Әйелдер шашын не үшін жаятын болған?

27.12.2016
Қаралды: 1611

Қазақ, көнеден қыздарын аялап, ардақтай білген. Қыз тәрбиесіне ерекше мән беріп, «өрісім» деп қараған. 

«Қазақ әйелі» дегенде, тәні мен жан сұлулығы жарасымын тапқан, парасаты мен пайымы үйлескен әдемілік көз алдымызға келері сөзсіз. «Әйел көркі – шаш» мақалы бүгінгі қоғамда өз мәртебесіне ие ме? Арудың бұрымына деген көзқарас қандай деңгейде?

Көнеде, қаһарынан жер тітіреген батырды матап-байлауға жас арудың бір тал шашы жеткілікті болғанына тарих куә. 

Білектей арқасында өрген бұрым,

Шолпысы сылдыр қағып жүрсе ақырын.

Кәмшат бөрік, ақ тамақ, қара қасты,

Сұлу қыздың көріп пе ең, мұндай түрін?!  – деп, Абай атамыз тәнті болған сұлулықты бүгінгі біздер сақтай алдық па?

Қазақ жастары аса еліктегіштігімен алға түсіп кетіп жатқаны жасырын емес. «Сұлулық деген – осы» деп, қолаң шаштарын жалбырата жайып тастап, не, «имандылық дегеніміз – осы» деп, орамалмен тұмшалап тастап жатқаны. Көнеден мирас боп келген дәстүрлі сұлулығымызға ие болуға не кедергі?

«Аққу мойын, алма мойын, қос бұрымы құла белге төгілген, қыпша бел, қиылған қас, қолаң шашты...» сөздері сан ғасырлар бойы сұлулықты суреттеуде  тілге тиек болды. Иманымызды сақтай отырып, қос бұрымның сұлулығын неге паш етпеске? Керісінше, жөнімен таралмаған шашты, «мода» деп, арқамызға жайып тастай салатынымыз қалай? Мұны біз «Жар­қын күннің еркіндігі» деуге саятын болармыз. Жөнімен бе?

Еркін сезінуді атам қазақ ежелден қыз баланың бойына сіңдіріп отырған. Қыз баланың, жалпы әйел затының жасық, именшек болғанынан гөрі – еркін, өжет, парасат, қайсар сияқты қасиеттерін жоғары бағалап, қолпаштап отырған. Айтулы Нарқыз, Томирис сияқты аналарымыздың тарихта қалуы, бабалардың әйел затына деген құрметінен туындаған.

Қайсыбір қисса, поэма, жыр жолдарына үңілсек, қыздардың шашына байланысты сан алуан баламаларды кездестіреміз. Әсіресе, шашқа байланысты ырым-тыйым қаншама?! «Шашыңды қиғаның – бағыңды қиғаның» деумен қатаң қадағалап, «бұрымды шаш – абыройың» деп, қыз баланы жастайынан шаш күтіміне тәрбиелеген. Бұрымына шашбау тағып, бойын тіктеуге үйреткен. Тіпті үй төңірегінде емін-еркін әңгімелесіп отырғандар, құлағына шашбаудың сылдыры естілсе, «қыз келе жатыр» десіп, анайы сөзден тыйылған.

Міне, тәрбие түбі қайда жатыр?! Ақындардың қиялын қалықтатқан, маржан жырын дестелете төктірген, батырлардың тізелерін бүктірген ару бұрымы қазіргі қоғамда өз қасиетіне лайық па? Көнеде әйелге байланысты ауыр жазаның бірі – шашын келтелете кесіп тастау болған.

Бүгінде, жаңа заманның келбетіне айналған шаш қию сәніне тыйым салу мүмкін емес, әрине. Десе де, табиғат сыйлаған шашты көркем ете көрсетуге кім қарсы? Алысқа бармай-ақ, ХХ-шы ғасыр басында қыз баласы шашымен құнды болған. Шашы келте қызға күмәнмен қараған. «Ақ үйден бір қыз шықты көзі күлген, Шаштарын он күн тарап, бес күн өрген...» деген алдыңғы буын ағалардан жеткен әсем ән қыздарымыздың шаш өру салтанатына деген тәнтіліктен туындаған.

Шаш жаю ше? Көшеде келте шашты былай қойғанда, ұзын шашын жайып бара жатқан бойжеткеннен көз сүрінеді. Баяғы заманда шаңырағының тірегі – ерінен, арқа сүйенер азаматынан айырылған әйелдер шашын жайып жоқтау айтқанын бүгінгі жастар біле ме? Егер білсе неге шаш жаюға құмар?  Бәлкім, жаңа заманның шаш өру сәні жолға қойылмай отыр ма екен? Мектеп жасынан бастап шаш өру мәдениетін қолға алсақ, аруларымыз шаш қадірін ұғып, қасиетін ардақтап өсері сөзсіз. Ол – сіздер мен біздердің қолымыз. Атсалысайық, ағайын!  

Үкі АЛАШ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ