Өз өміріңді бауырларыңа арнаған дұрыс па?

27.12.2016
Қаралды: 1767

Байқасам, үйдің үлкені болу кейінгі тағдырыңа зор ықпалын тигізеді екен. Тез есейесің, ата-анаң сен тиісті болмасаң да өзіңнен кейінгі бауырларыңа 

бас-көз болуды миыңа құйып қояды. Былай қарағанда, бауырға қамқор болу заңды сияқты. Бірақ ол жеке өміріңе айтарлықтай кері әсерін тигізуі де мүмкін екен.

Мен де үйдің үлкенімін. Өзімнен кейінгі екі інім мен сіңілімді жетектеумен келемін. Кейде ата-анамның міндеттерінің көп бөлігін өзіме алып алғандай боламын немесе мұны олар маған еріксіз артып қойғандай көрінеді. Бұл көптеген «үлкендердің» басындағы жағдай екенін біліп отырмын.

Бала кезде әке-шешеміз қонаққа кетсе, бауырларымды бағып қалу менің мойнымда болатын. Тіпті үш-төрт жасымда-ақ бесіктегі інімді бағып қалатын кездерім болған. Кейін мектепке ертіп апару, сабағын қадағалау, киімін жуу деген сияқты жұмыстар қосылады. Олар бұзықтық жасап қойса, таяқ бірінші үлкенге тиетін. Өзіңнің іс-әрекетің былай тұрсын, бауырларыңның тәртіпсіздіктері үшін жазаға тартыласың.

Отбасылы болсаң да бауырларыңның өмірін түзу жолға салып әуресің. Киім-кешегін әперіп, қиын мәселелерін шешумен айналысып жүргенде күйеуіңе көңіл бөлу жеткіліксіз болып қалады. Әрі-беріден кейін еріксіз түрде күйеуіңді де бауырларыңның мәселесін шешуге мәжбүрлейсің. Ал мұндай кезде өзің пәтерде тұрсаң, тіпті де қиын.

Ақырында оларды өзің ойлаған биікке жеткізе алмай жүйкелейсің. Ал мұндайда өзін адам құрлы көрмейтіндей сезінген күйеуің жан жылуын басқа жақтан іздейді. Ішкі күйзелісін ақтарып айта алмағасын ішіп келіп, миыңды жейді.

Бауырларың да өз беттерінше шаңырақ құрады. Енді оларды әйел, бала-шағаларымен қосып сүйрейсің. Тіркемелер көбейген сайын жүгің ауырлап, әлгі діттеген межеге жету тіпті қиындай береді. Ол екі ортада өзің тәрбиелеген балапандарға да тіл бітеді. Енді олар өздері саған өмір сүруді үйретеді. Сөйтіп көзқарастар жарылады, жолдар айырылады, шаңырақ шайқалады, кейде тіпті ошақтың оты өшіп тынады. Ең соңында бала кездегідей бәріне өзің кінәлі болып қала бересің. Ал шындығында кім кінәлі?

 Қазір өзіміз де ата-ана болдық. Үлкен ұлға бауырларыңа қамқор бол дегенді жиі айтамыз. Иә, қамқор болу керек. Бірақ қамқор болу деген сөз бауырлардың бар мәселесін шешіп беру, міндеттерін орындау деген сөз емес. Осыны ұмытпаңыз!

 Әр бала өз іс-әрекеті үшін өзі жауап беруі керек. Әйтпесе үлкені өзінен кейінгілер үшін өзін кінәлі санайтын, ал кейінгілері жауапкершілікті сезінбейтін болады. Ал мұндай ара-қатынас бауырларды жақындатпайды, керісінше, алауыз­дыққа апарып соғады.

 Көп адамдар қазақшылыққа салынып, өзгелерге «жоқ» деп айта алмайды. Негізі қолдан келмей тұрса, босқа жүйкені тоздырмай, «жоқ» деп айтып үйрену керек.

 Қазақ «Шыққан қыз шиден тысқары» дейді. Дегенмен көп жағдайда төркіннің шаруаларын мойнына артып қояды. Бұл қыздың отбасына нұқсан келтіруі әбден мүмкін. Сондықтан балаларыңызды жастайынан өз ісіне жауапкершілікпен қарауға баулыңыз. Ал қызыңыз тұрмысқа шықты ма, онда оны болмашы проблемалармен мазаламаңыз.

Асылзат.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ