Олар ата-анасына салмақ салмайды

27.12.2016
Қаралды: 1649

«Замананың» өткен нөміріндегі «Ақылы бөлімде оқып, ақымақ болғанын айтады» деген тақырыппен шыққан мақала талай адамға ой салған болар. 

Онда жоғары оқу орындарының бірінде ақылы бөлімде оқыған бойжеткен өзінің басынан өткен жайлар туралы айтыпты. Жалпы, бүгінде қаржылық қиындық студенттерді айналып өтіп жатқан жоқ. Бұдан өз бетінше жол тауып шығып жүрген жастардың әрекетіне де риза боласың.

Гүлдана Бекбаева, студент: – Осы жылдың қыркүйек айынан бастап Түркістанда құрылған әншілер тобына кастинг арқылы қабылдандым. Сабақтан тыс уақыттарды дайындыққа арнаймын. Бастапқыда 2000 теңгеден аламыз әр тойға. Тапсырысқа байланысты ақы көбейеді. Бұл өзіме де, ата-анама да көмек. Бір жағынан тәжірибе жинаймын деп концерттік іс-шараларға қатысып тұрамын. Қазіргі таңда барлығы қымбаттағандықтан табысым жетпей жатады. Осы уақытқа дейін ата-анама мынанша ақша жіберіңіз деп талап қоймаппын. Жібергенін үнемдеп үйренгендіктен өзімнің табысымды да үнемдеп жаратуға тырысамын. Тапсырыс қай күнге түссе, сол күні барып, әнімізді айтып, тойға жиналған жандардың разылығын алып, билетіп қайтамыз. Аллаға шүкір, сабаққа да, ән жаздыруға да, той тапсырыстарына шығып та үлгеріп жүрмін.

Сандуғаш Тұрсынбаева, Халықаралық қазақ-түрік университетінің 1-курс студенті: – Мен сабақтан тыс уақытта тойханаларда «Битұмар» би тобында өнер көрсетемін. Той жазда көп болғандықтан күніге шығатынбыз. Бір күнде бес-алты тойға барған кездеріміз болған.  Топта билеп жүргеніме үш-төрт ай болып қалды. Биге қатысатын көрші құрбым бар еді, сол топқа қыз керек болып жатыр деп шақырды. Содан барып, үйрендім. Қалай биге шықтым, солай ата-анамнан ақша сұрауды қойдым. Өз табысым өзіме жетеді. Бір тойдан кемінде екі мың теңге көлемінде алып қайтамыз. Бірақ қазір тойлар сирек болып жатыр.

Меруерт Тәжібекова, 3 курс студенті: – Бірінші курс­та тойханаларда «официантка» болып жұмыс істедім. Бұрын-соңды жұмыс істемегендіктен үйренісіп кету оңай болмады. Той біткесін ақшамызды, тойдан сарқыт алып  қайтамыз. Шаршап, аяқ-қолымыз талып, бөлмеге келіп құлайтынбыз. Сондағы алатынымыз – 800 теңге. Кейін жатақхананың асханасында сатушы болып істедім. Ол кезде жұмыс сабақтан тыс уақытта, кешкі сағат 6-дан түнгі 12-ге дейін еді. Ол жерде берілетін ақша – 500 теңге. Күнделікті жүріп-тұрғанымызға жететін. Жазғы демалыс­та ата-анама салмақ салмай, өз киімімнің ақшасын өзім табайын деген оймен екі айдай университеттің талапкерлерді қабылдау бөлімінде жұмыс істедім. Жатақхана ақысы мен киіміме жететіндей қаржы жинадым. Қазір тұрмыстамын. Бір қызым бар.

Балнұр Бекова, «Еуразия» Ұлттық университетінің магис­транты: – Мен 1992-жылы Түркістан қаласында дүниеге келгенмін. Қазір Астана қаласының тұрғынымын. Тұрмыстамын. «Еуразия» универ­ситетінің бакалавриатында оқып жүргенімде кафелерде даяшы болып жұмыс істеген едім. Бір жағынан орыс тілін жақсы деңгейде меңгердім, көпшілікпен араласуды үйрендім. Қазір магистратурада оқимын, мамандығым бойынша жұмыс істеп жүрмін.

...Міне, біз әңгімеге тартқан жастар осылай дейді. Ал сен қалай күн көріп жүрсің, жас дос?

Сұхбаттасқан – Гүлдар МАХАНБЕТ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ