Тауық жылдарының Қазақстанға қатысты оқиғалары

05.01.2017
Қаралды: 1333

Тарихқа көз жіберсек, Тауық жылдарында Қазақстанда мынадай оқиғалар болған екен:

1909-шы, Тауық жылында Ресей министрі Столыпиннің аграрлық реформасы негізінде Қазақстанға ондаған мың қоныс аударушылар әкелініп, қазақтың шұрайлы жерлеріне қоныстандырылыпты. Патша өкіметінің озбыр саясатына қарсы күрескен Алаш ардақтыларының бірі Ахмет Байтұрсынов осы жылы Семей түрмесіне қамалған. Кейін ол Орынборға жер аударылып, 1917-жылға дейін сонда болған.

1921-ші, Тауық жылында Қазақстанда жұт орын алған, мал қырылған. Ашаршылық салдарынан 1 миллион 500 мыңға жуық адамның өмірі қиылған.

1933-ші, Тауық жылында осының алдында екі жылға созылған ашаршылықтың салдары біртіндеп жойыла бастаған. Ал бұл ашаршылықтан 2 миллионнан аса адам қырылған. Осының алдында елімізде болған 41 миллион бас малдан 4 миллиондайы ғана аман қалған екен.

1945-ші, Тауық жылында Ұлы Отан соғысы Жеңіспен аяқталды. Ұлы Жеңіске Қазақстаннның қосқан үлесі ұшан-теңіз.

1957-ші, Тауық жылында осыдан 21 жыл бұрын басталған Қазақстанға бүтіндей ұлттарды депортациялау тоқтатылды. Осы жылы Байқоңырдан ғарышқа алғашқы зымыран ұшырылды.

1969-шы, Тауық жылы қыстың қаттылығымен есте қалды. Бұл жылы мал шаруашылығы үлкен күйзеліске ұшырады, миллиондаған бас мал қырылды.

1981-ші, Тауық жылында Қазақстан астанасы, елдің ең ірі қаласы – Алматыда 1 миллионыншы тұрғын (19-желтоқсан) өмірге келді.

1993-ші, Тауық жылында Қазақстанның төл валютасы – теңге айналымға ендірілді.

2005-ші, Тауық жылында Қазақстан халқы 15 миллион адамнан асты. Ел тұрғындарының 53 пайыздан астамын қазақ ұлтының өкілдері құрады.

Бұл жыл сондай-ақ қоғам қайраткері Заманбек Нұрқаділовтің жұмбақ жағдайда қазаға ұшырауымен де есте қалды.

...Биылғы, 2017-ші, Тауық жылы тарихымызға тек жарқын беттерін жазғай дейміз.

Н. ӘБДІ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ