Жұлдызшылар не дейді?

05.01.2017
Қаралды: 1003

Биыл – Шығыс күнтізбесі бойынша «Қызыл Қораз» жылы. Жұлдызшылардың пайымынша, өр мінезді, 

жарқын, көзге түсіп жүргенді ұнататын, мадақты сүйетін бұл құстың атын иеленген жыл өзгеше болып өтпек.

Жалпы, бұл жыл өмірлік күш-қуаты мол, белсенді, үнемі алға, қимыл-қозғалысқа ұмтылып тұратын желөкпе қораздың сипатын бейнелейді. Сондықтан да бұл жылы іс-әрекетте батыл, белсенді болған жөн, алға ұмтылу, істі қорықпай бастап, аяғына дейін жеткізу қажет, серіктестермен қарым-қатынас­ты нығайтып отыру, туыстар мен әріптестерді тыңдай, түсіне білу маңызды. Қораз мінезін ескерсек, бізге әрекетсіз отыруға болмайды. Шешімді тез қабылдайтын, жарқын істерге бейім, белсенді жандар табысқа жетеді.

Жылдың алғашқы тоқсаны 11-ақпанда болатын Айдың жартылай тұтылуы және 26-ақпандағы Күннің дөңгелек пішінді тұтылуы әсерімен өтеді. Оларды біз екі апта ішінде сезінеміз. Бұл кезде адамдар мен мемлекеттер қарым-қатынасында қиын мәселелер туындауы, сондай-ақ метеорологиялық құбылыстар бой көрсетуі мүмкін. Әсіресе бұл кездері жол үстінде абай болған, өрттен сақтануды ұмытпаған жөн.

Ауа райы құбылыстарын нәзік сезінетін адамдар жүрек-қан тамырлары мен жүйке жүйесіне қамқор болсын, олардың реніш-өкпеге, ашу-ызаға бой алдыруы жиілеуі мүмкін. Бұл әсіресе Күн мен Ай тұтылуынан кейін күш­тірек сезіледі. Ал шығармашылық адамдарының белсенділігі артады, олар жаңа жобаларды қолға алса, ұтады.

Жаңа жылдың екінші тоқсаны ретро­градты (кері жылжу) Юпитер мен директті (алға ұмтылу) Плутонның квад­ратурасы әсерімен өтеді. Бұл кезде серіктес, әріптес, туыстармен арада түсініспеушіліктер көбейеді. Сондықтан төзімді болу керек, мәселелерді келісімдер арқылы шешкен жөн.

3-ші тоқсанда Юпитер қозғалысы – директті, қарым-қатынасқа жай­лы. Бұл кезде өзін барынша көрсетуге жол ашылады.

Ал 7-тамызда Ай­дың жартылай тұтылуы және 21-тамызда Күннің толықтай тұтылуы орын алады да, бұл құбылыстар іскерлік белсенділікке, бизнестегі қарым-қатынастарға, көңіл-күйге өзіндік әсерін тигізеді. Бұл кезде ширығуға, бұған өзгелерді итермелеуге болмайды.

4-ші тоқсан Юпитер мен Ай қозғалыстарының әсерімен өтеді. Бұл кезде күтілген оқиғалардың іс жүзіне асу мүмкіндігі жоғарылайды. Бұл уақытта маңызды мәселелерді шешуге жол ашылады. Әсіресе Тоқты, Егіздер, Таразы, Суқұйғыш шоқжұлдызы белгісінде туылғандарға қолайлы. Мергендер мүмкіндіктерді пайдалана білулері керек. Торпақтар­ға қимыл-қозғалысты күшейтуге кеңес беріледі. Шаяндар алға үмітпен қарауға, Бикештер жүйке жүйесіне қам­қор болуға тиіс. Тауешкілер уақыт талабынан қалыс қалмасын, ал Балықтар өздеріне материалдық жағдайды нығайтуға берілген мүмкіндіктерді қалт жіберіп алмасын.

Міне, жұлдызшылар осылай дейді. Ендеше, мұны да есте ұстай жүргейсіздер! Пайдасы болмаса, зияны тие қоймас.

Р. ҚАЛТАЙ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ