Кешке қарай қазы жеп, қымыз ішіп жату керек

27.12.2016
Қаралды: 2840

Менің осындай қорытындыға өз өмірінде 9 әйел алып, одан 33 ұл, 20 қыз көрген ұлы атамыз Сатый батыр Жәйілмісұлының өмірбаяны мен тарихын зерттегенімде көзім жетті.

Сатый атамыз – қазақ әскерінің шешуші шайқастарда жоңғарларды ойсырата жеңіп, тас-талқанын шығарып, жерімізді жаулардан тазартқан кезеңінде өмір сүрген жүрек жұтқан батыр, жекпе-жектерде бір жеңілмеген, аты аңызға айналған ұлт перзенті. Ол кісі туралы мына әңгіме ел арасында кең таралған.

Қолбасшы Жарылғап Қожакелдіұлы Қабанбай батырмен Оңтүстік өңірді хиуалықтардан азат етуге аттанады. Сол сәтті пайдаланған қалмақтар кенеттен оның еліне шабуыл жасайды. Сонда 18-дегі жас жігіт Сатый ерліктің үлгісін көрсетеді. Ол қалмақтың батырын жекпе-жекте ат үстінен құлатып, ата жауға қарсы соғысты өзі бастап, жеңіске қол жеткізеді. Жорықтан оралған Жарылғап батыр Сатыйға өте риза болып, алмас қылышы мен астындағы қазанат тұқымды тұлпарын сыйлаған екен.

Әр аймақта сол өлкенің тарихын ерінбей-жалықпай зерттеп, халық арасындағы аңызға айналған әңгімелерді теріп, қағазға түсіріп, реті келгенде майын тамызып айта алатын ағайындар бар. Солардың бірі – Тоқан аға:

– Сәдібек, Ертуған ағамыз туралы, оның еркектік күшінің кереметтігін кітабыңда жақсы жаздың. Ал 9 әйел алып, 53 бала тудырған Сатый атаң туралы неге жазбайсың? – деп сұрады.

(Автордан: Ертуған аға – «Ертуған» атты повесімнің бас кейіпкері, өмірде болған адам. Төлеген Тоқтаровпен Москваны қорғауға қатысқан жауынгер қазақ. Оның аты еркектік конституциясының мықтылығымен шыққан. Оның еркектік мүшесі аттың мойнына ілінетін ауыр қамыт пен қайыңнан иіліп жасалған доғаны бірдей көтеретін халде болған. Ертуған ағаның бір өзі жаз жайлауда жылқы бағып жүріп, соғыста күйеулерінен айырылған үш ауданның жесір әйелдерінің алпыс екі тамырларын жібітіп, иінін қандырып, көздерін ашып, мауқын басқан. Соғыста қолы қалт еткенде орыстың жесірлерін риза қылған. «Ертуған» кітабын «Фолиант» баспасы үш рет басып шығарды. Іздесеңіздер, сол баспадан тауып аласыздар.)

– Әрине, жазуға болады. Ол үшін оның тарихынан мәлімет керек, – деп жауап қаттым.

– Онда тыңда, – деп Тоқан аға әңгімесін бастады. – Атамыз тоғыз келіншекке әйелжанды болып үйленген жоқ. Қазақ – жесірін тастамаған, жетімін жылатпаған халық. Осы Ұлы Дала заңымен ауыл ақсақалдары ерлері майданда мерт болған жесірлерді ал деп оған айтып отырған. Ол өз кезегінде үлкендердің айтқандарын бұлжытпай орындап отырған. Әсте бұл жерде мәселе бірнеше әйелдерге үйленуде емес, соларды еркек болып игеріп, көп бала таптыртуда ғой. Оның екі сыры бар. Біріншісі – жейтін тамақ пен ішетін сусын. Екіншісі – бұзылмайтын кесте-график. Атамыз әр күнін, бір түнін бір әйеліне арнайды екен. Тоғызына тоғыз түнейді. Өз кезегінде жаңағы тоғыз әйел бірімен-бірі жарысып атамызға тамақ дайындайды. Сондағы ең күшті тағам – қазы мен қымыз екен. Қазыдан кертіп жеп, қымыздан ұрттап ішкен атамыз кішкене Сатыйларды жасай берген, жасай берген. Менің мұны айтып тұрғаным, соңғы жылдары денсаулық саласының мамандары қазақ жігіттері әлсізденіп барады, олардың 30 пайызы белсіздік дертіне шалдыққан деп дабыл қағуда. Дұрыс айтады. Бұл сырқат бағзы заманнан біздің генофондымыз қалайтын қазыны жеп, қымызды ішпегендіктен болып тұрғаны анық. Сондықтан жас келіндер күйеулеріне кешке жатардың алдында міндетті түрде қазы жегізіп, қымызды сіміртіп отырулары керек. Сонда сөзсіз қарадомалақтар қаптайды, қазақтың саны өсіп, сапасы артады.

...Тоқан ағам әңгімесін осылай деп аяқтады. Менің қосарым, қорытынды шешімді әрқайсыңыз өздеріңіз жасаңыздар.

Сәдібек ТҮГЕЛ.

 «Отаутүскен» ауылы.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ