ, өйткені Салтанаттың өзі жұмыссыз.

«Балаларыма тамақ, киім-кешек керек, ертең сабақ басталады, мектепке қажеттілерін де түгелдеп бере алмай отырмын. Мейірімі түскен біреулер паналайтын жер, ыдыс-аяқ жуатын жұмыс болса да тауып берсе дұрыс болар еді. Басқадай ауыр жұмыстарға жарамаймын, денсаулығым болмай, емделе де алмай жүрмін», – дейді Салтанат Ермекова.

Үш баласымен Түлкібастан Шымкентке көмек іздеп келген ана осылай дейді. Біз оның басындағы қиын жағдайдан көпшілікті құлағдар етуді ұйғардық.

Салтанат Ермековаға қандай да бір көмек көрсетемін дейтіндер болса, онымен 8-771-242-66-28 нөмірлі телефон арқылы байланыса алады.

Б. ҚҰРАЛБАЙ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ