Нағыз үнді шайын ішкім келіп жүр

27.12.2016
Қаралды: 1540

Шымкенттегі «Спорт» шағын ауданында орналас­қан біздің «Байназар» деп аталатын дүкенімізге биыл шетел азаматтары көптеп келе бастады. 

Өздері орысша да, қазақша да білмейді. Қолдарында «Қазақ-ағылшын сөздігі» бар. Керек сөздерді соған қарап тауып алады. Жуырда дүкендегі сатушылардың бірі Назерке деген қызды тілмәш етіп, соларды әңгімеге тартудың сәті түсті.

Сондағы білгеніміз, олар Үндістаннан келген студенттер екен. Бұдан кейін маған неге бұлар Қазақстанға келіп оқып жүр деген ой келе бастады. Менің сұрағымның бәріне Чантач есімді біреуі жауап берді.

«Бізде оқу ақысы өте қымбат, – деді ол. – Бес жылға 75 мың АҚШ долларын төлеуіміз керек. Ал Қазақстанда біз осынша уақытқа 17.500 доллар төлейміз. Қырықтан аса студент бармыз. Олардың көпшілігі – дәрігерлік мамандықты таңдағандар. Жатақхана үшін жылына қосымша тағы 600 доллардан береміз».

Сөздеріне қарағанда, бұлар Үндістанның әр қаласынан екен. Араларында Дели, Бомбей, Гейпур деген қаладан келгендер көп. Жүріс-тұрысы, алатын заттарына қарағанда, ауқатты отбасыдан шыққандар болуы әбден мүмкін. Себебі бізге тапсырыспен бағасы 600 теңгелік «Рейчман» деген темекіні алдыртып шегеді. 

Олар жылқы мен сиыр етін мүлде жемейді. Алатындары – балық пен тауықтың еті. Арасында ешкінің етін пайдаланады екен. Біздегі жастар секілді «Фанта», «Кола» сұрамайды. Сүт өнімдерін көбірек қолданады. Шай ішіңдер деп бір қорап үнді шайын бергенімде мұндай сапасыз шайды бізде ішпейді деп тегін берсем де алмай қойды. Демалысқа барғанда сізге нағыз үнді шайын әкеліп беремін, ішсеңіз дәмі таңдайыңыздан кетпейді дегенде біз сонда не ішіп жүрміз деп өзім ыңғайсыз жағдайда қалдым.

Біздің бес теңге олардың бір рупиына тең екен. Үйіндегілер банк арқылы аударып отыратындықтан олар қаражаттан қиналмайтынын білдірді. Тағы бір таңқалғаным, Үндістанда азық-түліктің бағасы бізге қарағанда сәл болса да арзандау секілді. Мысалы, 1 литр сүт пен 1 келі шекер 200 теңгеден сатылса, негізгі қоры сырттан тасымалданатын жоғарғы сортты ұнның 1 келісі 100-ақ теңге екен.

Үндістан – халқының көптігі жөнінен дүние жүзінде екінші орында. Бір миллиардтан аса халқы бар мемлекеттің жер көлемі де біздің елмен шамалас. Бірақ оларда әр үйде 2-3 баладан кем болмайтынын естігенде жағамызды ұстадық.

Ағылшын тілінде дәріс алатындықтан оларға қазақ пен орыс тілі керек емес. Қазақстанда жасап жатқандықтан әзірге «Сау болыңыз», «Саламатсыз ба?», «Қайырлы түн» деген сөздерді ғана жаттаған. 

Олар шетелде жүрсе де өздерінің тілінде сөйлеп жүр, ал неге біз өз елімізде тұрып басқа тілде сөйлеуге әуес болып алдық?

Сәбит ТӨЛЕНДИЕВ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ