Бір қораз он тауыққа жарайды екен

05.01.2017
Қаралды: 1309

Бүгінде тірі тауық сатып алғысы келетін шымкенттіктер қаланың Гагарин көшесіндегі «Жабық базарға» барады. 

Осы жерге тауық апарып сататындар бар. Ал Бақыткүл Мәсімова есімді әйел мұнда бірнеше жылдардан бері тұрақты түрде тауық алып сатумен айналысады. Біз кешегі аптада ол кісімен әңгімелесіп, тауық туралы біраз қызықты жайлар жөнінде естідік.

«Қазір менде 40 шақты тауық бар, – дейді Б.Мәсімова. –  Қыс маусымында сауда аз, күніне ары кеткенде 10 – 15 тауық сатамын. Тауық алушылар көктемнен бастап көбейеді, сонда күніне 100-ден аса тауық сататын кездер болады. Ол кезде мен саудаға 200-ден аса тауық шығара аламын.

Тауықтар күйі жақсы болса, наурыз айынан бастап балапан ашуға дайын болады. Олардың жұмыртқа басып, балапан шығаруы тамыз айына дейін, тіпті кейде қараша айына дейін жалғасады.

Күйі жақсы тауық күніне бір жұмыртқадан бере алады. Ол үшін оның жем-суы таза, құнарлы болуы керек. Бүгінде малдәрігерлік дәріханаларда тауыққа қажетті дәрі-дәрмектер көп, соларды уақтылы беріп, витамин-минералдармен жеткілікті мөлшерде қамтамасыз етіп отыру қажет. Сонда оның өнім беру мүмкіндігі артады. Әрине, бұл қоразға да байланысты.

Қораздың да мығым болуы үшін ішіп-жемі қуатты болуы керек. Азыққа негізінен бидай мен жүгері жақсы. Жағдайы жасалған қораз оншақты тауыққа жарайды».

Бақыткүл бүгінде израильдік «Яфа» тұқымдас қызыл түсті тауыққа және «Алмаатинка» деген ақ түсті тауыққа сұраныс жақсы екенін айтады. Бұлар ет-жұмыртқа бағытында өсірілетін, яғни сапалы ет пен жұмыртқа беретін тұқымдарға жатады екен.

Ұзақ жылдардан бері тауық сатумен айналысатын Б.Мәсімова бұл құстардың жай-күйін түріне бір қарап-ақ айта береді екен. «Жұмыртқа беретін тауықтың тамақ асты мен айдары қып-қызыл болып, тікірейіп тұрады, – дейді ол. – Ал азықтан қысылған, күйі нашар, дімкәс тауықтардың айдарлары босаңсып, салбырап тұрады, қуқыл тартып, ағарып кетеді».

Бүгінде «Жабық базарда» тауықтардың әр басы 1000 – 1300 теңгеден сатылуда екен. Бұл – оның бағасы барынша арзандаған тұсы. Өйткені олар қазір жұмыртқа тумайды. Бағасы көктемнен, мамыр айынан бастап қымбаттайды.

«Ол кезде тауық құны 2500 теңгеге дейін артады. Мамыр айынан бастап қораз табу қиындайды. Себебі етсіреген иелері оларды қыс бойы сойып жеп қояды. Сондықтан көктемде қораздың қадірі артады», – дейді Бақыткүл.

...Ал бүгінде сауда нүктелерінде тауық жұмыртқасының құны артып тұр. Оның бір данасының бағасы қазір 30 – 35 теңгеден сатылуда.

Т. ТҰРАН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ