«Отты Қораз» белсенді болғанды қолдайды

05.01.2017
Қаралды: 1615

Шығыс күнтізбесі бойынша 2017-жыл «Отты Қораз жылы» (немесе «Қызыл Қораз жылы») деген атқа ие болып отыр.

Сонымен, биылғы, 2017-ші, Отты Қораз жылының ерекшеліктері, оның адамдарға әсері қандай болмақ? Бұл жөнінде жұлдызшы-жорамалшылар не дейді?

Астрологтардың сипаттауынша, Отты немесе Қызыл Қораз өте белсенді, ширақ қимылдайды, көзге түсіп жүргенді ұнатады. Сондықтан бұл жылы қоғамда, өмірде өзгерістер көп болады. Адамдардың сол өзгерістерді дер кезінде түсініп, соған сай әрекет жасай білулері керек.

Бұл жылы белсенді әрекет еткендердің жолы болады. Жал­қаулыққа, керітартпалыққа жол бермеу керек. Тыным таппай, мақсатына ұмтылған жандарға береке бар. Ондай адамдарға іскерлік ұсыныс айтушылар қатары да артады. Барынша пысық, епті адамдардың бұл жылдан алары мол болмақ.

Отты Қораз сонымен қатар адамдарға «екі шоқып, бір қарайтын» сақтықты серік етуді де ескертеді. Яғни қай істе де тым асығыстыққа жол бермей, орнымен, жөнімен қимылдай білу керек.

Отты Қораз ортада әрдайым жарқырай көрініп жүргенді ұнатады. Сондықтан бұл жылы тым тұйық, бұйығы болмаған жөн. Жыл иесі өзгерістерді жақсы көреді, сондықтан жиі құлпырып, өзгеріп отырғандарға бұл жыл «оң көзімен» қарайды дейді жұлдызшылар.

Сондай-ақ Отты Қораз қатып қалған ережелерге бас ұра беруді де аса қолдамайды екен. Яғни адамның өзіне сенімі мол болуы керек, «өйтуге болмайды» деген сияқты ережелерге бой ұсынбай, өз дегенімен жүретіндерге ол көбірек жәрдем көрсетеді.

Бұл жылы адамдардың интеллектуалдық қуаты артады. Демек, Қызыл Қораз жылы шығармашылық адамдарына жайлы, табыстырақ болмақ.

Жұлдызшылар бұл жылы көптеген адамдардың өмірінде қаржылық тұрақтылық орын алады дейді. Яғни ізденіп, еңбектенген адам материалдық жағынан қысыла қоймайды. Қораздың азықты іздеп тауып жейтіні, «әйел-бала-шағасын» шақырып, тамақтандыратыны белгілі, сондықтан бұл жылы тыным таппай ізденгендер қаржылық жағдайын жақсартып ала алады, төңірегіндегілерді де тарықтырмайды.

Қысқасы, биылғы жыл иесі – Қызыл Қораздың адамдарға берері аз болмайды екен. Тек қана бір ескерер жағдай, бұл жылы денсаулыққа абай болу керек. Әсіресе жүрек-қан тамырларында, асқазан-ішек жолында, жүйке жүйесінде, іш құрылысында созылмалы ауруы барлар денсаулығына қамқорлықты күшейткендері жөн.

Р. ҚАЛТАЙ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ