1-қаңтарды тойламайтын елдер бар

27.12.2016
Қаралды: 2489

Қолданыстағы Григорий күнтізбесі бойынша алдағы 1-қаңтарда жаңа, 2017-жыл тарих табалдырығын аттайды. 

Бұл күнді жыл басы деп бүкіл әлемнің, тіпті Африка халықтарының да мейрамдайтыны белгілі. Яғни осы бір мереке әлемнің барлық түкпіріне дерлік таралған. Дегенмен 1-қаңтарды жыл басы деп ресми тойламайтын елдер де жоқ емес.

Мысалы, іргеміздегі Қытайда 2017-жылдың алғашқы күні онда қолданылатын Ай-Күн (Шығыс) күнтізбесі бойынша 28-қаңтарға тура келеді. Ол «Чун Цзе», яғни «Көктем мерекесі» деп аталады. Оларда дәл осы күні жаңа, 4715-жыл басталады. Жаңа жылды мерекелеу 15 күн бойы жалғасады, сөйтіп ол келесі, ақпан айының алғашқы онкүндігін қоса қамтиды. Ішінара 1-қаңтарды атап өтетіндер де бар, оған қатаң тиым салынбаған.

Ал Иран үшін жыл басы – 22-наурыз. (Парсыларда көктемнің бұл айы «Фавардин» деп аталады). 2017-жылы 22-наурызда парсы күнтізбесі бойынша 1396-жыл басталады.

Үндістанның 1957-жылғы 22-нау­рызда қабылданған  ортақ күнтізбесі бойынша да Жаңа жыл 22-наурызда басталады. Үндістанда бұл күн – 1-чайнтра. Ал 1-қаңтар оларда жұмыс күні.

Израильде алдағы жаңа жыл 22-қыркүйекте «келеді». Иудей күнтізбесі бойынша бұл күн – 1-тишрей. Оны «Рош Ха-Шана» деп атайды. Иудейлер 5778-жылды қарсы алады. Еврейлер үшін аптаның сенбісі қасиетті күн саналады, егер оған тура келіп қалмаса олар үшін 1-қаңтар – қатардағы жұмыс күні.

Ал Сауд Арабиясында 1-қаңтарды жыл басы деп мерекелеуге тіпті тиым салынған. Мұсылман күнтізбесі бойынша жыл басы 1-мұхаррамда басталады. Яғни Ай күнтізбесінің қазіргі тұтыныстағы Григорий күнтізбесінен оншақты күн айырмасы бар, сондықтан 1-мұхаррам да осынша күнге жылжып келіп отырады. Алдағы 2017-жылдың 21-қыркүйек күні (1-мұхаррам) Хижра жыл санағы бойынша 1439-жыл бас­талады.

...Міне, әлемде осындай да қызықтар бар. Ал біздің елде 1-қаңтар да, 22-наурыз да Жыл басы деп тойлана береді. Жалпы, мұның зияны жоқ сияқты.

Н. ӘБДІ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ